Басты ақпаратЕл тынысыМәселе

Кино мен әннің тілі түзеле ме?

Ұлттың танымы, негізгі тірегі һәм төлқұжаты – тіл. Қиыр шеттегілер алыстан араласып, тілдік тектілікке таңба салып, тарихты талантаражға салатын сарабдал саясатты жоққа шығара алмаймыз және аңғармаймыз. Ұлттық мәдениетке соқтыққан сиқы жоқ сөздерді сіңіруге бейімбіз, өзгенің қаңсығына құмармыз, жұтымнан қалған жуындыны асауға әзірміз. Тіл мәселесі қашан бірізділікке түсіп, қазақ пен қазақ толыққанды ана тілінде сөйлесіп, ата тегін дәріптей алған уақытта ғана бұл мәселенің шешілгеніне шүбә болмайды.

«НОРМАДАН» АУЫТҚЫҒАН ТІЛ

Біз көбіне кеш оянамыз. Көп дүниенің қадірін жоғалта жаздаған кезде ғана қозғала бастаймыз. Ал тіл мәселесі – дәл сол «қолдан шығып бара жатқан» дүние. Қолымызға смартфон ұстатқалы бері сөзіміздің өзі телефондағы қосымша сияқты жүктеледі, өшеді, жаңарады, бұзылады. Қазір қазақтың баласы қазақша сөйлеймін десе, алдымен өзіне күлетін ортаны жеңуі керек. Ал оны жеңе алмай жатқанымыздың басты себебі – кино мен әннің тілі шұбарланып, жасанды да жарымжан күйге түсуі.

Қазір біз көретін фильмдердің көбі – жартылай орысша, жартылай ағылшынша, арасына бірекі қазақша сөз тастап қойған «жайдақ» аудармамен жасалған дүниелер. Ең сорақысы сол, көрерменнің өзі оған үйреніп кетті. Құлаққа сіңді. Әдеби тіл түгілі, қарапайым қазақша сөйлем құру да киноның арқасында мазаққа айналды. «Опшым», «типа», «короче» деп сөйлеген жастарды кінәлай алмаймыз. Өйткені олар күнделікті көретін контент дәл солай сөйлейді. Киноны кім жасайды – сол елдің менталитеті, сол елдің болашағы. Ал біздің болашағымыз қазір сөйлей алмайтын, сөйлем құрауға қиналатын, өз ана тілінде ойланбайтын күйге түсіп барады. Бұл – ұлт үшін ең үлкен қауіптің бірі.

Эстрада тіпті бөлек әңгіме. Бүгін хит болу үшін терең ой, мазмұн, поэзияның қажеті жоқ. Бір қайталанатын шумақ, ағылшынша үш сөз, үстіне автотюн қосып қойсаң болды, миллиондаған қаралым дайын. Осындай арзан дүниелердің қаптауы жастардың музыкалық талғамын ғана емес, тілдік талғамын да жұқартты. Ән тыңдап отырып, қазақ тілінің иісі сезілмейді. Қытайдың кеспесіндей, орыстың салатындай, америкалықтың фастфудындай бәрі аралас. Қазақы сөздің көркі, поэзияның шырайы, ұлттық эмоция жоқ. Біз музыкадан да, кинодан да өзімізді жоғалта бастадық.

Біз «Тіл – сақтау керек құндылық» деп жиі айтамыз, бірақ оны ең алдымен сақтайтын салалар кино мен музыка екенін ескермейміз. Тілді мектеп қана емес, дәл осы өнер сақтайды. Өйткені кез келген бала екі сағаттық фильмнен бір жылдық оқулықтан артық сөз үйренеді. Бір хит әннен оның сөздік қоры түгел өзгереді. Ал біз сол екі салада тілді ең соңғы орынға ысырып қойдық. Басында бұл уақытша деп сендік. Қазір тіпті «норма» деп қабылдап жүрміз.

КИНОТЕАТРДАҒЫ ТҮСІНІКСІЗДІК

Қазақстанда дубляж туралы заң бар, субтитр туралы талап бар. Бірақ бәрі қағаз жүзінде. Кинотеатрлар қазақша нұсқаны түнгі 11-ге қояды. Ешкім бармайтынын біледі. Дубляж сапасы да көңіл көншітпейді. Кей сөздер аударылмайды, кей сөздер «тәп-тәтті» орысшаның ізімен құрастырылған. Осыдан кейін көрермен қазақша нұсқаны қайтсін? «Сапасыз» деп ойлайды. Сөйтіп, тілдің өзіне кінә тағады. Бәрі аудармашының, сауатсыз продюсердің, тіпті мемлекеттік бақылаудың салғырттығының кесірінен екенін ешкім ойламайды.

Егер біз осылай жалғастыра берсек, 5-10 жылдан кейін қазақ тілі кино тілі, ән тілі болудан қалады. Одан кейін сөйлеу тілі болудан қалады. Тіл ең әуелі мәдениеттен өледі. Білімнен емес, ғылымнан емес – кино мен музыкадан өледі. Ал біз қазір дәл осы екі салада тілді жаппай құртып жатырмыз.

Тіл сән емес, тренд те емес. Ол – ұлттың өзі. Біз кино мен ән арқылы тілді жоғалтсақ, өзімізді жоғалтамыз. Қазір үн қатпасақ, ертең кеш болады. Енді таңдаудың уақыты келді. Біз шұбарланған, әлсіреген тілді қалдырамыз ба, әлде өзіміздің таза, айбарлы қазақ тілімізді мәдениетімізде көкке қайта көтереміз бе?

«ЖАҢАЛАР ЖАҚПАЙДЫ»

Өнертанушы Ерлан Төлеутай қазақ киносы мен эстрадасының соңғы жылдары ұлттық тіл мен мәдениетке тікелей қауіп төндіріп отырғанын айтады. Оның айтуынша, бұл екі сала бастапқыда бір-бірінен алыс болса да, 1996 жылдан кейін фонограмма қолдана бастағаннан кейін мәдени кеңістікте тығыз байланыс орнатқан.

«Көп режиссер эстрададан, КВН сахнасынан шыққан. Олардың өнері сапасыз, жасанды. Фанерщик эстрадниктер мен сайқымазақ КВН-щиктер телеарналарды, концерт залдарын жаулап, халық талғамын мәңгүрттендіруге бағыт алды. Мемлекет қолдау көрсетіп, эфирде насихатталды, миллиондап гонорар төленді. Сол арқылы олар қысқа мерзімде қалталы жұлдыздарға айналды» дейді Ерлан Төлеутай.

Ол сонымен бірге киноға келген жаңа буын режиссерлердің көбінің интеллектуалдық деңгейі төмен, ұлттық мәдениетті терең білмейтінін айтады. «Олар коммерциялық табысқа басымдық беріп, тіл мәдениетін ескермейді. Нәтижесінде фильмдердегі тіл шұбарланып, көрерменге теріс әсерін тигізеді. Қоғамда «кино – өмірдің айнасы, өмірде қалай сөйлесеміз, кинода да солай сөйлеу керек» деген түсінік таралып, тілдің сақталуына қауіп төндіріп отыр» дейді өнертанушы.

ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕ НЕ ДЕЙДІ?

Әлемде ұлттық тілдің беделін қорғау мақсатында кино саласындағы шектеулерді заңмен реттеген мемлекеттер бар. Бұл – бөтен тілге тыйым емес, мемлекеттік тілдің қолданылуына қойылған нақты талаптар.

Испания құрамындағы Каталония автономиясында 2010 жылы «Фильмдер туралы заң» қабылданып, барлық шетел фильмінің 50 пайызы каталон тіліне дубляждалған немесе субтитрленген болуы тиіс деген талап қойылды. Кейін сот шешімімен бұл 25 пайызға төмендеді. Бірақ принцип өзгерген жоқ. Ұлттық тілді қорғау – мәдени саясаттың өзегі. Көрсетілім кинотеатрларға бұйрық емес, міндет жүктейді. Прокатқа шығатын фильмдер каталон тілінсіз экранға жете алмайды. Негізгі мақсат – көрерменнің мәдени кеңістігінде каталон тілін үстем ету.

Францияда 1994 жылы қабылданған «Тубон заңы» француз тілінің ресми салаларда абсолют үстемдігін бекітті. Мемлекеттік мекемелер, жарнама, білім беру – бәрінде француз тіліне басымдық міндеттеледі. Киноға тікелей тыйым болмаса да, фильмдердің француз тілінде дубляждалуы кеңінен қолданылады және мемлекет тарапынан қолдау табады. Тіл – Францияда саяси тұрақтылық пен ұлттық тұтастықтың негізі. Бұл, елдердің тәжірибесі көрсеткендей, мемлекеттік тілге арнайы талап қойылмаса, нарық өз бетінше оны сақтап қала алмайды. Олар тілдің өліп бара жатқанын көрді де, уақыт созбай, нақты әрекет жасады. Біз ше? Біз әлі де «Нарық өзі реттейді» деп жүрміз.

ҚАЗАҚ КИНОСЫ ҚАЙ ТҰСТА?

Қазақстанда тілге қатысты заң бар. Бірақ оның талаптары тым жұмсақ. «Әркім шығармашылық тілін еркін таңдайды» деген бап мәдени ортада қазақ тілінің орнын күшейтуге емес, керісінше, әлсіреуіне көп себептің бірі болып отыр. Кино саласында мемлекет дубляжға қолдау көрсетеді. Бірақ бұл жеткіліксіз. Қазақ тіліндегі дубляждардың саны аз. Сапасы тең емес. Ал прокаттағы қазақша нұсқалар ең қолайсыз уақыттарға қойылады. Нәтижесінде көрермен таңдауы жоқ. Ол дайын, кең аудиторияға арналған орысша немесе ағылшынша өнімге бет бұрады. Нарық тілді қорғайды деп ойлау – аңғалдық. Нарық пайданың соңында жүреді. Ал қазақ тіліндегі контентте ақша аз. Сондықтан ол қорғаусыз қалды.

Кино мен ән – тілдің ең жылдам таралатын форматы. Тілдің болашағы ең алдымен дәл осы екі саланың бәсекеге қабілетіне байланысты. Егер кино мен музыкада қазақ тілі екінші қатарға ысырылса, онда қоғам да солай болады.

ШЫНАЙЫЛЫҚ ПА, ӘЛДЕ ЖАУАПСЫЗДЫҚ ПА?

Қазақ режиссерлерінің арасында «Кино өмірді қайталайды, ал өмірде бәрі шұбар тілде сөйлейді» деген уәж бар. Бұл уәж ақталу ғана. Кино – өмірді қайталау емес, оны тәрбиелеу, көрсету, бағыт беру құралы. Егер режиссер не актер өзінің кейіпкері арқылы тіл мәдениетін сақтай алмаса, онда ол өнердің емес, нарықтың қызметшісіне айналады.

Әннің де ахуалы жақсы емес. Тыңдар құлаққа түрпідей тиетін сөздерді қайдан тауып ала қояды? Жастардың тыңдағанын қалап, туындыны хит қылу мақсатында тұнықты былғап, ақты алалап, әйтеуір мән-мағынасыз дүңкілдеген дүниені әкеледі. Жаңашылдыққа жаны құмар жастардың болғаны, әрине, қуантады. Дегенмен олар нені сіңіріп, нені сүзгіден өткізіп, жарамсызды тастауды білмейді. Айтылған ойға, көрсеткен бағдарыңа қарай жүреді. Олар шыбық секілді. Шыбықтың басын қайда бұрсаң, сол жаққа қарай өседі. Жастар – елдің болашағы. Қазір не үйретсең, келешекте соны көрсетеді. Уақытында түзелмесе, кейін кеш болуы әбден мүмкін. Бұдан шығудың жолы бар. Ол – заңды қатайту, кино мен әнге қойылатын талапты жоғарылату, дубляжды сапамен жасау, қазақ тіліндегі контентті ең ыңғайлы уақытқа қою. Бұл – біреудің ермегі емес, мемлекеттік қауіпсіздік деңгейіндегі міндет.

Қазақ тілінің шұбарлануы – тек сөздік қордың азаюы емес, ұлттық сананың, ойлау мәдениетінің қасаңданғаны. Кино мен музыка арқылы тараған бөтен сөздер, жеңілтек юмор қоғамға әсер етіп, ұлттық бірегейлікті әлсіретеді. Осы үрдіс тоқтамаса, келешек ұрпақтың тіл мәдениеті мен ұлттық сана-сезімі зардап шегеді.

Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button