Басты ақпаратСараптама

Кімге салық өседі, кімге кемиді?

Жуырда Мәжіліс Үкімет әзірлеген жаңа Салық кодексінің жобасын екінші оқылымда қабылдады. Құжат одан әрі Сенатта таныстырылды. Жаңа кодекске енгізілген өзгерістерге біреулер назар аудармаса, екінші біреулер қатты алаңдаушылық танытты. Өйткені банк секторы мен ойын бизнесіне салынатын корпоративтік табыс салығын 25 пайызға дейін көтерсек, ипотека да қымбаттайды. Ұлттық статистика бюросы наурыз айында еліміздегі баспана бағасының бір жылда 5,9 пайызға қымбаттағанын хабарлады. Демек, салық барлық салаға әсер етеді. Енді кімге салық өседі, кімге кемиді дегенге шағын сараптама жасап көрейік.

«Сән-салтанат» салығы енгізіледі

Жылжымайтын мүлкінің құны 450 млн теңгеден, ал ас­­тындағы көлігінің бағасы 75 млн теңгеден асатын ауқаттылар алдағы уақытта қосымша салық төлеуі ықтимал. Өйткені Үкімет жаңа Салық кодексіне «сән-салтанат» салығын енгізуді ұсынды. Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мәжіліс отырысында бұл салықтың қандай дүние-мүлікке салынатынын түсіндіріп берді.

«Біз «сән-салтанат салығы» деп аталатын тауарлардың жекелеген санаттарына жоғары салық салуды ұсынамыз» деді ол.

Яғни құны 450 млн теңгеден асатын үйі бар азаматтардың төлейтін мүлік салығы өседі. Одан бөлек 75 млн теңгенің автокөлігі, қымбат яхта мен жеке ұшақтарға акциз енгізу жоспарланған. Былтыр наурыз айында Ұлттық экономика министрлігі арнайы қаулы жобасын дайындап, байлыққа салынатын салық көлемін арттыруды ұсынғаны мәлім. Сол қаулыда қазақстандықтардың иелігінде 490 яхта бар екені жөнінде ақпарат болған. Дәл осы яхталарға салынатын «сән-салтанат» салығын кеменің ұзындығымен өлшеу керек деп жазылғанын да оқып едік.

Қымбат арақ пен сигараның салығы өседі

Үкімет жаңа Салық кодексінің жобасында қымбат алкоголь мен сигараларға 10 пайыз акциз салуды ұсынып отыр. Бұл санатқа қыздырылатын темекі мен энергетикалық сусындар да кіреді. Соңғы жылдары елімізде энергетикалық сусындарды тұтынушылардың көбейгені, соның ішінде жасөспірімдер мен жастардың мұндай өнімдерге тәуелділігінің артуын ескерсек, бұл қадамды құптауға болады.

Сондай-ақ салық төлеушілермен жұмыстың сервистік моделі ұсынылып, салықты кешіктіргені үшін әкімшілік жазалау тоқтатылады. Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров құны 6 млн теңге Macallan вискиінің мысалында байлық салығы қалай алынатынын тілшілерге түсіндіріп бергені есімізде қалыпты.

Қосылған құн салығының мөлшерлемесі – 16 пайыз

Мәжіліс депутаттары жаңа Салық кодексі мен салық салу мәселелері бойынша ілеспе түзетулерді талқылағанда қосылған құн салығының мөлшерлемесін 16 пайыз етіп белгіледі. Жаңа заң жобасына сәйкес, қосылған құн салығы қазіргі 12 пайыздан 16 пайызға көтеріледі. ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі қазіргі 78,6 млн теңгеден 40 млн теңгеге дейін қысқарады. Яғни енді жылдық айналымы (таза табыс емес) 40 млн теңгеден асатын кәсіпкерлер қосылған құн салығын төлеуге міндетті болмақ. Демек салық төлейтін кәсіпкерлердің саны артады деген сөз. Қолданыстағы заң бойынша, жылдық қаржы айналымы тек 78,6 млн теңгеден асатын кәсіпкерлер ғана ҚҚС төлейтін еді. Көңілді алаңдататын бір жайт, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚҚС мөлшерлемесінің көтерілсе, елімізде тауарлар қымбаттайды.

ҚҚС-нан кім босатылады?

Үкімет әзірлеген кодекс жобасында әлеуметтік саланы қолдауға қатысты өзгерістер бар. Мәселен, дәрілік заттар мен медициналық қызметтерге қатысты қосылған құн салығының төмендетілген мөлшерлемелері енгізіледі: ол 2026 жылдан бастап 5 пайыз және 2027 жылдан бастап 10 пайыз болады. Соның ішінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі, міндетті медициналық сақтандыру, сирек кездесетін және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу аясындағы тауарлар мен қызметтер қосылған құн салығын төлеуден босатылады. Мүгедектігі бар адамдарға арналған әлеуметтік салық шегерімі 5 мың АЕК-ке дейін ұлғаяды. Бірқатар қоғамдық бірлестіктерді кейбір салықтан босату жоспарланған.

Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен отандық басылымдарды, баспа түріндегі кітаптарды басып шығару қызметтерін ҚҚС төлеуден босату жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолдау мақсатымен қосымша есепке жатқызуға қосылған құн салы­ғының сомасы 70 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайды. Жеңілдетілген декларацияны реформалау аясында рұқсат етуші тізімінің орнына тыйым салынатын тізім енгізілді.

Мәслихаттардың өңірлік ерекшеліктерін ескере отырып ±50%-ға дейін түзету мүмкіндігімен 4 пайыздық бірыңғай мөлшерлеме белгіленді. Кәсіпкерлік субъектілері арасындағы операцияларға арнаулы салық режимін қолдану кеңейтілді.

Табысы көптердің салығы артады

Мәжіліс мақұлдап, Сенаттың қарауына жолдаған құжаттағы тағы бір өзгеріс – еліміздегі жоғары табыс табатындар салықты да көп төлейді. Жаңа Салық кодексінде жеке табыс салығына дифференциалды мөлшерлеме енгізіледі. Яғни азаматтар жоғары табыс тапса, көп салық төлемек. Қазір қанша айлық алсаң да, жеке табыс салығы 10 пайызды құрайды.

Корпоративтік табыс салығы мен жеке табыс салығына қатыс­ты да нақты өзгерістер болады. Алдағы уақытта жаңа Салық кодексі қабылданған жағдайда жылына 8500 айлық есептік көрсеткіштен асатын айлық алатындар 15 пайыз жеке табыс салығын төлеуге міндеттеледі. Ал 2025 жылға 1 айлық есептік көрсеткіш 3 932 теңге болып белгіленгенін білеміз. Яғни жылына – 33,4 млн теңге, ал айына 2 млн 780 мың теңге айлық алатындар 10 пайыз салық төлейді. Егер жылдық табысы 33,4 млн теңгеден асса, осы сомадан 15 пайыз салық төлеуі тиіс. Сондай-ақ банк сек­торы мен ойын бизнесіне салы­натын корпоративтік табыс салығының мөлшері 25 па­йызға дейін көбейеді. Алайда кә­сіпкерлік субъектілерін несие­леу бойынша табыс табатын банктерге бұл мөлшерлеме 20 пайыз деңгейінде сақталады.

Ұлттық экономика минис­трінің орынбасары Азамат Әмрин Қазақстанда 3 млн теңгеден жоғары айлық алатын адамдар 26 мыңнан асатынын айтады. Салық декларациясы деректеріне сәйкес, Қазақстанда айына 3 млн теңгеден асатын жалақы алатын 26,7 мыңнан астам жалдамалы қызметкер бар.

Дивидендке де салық салынады

Бұдан бөлек, ірі компания­лардан қомақты дивиденд алатын акционерлер оған да салық төлейді. Мәселен, 1 млрд теңгеге дейін дивиденд алса, соның ішінде 5 пайызын қазынаға жібереді. Егер 1 млрд теңгеден көп дивиденд түссе, онда 15 пайыз салық төлеуі тиіс. Бұл ретте бейрезиденттер де кірісінен салық төлейді. 60 мың АЕК-ке дейін, яғни 2,4 млрд теңгеге дейін кірісі барлар 10 пайыз, одан асса 17 пайыз салық төлейді. Жаңа кодексті әзірлеуші мамандардың пайымдауынша, мұндай құрылым әділеттілік пен салық салудың пропорционалдылығын сақтай отырып, төмен және орташа табыс табатын азаматтарға салық жүктемесін көтеруге мүмкіндік бермейді.

100 есеге дейін көтеріледі

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімсіз пайдаланған жағдайда жер телімдерін пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемесі 100 есеге дейін көтеріледі. Жер қойнауын пайдаланғаны үшін төлем мөлшерлемесі де лицензияның қолданылу мерзімі мен учаскелердің санына байланыс­ты қайта қаралады.

Жалпы алғанда, реформа салық жүйесін жеңілдетуге бағытталған бірқатар негізгі өзгерістерді нақты енгізуді көздейді. Нақтырақ айтқанда: салық есептілігін 30 пайыз­ға, салық санын 20 пайызға қысқарту, салық жеңілдіктерін оңтайландыру, сараланған мөлшерлемелерді енгізу, инвестициялық белсенділікті ынталандыру, сән-салтанат заттарына жүктемені арттыру және басқа да бірқатар өзекті мәселелерді қамтиды.

Бюджеттік кірістер арта ма?

Қосылған құн салығының базалық мөлшерлемесін 16 пайызға дейін көтеру нәтижесінде бюджет кірістерін артады. Бұл – Үкіметтің болжамы. Алдын ала жасалған есеп бойынша осы өзгеріс арқылы жыл сайын бюджетке қосымша 3 трлн теңге көлемінде кіріс кіреді. Ол қаражатты әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға, инфрақұрылым мен денсаулық сақтау салаларын қолдауға жұмсаймыз дейді шенеуніктер.

Мемлекет шағын және орта бизнестің де хәл-күйін ойлап отырғанға ұқсайды. Мысалы, ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі 40 млн теңгеге дейін көтерілсе, табыс айналымы осы сомадан аспайтын кәсіпкерлер ҚҚС төлеуден босатылады. Мұндай қадам ауыл-аймақтардағы шағын дүкендер мен халыққа қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлер үшін тиімді, пайдалы болады дейді сарапшылар.

Жаңа ҚҚС:

– Базалық мөлшерлеме: 12% → 16 %

– Бюджетке 3 трлн теңге кіріс түседі

– ҚҚС тіркеу шегі: 40 млн теңге

– Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, кітап,

археология ҚҚС-тан босатылады

– Ақылы медицина мөлшерлемесі – 10 %,

дәрі-дәрмектер ҚҚС-сыз

– Банк қызметіне ҚҚС салынады

КТС-ның жаңа мөлшерлемесі:

– банк секторы мен ойын бизнесіне – 25%

– қайта өңдеу өнеркәсібіне – 20 %

– білім беру мен медицинаға 2026 жыл – 5 %,

2027 жыл – 10 %

– ауыл шаруашылығы өнімдерін

өндірушілерге – 3 %

Прогрессивті ЖТС:

– жылына 33,4 млн теңгеден асатын табысы

барларға – 15 %

Сән-салтанат салығы:

– құны 450 млн теңгеден асатын

жылжымайтын мүлік

– құны 75 млн теңгеден асатын автокөлік

– яхталар, ұшақтар, элиталық алкоголь

Шағын бизнес:

– арнайы салық режимі

– жылына 2,36 млрд теңге шегінде

– үйдің жанындағы дүкен, шаштаразға

ҚҚС салынбайды

Салық төлеуден жалтаратындармен күрес:

– салық төлемеген тұлғалар жаңадан

ЖШС аша алмайды

– энергетиктерге акциз салынады

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button