Кеміргіштерге қарсы өңдеу жұмысы жүріп жатыр

Астанада кеміргіштерге қарсы өңдеу жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Астананың барлық ауданында қала ортасындағы кеміргіштердің санын реттеу мақсатында жоспарлы дератизациялық шаралар жүргізіліп жатыр. Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының мамандары Телман тұрғын алабының тұрғындарымен кездесіп, тиісті препараттарды қолдану бойынша жұмыстар туралы айтып өтті.
Тұрғындар нені білуі керек?
Бірінші кезең 15 наурызда басталып, 15 сәуірге дейін жалғасады. Осы уақытта негізгі назар тұрғын алаптарын өңдеуге аударылады. Сонымен қатар, бекітілген аумақтарда жұмыстарды мүліктің меншік иелері бірлестігі (МИБ/ПИК) және шағын, орта бизнес өкілдері жүргізуде.
Қалалық ортаның барлық субъектісінің қатысуы дератизацияның тиімділігінің маңызды шарты болып саналады. Сол себепті МИБ/ПИК пен кәсіпкерлерді өз объектілерінде қажетті жұмыстарды 15 сәуірге дейін аяқтауы қажет.

Екінші кезең 15 сәуірде басталып, 15 мамырға дейін жалғасады. Ол ашық аумақтарды – парктерді, скверлерді, жағалауларды және басқа да қоғамдық кеңістіктерді қамтиды. Жалпы өңделетін аумақ көлемі шамамен 8 мың гектарды құрайды.
Мамандардың айтуынша, кеміргіштер экожүйенің бір бөлігі болып саналады, алайда олардың санын қауіпсіз әдістермен реттеу қажет. Тұрғындардан ең көп өтініштер көктем мен күзде – жануарлардың маусымдық белсенділігі кезінде түсе бастайды. Көктемде кеміргіштер өз індерінен шықса, күзде қайта оралады.
Өтініштер негізінен құрылысы қарқынды жүріп жатқан аудандардан түседі. Жаңа аумақтарды игеру кезінде кеміргіштердің табиғи мекен ету ортасы бұзылып, олар тұрғын аймақтарға жақындайды.
Қазіргі науқан аясында шамамен 28 мың жеке үй аумағында дератизация жүргізіледі. Сонымен қатар, ашық аумақтарда арнайы кедергiлік аймақтар орнатылады.
Ерекше назар МИБ/ПИК-пен өзара әрекеттесуге аударылады. Қазіргі уақытта қалада дератизация қызметін көрсететін 29 лицензияланған компания бар. Басқарма аудан әкімдіктерімен бірлесіп, түсіндіру жұмысын жүйелі жүргізіп, келісімшарттар дәл осындай ұйымдармен жасалуы және маусымдық өңдеу мерзімдері сақталуы керектігін атап көрсетеді.

Көпқабатты аудандарда жағдай бөлек қарастырылады. Тұрғындар көбіне кеміргіштердің пайда болуын қоқыс алаңдарымен байланыстырады. Мамандар контейнер алаңдары таралу көзі емес екенін түсіндіріп отыр. Олар тек азықтану орны болып саналады, ал негізгі ошақтар – жертөле және індерінің орналасқан жері.
Сондықтан дератизация кешенді жүргізілуі тиіс: қоқысты тұрақты шығару, жертөлелер мен қоса орналасқан аумақтарды өңдеу, сондай-ақ коммуналдық қызметтер мен МИБ арасындағы әрекеттерді үйлестіру қажет.
Қоршаған ортаны қорғау басқармасының ветеринария және фитосанитария бөлімінің басшысы Азат Тұрапбаев атап өткендей, тек жүйелі тәсіл және бірлескен жұмыс кеміргіштердің санын тиімді бақылауға алып, қаланың санитарлық жағдайын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.




