Киберқылмысқа қарсы күш керек

Елордада киберқылмысқа қарсы іс-қимылға арналған халықаралық конференция өтті. Конференцияны ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов ашты. Өз сөзінде ол киберқылмысқа, әсіресе интернет-алаяқтыққа қарсы күрес халықаралық деңгейдегі маңызды міндет екендігін атап өтті.
«Киберқылмыс – қазіргі қоғамның негізгі мәселелерінің бірі. Ол шекара талғамайды, өзгерістерге тез бейімделеді және оған қарсы күресте бірлескен күш-жігерді талап етеді. Біз тек халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу арқылы ғана азаматтарымызды, әсіресе балаларды, цифрлық кеңістікте тиімді қорғай аламыз. Бұл Мемлекет басшысының жасанды интеллект пен елдің цифрлық трансформациясын дамыту жөніндегі тапсырмалары, сондай-ақ жаңа қылмыс түрлеріне қарсы іс-қимылды күшейту бойынша Ішкі істер министрінің бастамалары аясында ерекше өзекті» деп атап өтті Бауыржан Әленов.
Конференцияға 18-ден астам мемлекеттің өкілдері, атап айтқанда, киберполиция қызметкерлері мен мемлекеттік органдардың мамандары, халықаралық ұйымдар қатысты. Іс-шара барысында киберқауіпсіздік саласындағы заманауи сын-тегеуріндер мен киберқатерлерге қарсы іс-қимылдың тиімді ортақ шешімдері, сондай-ақ азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды.
Панельдік сессия мен пікірталас аясында халықаралық ынтымақтастық, жедел ақпарат алмасу, салалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру, қылмыстарды ашуда инновациялық технологияларды қолдану, сондай-ақ халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған ағартушылық және профилактикалық бастамалар кеңінен талқыланды.