Мәдениет

Кеудесі сарқылмас ойдың кені

Ұлттық академиялық кітапханада белгілі ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ыбырайтанушы, ахметтанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Серікбай Оспанұлымен «Сарқылмас кеудем менің – ойдың кені» атты шығармашылық кездесу өтті.

Кеш барысында қаламгердің «Ыбырай жолы», «Ахметтану», «Ақынның жаны», «Мейірім бастауы – бесік жыры», «Серікбай: лебіз, ілтипат» атты кітаптарының таныстырылымы ұйымдастырылды. Автордың ғылыми еңбектері мен көркем туындыларының рухани құндылығы, ұлттық әдебиет пен ағартушылық бағыттағы ізденістері кеңінен сөз болды.

Серікбай Оспанұлы оқырман қауымға «Жер жүрегі», «Жарқын жастық», «Қайнарбұлақ», «Қоңыраугүл», «Алтын арқау» сынды жыр жинақтарымен жақсы таныс. Оның өлеңдеріне жазылған Алтынбек Қоразбаевтың «Сағындым Алматымды», Қалибек Деріпсалдиннің «Айлы түнде», Мұхтар Сәдібековтің «Шилі өзен» әндері ел арасына кеңінен тараған. Жалпы ақынның 200-ден астам өлеңіне ән жазылған. Балаларға арналған бірқатар өлеңдері 2-4 сыныптардың «Ана тілі», «Қазақ тілі» оқулықтарына енгізілген.

Серікбай Оспанұлы көпшілікке тек ақын, ғалым, публицист ретінде ғана емес, қолөнер шебері, ұлттық мұраның жанашыры ретінде де белгілі. Ол ағаштан ұлттық ыдыс-аяқтар мен музыкалық аспаптар жасайды. 1997 жылы Алматыдан Қостанайға көшіп, жергілікті университетке қызметке орналасты. Шәкірт тәрбиелеп, ғылыммен айналысты, кандидаттық диссертация қорғады. Сонда Намазалы Омашев пен Бауыржан Жақып жетекшілері болды. Шығармашылық кездесуде көрнекті ақын, драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Тұрғынбекұлы сөзін әзілмен әдіптеп, кеш иесінің адами болмысына тоқталды.

«Серікбайдың қырлары да, сырлары да, жырлары да көп. Ол ақындықтан ғалымдық биікке көтерілді. Ғалымдық – асқар шың. Сол шыңға екінің бірі шықпайды» деген Серік Тұрғынбекұлы тілектестігін жеткізді.

Белгілі журналист, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайсар Әлім бүкіл жастық шағы кеш иесімен бірге өткенін, Серікбай Оспанұлының басқа еңбектерін айтпағанда, «Сағындым Алматымды» әні өшпестей болып тарихқа жазылғанын, былтыр ақынның 80 жас мерейтойына орай Алатау баурайында дәл осы атаумен шығармашылық кеші ұйымдас­тырылғанын, биыл Қостанай облысы ақынды Мемлекеттік сыйлыққа ұсынып жатқанын атап өтіп, бәйгеден озып шығуын тіледі.

Әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Негимов Серікбай Оспанұлының ғалымдығына тоқталып, «Мейірім бастауы – бесік жыры» еңбегінде қазақтың бес мың жылдық тарихы қамтылғанын, сол арқылы автор өзін тарихшы, этнограф, мәдениеттанушы ретінде танытқанын ерекше айтты. Осы кітабы мен «Ыбырай жолы» қазіргі заманға нағыз керек еңбектер екенін, олар шын мәнінде халықтың қазынасы екенін, жалпы қай-қайсы еңбегін алса да ұлттық руханиятқа қосылған сүбелі үлес екенін атап өтті.

«Қазір Ыбырайдың ұлы идеяларынан алыстап кеттік. Бізге бүгінде сол идеялар керек» деп сөзін түйіндеді ғалым.

«Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы Ыбырай Алтынсарин мен Ахмет Байтұрсынұлын білетіндей болсақ та, оған әлі толық бойламағанымызды, Серікбай Оспанұлының ыбырайтану мен ахметтануға қосқан үлкен үлесіне тоқталды. Ақын сырбайтануға да түрен салғанын жеткізді.

Шығармашылық кездесу ән мен жыр шалқыған кешке ұласып, осы жиынды ұйымдастырған ақынның Астанадағы шәкірттері ұстаздарына құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button