Киіз үй лагері ашылды

2025 жылдың 2-13 маусымы аралығында Астана қаласындағы №91 мектеп-гимназияда «Атамекен» киіз үй лагері өз жұмысын бастады.
Ұлттық нақыштағы лагерьдің бірінші маусымы 2-13 маусым аралығында оқушыларды қабылдады. Лагерьдің басты мақсаты – қазақ тілін кеңінен насихаттап, оқушылардың бойында ұлттық рух пен патриоттық сезімді ояту. Жазғы демалыс кезеңінде балалардың уақытын тиімді ұйымдастырып, оларды елін, жерін сүюге тәрбиелеу – лагерьдің басты бағыты. Лагерь жұмысы киіз үйдің іші мен маңайында өткізіледі. Ұлттық нақыштағы безендіру мен салт-дәстүр элементтері арқылы оқушылар ерекше әсер алатынына сенімдіміз. Мұнда балаларға арналып қазақтың ұлттық ойындары, салт-дәстүрге байланысты танымдық сайыстар, шығармашылық шеберлік сағаттары ұйымдастырылады. Тәлімгерлер мен ұстаздар әр баланың белсенділігіне мән беріп, достық, сыйластық, жауапкершілік секілді құндылықтарды сіңдіреді. Ең бастысы, оқушылардың өмір қауіпсіздігі толық сақталған. Барлық іс-шаралар балалардың жас ерекшеліктері мен қызығушылықтарына сай ойын түрінде өтеді. «Атамекен» киіз үй лагері ұлттық болмысты дәріптейтін рухани мекенге айналады.
Ал лагерьдің екінші кезеңі 16-27 маусымда жалғасады.
Зүлфия БЕЙСЕНОВА,
Астана қаласындағы №91 мектеп-гимназия «Атамекен» киіз үйі лагерінің жетекшісі