Елорда тынысы

Кемел келешек, табысты талқы

Астанада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) жөніндегі III форум өтті. Іс-шара мемлекет пен жекеменшік сектордың инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды іске асырудағы әріптестік перспективаларын талқылауға арналған диалог алаңы болды.

Форумды Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының қол­дауы­мен ұйымдастырды.

Форумға жергілікті атқарушы органдардың, министрліктер мен ұлттық компаниялардың, қаржы институттарының, бизнес бірлестіктер мен халықаралық ұйымдардың өкілдерін қоса алғанда, 100-ге жуық қатысушы жиналды. Іс-шараны қала әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркенов құттықтау сөзімен ашты.

Пленарлық сессия мен сараптамалық панельдер аясында МЖӘ дамытуға қатысты негізгі сын-қатерлер мен жаңа тәсілдер талқыланды. «ҚазОрталықМЖӘ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары ­Айдос ­Көбетов, «Бәйтерек» ҰБХ басқару­шы директоры Әлия Мырзағалиева,
«TurarHealthcare» ҰАО басқарма төрағасының орынбасары Асқар ­Хорошаш, «МЖӘ және инвестициялар саласындағы тәуелсіз сарапшылар қауым­дастығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Арман Тілеубаев және халықаралық консультант Ремир Мукумов сөз сөйлеп, Өзбекстандағы МЖӘ реформалары мен құралдары тәжірибесін таныстырды.

Негізгі назар мемлекеттік қолдау шараларына, жеке инвестицияларды тарту тетіктеріне, өңірлік жобаларды дамытуға және МЖӘ аясында іске асырылатын бастамалардың әлеуметтік әсерін бағалауға арналды.

Панельдік пікірталасты қоғам қайраткері және сарапшы Рахым Ошақбаев жүргізді. Пікірталасқа баян­дамалармен сөз сөйлеген негізгі спикерлер қатысып, Қазақстандағы МЖӘ дамуының практикалық аспектілерін тереңірек талқылауға мүмкіндік берді.

Форум қорытындысы бойынша МЖӘ тетігін дамыту, кедергілерді азайту және мұндай жобаларды іске асыру тиімділігін арттыру бойынша нақты ұсыныстар жасалды. Сонымен қатар, реттеушілік талаптарды жеңілдету мен инвесторлар үшін жағдайды жақсарту қажеттігі атап өтілді.

Форумға қатысушылар МЖӘ бұл тәуекелді және күмәнді емес, керісінше, бюджеттік ресурстар тапшылығы жағдайында әлеуметтік және экономикалық инфрақұрылымды іске асыруға арналған тиімді әрі дәлелденген құрал екендігіне ерекше назар аударды. Форум мемлекетпен әріптестіктің ашық, өзара тиімді және орнықты болуы, сондай-ақ қоғам үшін маңызды нәтиже бере алатыны туралы ортақ түсініктің қалыптасуына ықпал етті.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button