Кино: тәрбие ме, табыс көзі ме?

Атақты АҚШ режиссері, Орсон Уэллс «Кино – бұл әлемдегі ең жақсы пойыз. Ол сені кез келген бағытқа, кез келген дәуірге алып бара алады» десе, қазақтың аймаңдай ұлы Шәкен Айманов: «Кино – халықтың рухани айнасы» деп баға берген болатын. Мейлі, қай кезеңде болсын кино ұлттық сана мен мәдениетті көтерудің басты құралы екені ақиқат. Ал Бурабайда өткен құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та кино өндірісінде сапаға мән беру керектігін айтып, фильмдер негізінен жеке қаржыға түсірілуде, сондықтан оларды кинотеатрға шығармас бұрын алдын ала сүзгіден өткізу қажет екендігін ескерткен.
Шынында да бұл мәселе туралы қоғамда түрлі сын-пікір көп. Әсіресе, мәдениет жанашырлары мен руханият жоқтаушылары киноның ұлттық идеология екенін айтып ертеден-ақ дабыл қағып келеді. Бұл туралы ақын, журналист, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан да Премьер-министр Олжас Бектеновке кино саласы туралы депутаттық сауал жолдап, қазіргі кино саласының қантамырындағы вируспен күресуді дер кезінде қолға алайық деп дабыл қаққан.
«Кино – идеология, кино – саясат, кино, керек десеңіз, ұлттың қауіпсіздігі. Дәл осы найзағайдың отына нан пісіріп жатқан кезеңде кино бірінші кезекте бизнес емес, өнер, ұлттық ұстаным миссиясын атқару керек. Сондықтан режиссерлер мен сценаристер ең әуелі кинофестивальдардан сыйлық алуды емес, киноның ұлтқа әкелер пайдасын, ұрпаққа берер тәлімін көбірек ойлағаны лазым. Тіпті, бала-шағамызбен қатар отырып фильм көрсең, бетіңнен отың шығып кірерге тесік таппайсың. Анайы эпизодтар мен сүйегіңнен өтетін бейпіл диалогтар, шұп-шұбар тіл, атыс-шабыс, жадағай жаргон сөздер, одан қалса әр жерден ұрлап-жырлап, көшіріп алған инкубатор-фильмдер. Керек десеңіз, мұндай теріс имидж тудыратын фильмдер ақыл-есі түзу жұрттың ашуын туғызуда. Ең қиыны, қатаң сүзгінің жоқтығынан қазақтың көркем де шұрайлы тілі күйреп жатыр. Экран мен эфирде көшенің тілі үстемдік ала бастады» деп айтқан мәжілісімен «Кинематография туралы» заңды қатаңдату бағытында бірлесіп жұмыс істеуге әзір екендіктерін айтып, ұлттық киноны өркендету жолындағы өз ұсынысын да ортаға салған болатын.
Қазақ киносы қай деңгейде?
Жалпы, кино – авторлық, коммерциялық, тарихи, патриоттық және фантастикалық, драмалық, анимациялық деген сияқты бірнеше бағытқа бөлінеді. Әр жанр өз көрерменін тартуды көздейді. Яғни, авторлық кино адамның ішкі дүниесін, ұлттық болмысты, философияны көрсетсе, коммерциялық кино кең аудиторияға арналған жеңіл сюжеттер мен әзілдерді ұсынады. Қазақ киносы халықаралық деңгейде танымал болуға ұмтылып, бірақ әлі бәсекеге қабілетті емес, ал әлемдік кино технология мен инклюзивтілікке бағытталып, жаңа идеялар мен қысқа форматтарды іздестіріп жатыр. Соңғы онжылдықта қазақ киносы айтарлықтай жаңарды. Бұрынғы кеңестік шаблондардан арылып, ұлттық ерекшелікті, тарихи оқиғаларды, қазіргі қоғамдағы түйткілдерді көрсететін авторлық және коммерциялық фильмдер көбеюде.
Айталық, Сент-Эндрюс халықаралық кинофестивалі (Шотландия, 2022): Бас жүлдені Meta Film Fest (Дубай, 2022): «Үздік фильм» номинациясын иеленген «Мұқағали» фильмі, Шанхай халықаралық кинофестивалі (Қытай, 2024): «Үздік фильм» және басты рөлді сомдаған Амира Омарова «Үздік актриса» жүлделеріне ие болған «Талақ» фильмі, Cinema Heritage фестивалінде (Франция, 2024): Арнайы жүлдеге ие болып, Baku International Film Festival (Әзербайжан, 2024): Бас жүлдені жеңіп алған «Бауырына салу» фильмі біздің ұлттық кинодағы бәсімізді жоғарылатты. Кеше ғана Халықаралық Шығыс Европа кино фестивалінде каскадер, режиссер, һәм актер Қаратүрік Ғалымбектің «Тұтылған жарық» туындысы ең үздік қысқа метражды фильм жүлдесін ұтып алды. Дейтұрғанмен, бұл біздің кино саламыздың дамып кеткендігінің көрінісі емес. Режиссерлерімізді ұлттық идеологияны түзетудің орнына бұзатын, жастарды жақсылыққа емес, жеңіл күлкіге тәрбиелейтін кинолардың көбейіп кетуі алаңдатады.
– Кино – қашан қай кезеңде болмасын, ең алдымен, идеология мен тәрбие құралы. Ол ұрпаққа ой салып, ұлттық болмысты танытып, санаға әсер ететін күшке ие. Сонымен қатар, кино – синтезді өнер, онда драматургия, режиссура, актерлік шеберлік, музыка, сурет сияқты бірнеше салалар тоғысады.
Бүгінде өкінішке қарай, қаржы басты орынға шығып, кино табыс көзіне айналып кеткен. Бірақ бұл киноның тәрбиелік, идеологиялық маңызы жойылды деген сөз емес. Кино – халықтың тілі мен дәстүрін сақтайтын соңғы мүмкіндігі. Сондықтан оның бойында халықтың музыкасы, салт-дәстүрі, тілі мен ділі, тіпті ұлттық код деп аталатын құндылықтардың бәрі орын табуы тиіс. Өйткені өзге өнер түрлері ұмытылып бара жатқан заманда, тіл мен дәстүрдің соңғы панасы – көбіне экран, яғни кино болып отыр. Тілдің құдіреті мен құнары да кино арқылы ғана көрерменмен қайта қауышуы мүмкін.
Ал бүгінде кино саласында жүрген кейбір адамдардың кітап бетін ашпағаны, білімге құлықсыздығы, ой-өрісінің тарлығы, көрерменді сыйламауы – елдің рухани дамуына кері әсер ететін факторлардың бірі. Екі-үш сериал көріп, бір сценарий жазып шыққан адам бірден өзін режиссер, продюсер санап, үлкен экранға жол тартып жатады. Бірақ олардың жасап жүрген дүниесі шынайы кино емес. Сапасыз, арзан күлкіге құрылған, көркемдік деңгейі төмен фильмдер көрерменге қиянат жасап, рухани кеңістікті улайды. Сондықтан кино түсіретін адам тек маман емес, зиялы, білімді, мәдениет пен тарихты білетін тұлға болуы тиіс.
Шалағайлар араласа ма?
Кәсіби емес, шалағай адамдардың кино саласына араласуы – ұлттық мәдениетіміздің ақырзаманы. Мұндай ахуалды түзетудің жолы – киноны қатаң сүзгіден өткізу. Әр фильм Мәдениет министрлігінің және тәуелсіз көркемдік кеңестің мақұлдауынан өтуі қажет. Сонда ғана сапа артып, көрермен талғамы өседі. Сайып келгенде, «әннің де естісі бар, есері бар» деп Абай айтқандай, бүгінгі таңда «Киноның да естісі есері бар, көрерменнің көкейін тесері бар» дейді кинорежиссер, кинодраматург, Казақстанның халық әртісі Талғат Теменов.
Кейбір режиссерлер ұлттық кино дегеніміз ұлттық шапан киіп алып, атқа міну емес. Қазіргі таңда қазақ киносы біртіндеп дамып келе жатыр деген пікірде.
– Қазіргі таңда ұлттық киноны екі бағытта қарастыру қажет. Бірі – коммерциялық бағыт, екіншісі – идеологиялық-ұлттық бағыт. Бұл екеуін ажырату – бүгінгі кинематографияның болашағын дұрыс бағдарлаудың бірден-бір жолы. Коммерциялық бағыттағы кино – бұл, ең алдымен, табыс табуға бағытталған өнім. Онда негізгі мақсат – көрермен тарту, кассалық табысқа қол жеткізу. Сондықтан мұндай кинолардан ұлттық тәрбие мен рухани мазмұнды іздеу артық. Себебі оның басты мақсаты – тәрбие емес, қаржылық қайтарым. Бұл – өндірістік процестің бір түрі. Әрине, көрерменді қызықтырып, көңілін көтеру үшін мұндай дүниелердің де қажеттігі бар шығар. Бірақ оны ұлттық кино деп атау – қателік. Сондықтан кейінгі жылдары жарық көріп жатқан көптеген кинолардан ұлттық бағыттағы идеологияны іздеп әуре болудың қажеті жоқ. Себебі оларда ұлттық киноның басты критерийлері – ұлттық психология, рухани тереңдік, тілдің құнары, діл мен дәстүр жетіспейді. Біз кейде атқа мінген кейіпкерді, қазақы шапан киген образды көріп, «міне, ұлттық кино» деп қабылдай саламыз. Бірақ бұл – ұлттық киноның сыртқы көрінісі ғана. Шынайы ұлттық кино – ұлттың қан тамырында бүлкілдеген рухты, ғасырлар бойы қалыптасқан болмысты бейнелей алуы керек. Мұндай терең дүниені жасау тек кәсіби, жан-жақты білімді, рухани деңгейі биік режиссерлердің ғана қолынан келеді. Алайда бұған қарап, қазіргі қазақ киносының деңгейін жоққа шығару – әділетсіздік. Әрине, кинолардың көпшілігі коммерциялық бағытта түсірілуде. Бірақ соның өзінде қазақ киносы жыл сайын өсіп келеді, көрерменге жол тартқан фильмдердің саны артуда. Бұл – қуанарлық жағдай. Алайда өкінішке қарай, сол фильмдердің тілдік сапасын, идеялық бағытын, тәрбиелік мазмұнын сүзгіден өткізетін арнайы мекеме немесе комиссия жоқтың қасы. Сондықтан жоғарыдан бақылау, кәсіби сараптама, мәдени сүзгі орнату – уақыт талабы. Кәсіпқойлық жағынан алғанда, кейбір режиссерлер көркемдік талаптан жиі сүрінеді. Десе де, мемлекет қолдауымен түсіріліп жатқан кәсіби жобалардың деңгейі жылдан жылға жақсарып келеді. Мұны жоққа шығаруға болмайды. Бір фильмнің жарыққа шығуына қаншама еңбек жұмсалатыны, оның сценарийі қаншама мәрте өзгеріп, режиссерлік шешім қанша рет пісіп-жетілетіні оны көріп отырған адам түсіне бермейді. Сондықтан сол қиындыққа қарамастан сапалы дүние жасап жүрген азаматтарға қарап шынымен тәнті боласың.
Бір сөзбен айтқанда, қазақ киносы – бәйтерек секілді. Қазір ол көктеп келеді. Тамыры тереңдеп, жапырағы жайылып, алда жайқалып өсетініне сенім бар. Бірақ сол бәйтеректің дұрыс суарылуы, арамшөптен арылтылуы, уақытылы күтілуі – біздің міндетіміз. Яғни қазақ киносына да мемлекеттік тұрғыдан жүйелі қамқорлық пен жауапкершілік қажет.
Ұлттық кино ұпайы қандай?
Сонымен қатар, «ұлттық кино» тек тарихи туынды болуы шарт деген жаңсақ пікірден арылу керек. «Қыз Жібек» фильмі түсірілген дәуір мен қазіргі қоғамның әлеуметтік жағдайы мен психологиясы – екі бөлек дүние. Әр режиссер өзінің заманын, дәуірінің үні мен болмысын көрсетуге тырысады. Бұл – заңды. Тек сол заманауи тақырыптардың өзінде де ұлттық идея мен рухани тереңдік болуы шарт. Ал жеңіл әзілге, арзан күлкіге құрылған комедиялар көрермен тарапынан кең сұранысқа ие болуы – көбіне көрермен талғамының деңгейінен де хабар береді. Халық өзі барып көріп, өзі тұтынып отырған өнімді кінәлай берудің де реті жоқ. Бірақ бұл жағдай мемлекеттік қадағалаудың жоқтығынан болып отырғанын да ашық айту керек. «Өз ақшасына түсірді, өзі біледі» деген ұстаным – кинода жүретін қағида болмауы тиіс, – дейді кинорежиссер, «Глобус» атты көркемфильмнің авторы Дәулетжан Махмұт.
Ал биылғы кино саласының жаңалығына келсек, Қазақстан кинотеатрларындағы соңғы аптада ең көп табыс әкелген фильмдер жанрлары бойынша әртүрлі болғанымен, олардың көпшілігі комедия, фантастика және триллер жанрларында түсірілген. Бұл жанрлар көрермендерді өзіне тартып, жоғары кассалық табыстарға қол жеткізген. Отандық және шетелдік туындылардың арасындағы жеңімпаздар да осы жанрларда. Мысалы, «Патруль» комедиясы, «Minecraft» фантастикалық шытырман оқиғасы және «Новичок» шпиондық триллері көшбасшы болып тұр. Олардың кассалық көрсеткіштері де әжептәуір. Ал бұған дейін қойылған кез келген комедиялық бағыттағы кинолардың да кассалық құны өзін-өзі ақтағанын білеміз. Мәселе – оның ақшасында емес, мәселе сол киноның ұрпаққа беретін тәрбиесінде.
Осыған дейін мысалы, 2024 жылы қазақстандық 90 фильм ұлттық прокатқа шыққан. Оның алтауы миллиард теңгеден астам касса жинаған. Олардың көш басында «Таптым-ау сені» киносы тұр.
Бұл фильм екі ай ішінде 1,827 миллиард теңге жинап, Қазақстандағы ең табысты отандық фильм атанған. Одан кейін бір айда 1,728 миллиард теңге жинаған «Дәстүр» киносы тұр. Бұл қатарда «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмі де бар. Ол 1 миллиард теңгеден астам табыс тапқан. Дегенмен қай кезде де комедиялық фильмдер көш басында тұр.
Ал биылғы 24 сәуір күні премьерасы болған «Қызыл дамбал» киносының билеттері 1200 теңгеден 3000 теңгенің арасында сатылып бастады. Көшелерде де жарнамасы жаңғырып, жарқырап тұр. Ал енді осының атауының өзінен адам ұялады. Қанша жерден мелодрама болса да, қазақша басқа тартымды ат құрып қалғандай мұндай киноның осындай атаумен шығуы адамды қынжылтады. Қазақ – күлдіре алу мен күлкіге қалудың арасын жақсы білетін халық. Сондықтан кассалық табыс әкелген киноның бәрі бірдей тәрбие емес екенін айтқан көрермендер қазіргі кинолардың жарнамасы үшін барып алып, көргені үшін өкініп шығатындарын айтады.
– Киноға адамдар көбінесе өздерін басқа әлемде сезіну, эмоциялар алу, ойлану немесе жай ғана көңіл көтеру үшін барады. Сонымен қатар өмірге деген көзқарасымды өзгертсе, жаңа ойлар мен әсерлер берсе деп барамыз. Алайда баруын барып аласың да қарның ашып шығасың. Өйткені бүгінгі киноөндірісінде, көп жағдайда коммерциялық бағыт басым болып, көрерменнің рухани қажеттілігі мен терең мазмұн іздеуі артта қалды. Қазір экшндер, арзан әзілдер мен жеңіл комедиялар көбейіп, киноның шынайы өнер ретіндегі маңызы төмендеуде. Бұл фильмдер көрерменнің көңілін көтеріп, уақытша қана қызықтыруы мүмкін, бірақ олар жан-дүниеңе ой салатын, ұлттық рухты, құндылықтарды насихаттайтын туындыларды ұсынбайды. Егер арнайы барып көрген фильмдер сондай хәлде болса, онда неге біз ақшамызды шығындап кинотеатрларға баруымыз керек. Одан да ютубтан, немесе басқа да интернет құралдарынан өзімізге қажетті фильмді көріп жата бермейміз бе деген де ой келеді. Сондықтан қазіргі режиссерлер барынша біз сияқты көрермендерді аяп, ұлт үшін, идеология үшін жұмыс жасауы керек деп ойлаймын, – дейді астаналық көрермен Жасұлан Берденов.
Мейлі, қалай болмасын ұлттық кино – бұл ұлттың жаны мен жадының айнасы. Сол себепті кино тек көңіл көтеру үшін емес, елдің рухын ояту, тілін тірілту, дәстүрін дәріптеу үшін жасалуы тиіс. Ұлттық кино өмірді бейнелеп қана қоймай, ұлттың болашағына жол сілтейтін шамшырақ болуы қажет.
Шапағат ӘБДІР