«Керуен» жанындағы серуен

Достық көшесіндегі «Керуен» сауда, ойын-сауық кешенінің алдындағы жер бірнеше жыл бос жатты.
Осы маңда тұратындықтан, бұл жерді «Қазмедиаға» қарай талай шиырлағанбыз. Қаланың қақ орталығындағы «бос жатқан жер жау шақырады» дегеніміз артықтау болар, бірақ дау шақырары анық.
Өйткені мұндай тамаша жерге «мен үй салам» дегендер көп болары сөзсіз. Қай мықты не тұрғызар екен деп жүргенде, қалалық әкімдік саябақ салды да жіберді. Жарайсың, қалалық әкімдік!
Екі гектарға жуық жер аз ғана уақытта халық демалатын саялы саябаққа айналған. Қазір бұл жерде қайнаған еңбек.
Гүл себетін отырғызушылар, суарушылар, топырақ төсеушілер, орындық жасаушылар, балалар ойнайтын алаң салушылар… Бәрі – қарапайым еңбек адамдары.
Осындағы еңбек адамдарының бірнешеуін әңгімеге тарттым. Көпшілігі – «Жасыл жер» атты мекеменің жұмысшылары. Жазда ғана емес, қыста да жұмыс жеткілікті дейді. Ең егделерінің өзі күніне 10 мың теңгеге дейін табыс табады екен. «Керуен» жанында серуен жасасаңыз, осы қарапайым жұмысшылардың еңбегін ескере жүрерсіз.
ЖАҢАРҒАН ЖАН КӨШЕЛЕР
Тротуарды айтып отырмыз. Сонау 90-жылдардың басында белгілі сөз зергері Ісләм Жарылғапов ағамыздан сұхбат алып едім. Тілімізге «балмұздақ», «көрермен», «аялдама» секілді өшпес сөздерді енгізіп кеткен тұлға. Сол кісі: «Мына көлік жүретінді – жол көше, ал адам жүретін тротуарды – жан көше деп алдым» деген еді. Тротуар деп тілімізді бұрап жатқаннан, «жан көше» деген жап-жақсы секілді.
Астанада дәл қазір осы жан көшелер /тротуарлар/ жаңартылып жатыр. Қай жерге барсаңыз да, айнадай жарқыраған, теп-тегіс тас кірпіштер төсеп жатқан жұмысшылар.
Біразымен тілдестім. Күніне «25-30 мың теңге табыс табамыз» дейді. Оқтай түзу, жаңарған жан көшелер қалаға көрік беріп тұр. Жалпы қала бойынша биыл 100-ге жуық көше жөнделеді екен.
«ТАЗАЛЫҚТЫҢ» ТРАКТОРЫ
«Астана – Тазалық» дейтін мекеме бар. Аты айтып тұрғандай, қаланы тазалау – осы мекеменің міндеті.
Үйдің жанынан трактор тізгіндеген бір азаматты жиі көрем. Аты – Абай. «Астана – Тазалық» мекемесінің тракторшысы. Трактор айдағанына 40 жыл болыпты.
Мекеме қызметкерлерінің міндеті контейнерге сыймайтын қатты, үлкен құрылыс қалдықтарын трактор көтергішіне салып алып, «КамАЗ»-ға тиейді.
Өздерінің аумақтарын күнде бір сүзіп өтеді. Жұмыстарын жылдам атқарады. Баяғыда ағаларымыз осындай тракторды жіппен тартып, мықшыңдап әрең қыздырушы еді. Қазіргілер кілтін қосып, гүр еткізеді. Машинадан да жылдам.
Қала тазалығы үшін атсалысып жүрген қарапайым еңбек адамдары өте көп. Бұл тракторшы да – соның бірі. Биыл – Жұмысшы мамандығы жылы. Елорданың жайнап, жарқырап тұруы – осы Абай сияқты еңбек адамдарының арқасы!
Әлімжан САБЫРЖАНҰЛЫ,
журналист