Басты ақпаратҚала мен сала

Келелі мәселелер кезегімен шешіледі

Елордадағы №33 мектепте Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Нұра ауданының Үркер тұрғын алабы тұрғындарымен кездесіп, ашық диалог құрды. Қалалық мәслихаттың депутаттары, басқарма басшылары, елорда әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдарының өкілдері мен түрлі сала мамандары қатысқан есеп беру жиынында аудан әкімі Ришат Тұрдыбеков жыл басынан бері атқарылған жұмыстар туралы баяндап, алдағы жоспарымен бөлісті.

Тұрғындардың қолдауымен жыл басынан бері Нұра ауданының, соның ішінде Үркер тұрғын алабының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл ретте басты назар абаттандыру, қауіпсіздік, қолайлы жағдай мен инфрақұрылымды дамытуға аударылуда.

– «Жасыл бульвар» аллеясы немесе «GreenLine» саябағы – бұл қала әкімінің қолдауымен биыл қалада салынған ірі жобалардың бірі. Саябақтың ұзындығы 3,7 шақырымды, аумағы 18 гектарды құрайды. Мәселен, биыл жобаның алғашқы кезеңі – Әнет баба көшесінен Күлтегін көшесіне дейінгі бөлігі аяқталды. Бұрынғы құрылыс алаңының орнында ағаштар, гүлбақтар мен демалыс аймақтары бар жасыл желекжол салынды. Мұнда мыңдаған ағаш пен ондаған мың көпжылдық өсімдік отырғызылып, нәтижесінде аумағы жанданды. Тағы бір сәтті жоба – Әйтеке би көшесіндегі саябақ. Бұрын бос жатқан жер бүгінде тұрғындарға арналған жайлы ортаға айналды: жаяу жүргінші аймақтары жаңартылды, мыңнан астам ағаш отырғызылды, заманауи жарықтандыру орнатылды. Қазір бұл орын жақын маңдағы тұрғындар жиі баратын сүйікті демалыс орнына айналған, – деді аудан әкімі.

Орталық саябақ та жаңартылды: жаяу жүргіншілер жолағы реттеліп, жаңа орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылды. Саябақтардағы қоғамдық кеңістіктер заманауи сипат алып, жайлылығы арта түсті.

Samruk Towers, Highvill Park тұрғын үйлерінің маңындағы және Үркер тұрғын алабындағы Рәбиға Есімжанова көшесінің бойындағы қоғамдық кеңістіктер де абаттандырылды. Қазіргі уақытта Madrid, Copenhagen, Inju City, «Алтын Шар» тұрғын үй кешендерінің жанында жаяу жүруге ыңғайлы көгалдандырылған демалыс аймақтарын көбейту жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл бағытта жұмыстар тоқтамайды.

Аудан басшысының айтуынша, аулада орналасқан аумақтарға да ерекше көңіл бөлініп отыр. 2025 жылы 19 мекенжай бойынша кешенді абаттандыру жүргізілді, оның ішінде 10 аула «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша жөнделді. Сонымен қатар 50 аулада қалпына келтіру жұмысы жүргізілді.

– Соңғы екі жылда ауданда 10 мемлекеттік мектеп, оның ішінде Президент бастамасымен салынған 8 «Келешек мектебі», сондай-ақ 4 жеке мектеп, 2 медициналық орталық, балабақша, спорт кешені және Үркер тұрғын алабында өрт депосы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 2 мектеп, ал 2026 жылы жаңа балабақша ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар жобалар жүзеге асып жатыр. Бүгінде «Бочча» инклюзивті спорт орталығы, көпфункционалды кешені, «BI ART» музыкалық өнер орталығы, шаңғы-роллер базасы салынып жатыр, – деді Р.Тұрдыбеков.

Аулалар абаттандырылды

Ауданды көгалдандыруға ерекше назар аударылып келеді. Биыл 7 мыңға жуық ағаш, 85 мың бұта отырғызылды. Жасыл желектер тек орталық көшелерде ғана емес, аулаларда да отырғызылып жатыр. Сонымен бірге биыл ауданда 11 көшеде жол салынды.

2025 жылы 19 мекенжай кешенді абаттандырылды, оның 10-ы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылды. Сондай-ақ 50 аулада жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

Үркер тұрғын алабында жыл басынан бері 35 мекенжай мен 6 гүлзар жөнделді, бұл жерлерде орындықтар, урналар, тротуарлар жаңартылып, ойын және спорт элементтері орнатылып, әсіресе №33 және №69 мектептердің жанындағы скверлер, сондай-ақ «Ақтамберді жырау», «Айғыржал» және «Байғозы батыр» скверлері жандандырылды.

Үкілі Ыбырай және Ақтамберді жырау көшелерінде 4 аула (11 үй, 565 пәтер, 2147 адам «Астана» МЖК) абаттандырылды. Мұнда жаңа тротуарлар, спорт алаңдары, 2 футбол алаңы пайда болды, ағаштар отырғызылды, шағын сәулет нысандары орнатылды.

2025 жылдың басынан бері ауданда 15 640 оқушыға арналған 6 «Келешек» мектеп ашылды. Олар – № 33, 45, 100, 110, 115, 117 мектептер. Оның ішінде Үркерде 1600-ден астам бала оқитын №33 мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін №94 мектеп, ал келесі жылы – 300 орындық балабақша (Сырым батыр және Қожаберген жырау көшелері бойынша) іске қосылады. Доспамбет жырау көшесінде №25 өрт сөндіру бөлімі ашылды.

Тұрғын алап көркейіп келеді

Жұмыстың басым бағыттарының бірі – ауданды көгалдандыру. Биыл Үркер тұрғын алабындағы Ш.Руставели көшесінде, дене шынықтыру-сауықтыру кешені алаңында, Ә.Қашаубаев, Н.Хикмет, Сырым батыр және Б.Сәдуақасов көшелерінің бойында 870-тен астам ағаш, 750 бұта отырғызылды.

Көшелерді жарықтандыруға көп көңіл бөлініп келеді. Көшені жарықтандырудың 40 тірегі орнатылып, 366 жарықдиодты шамдар ауыстырылды.

Тұрғын алапта жаңа тұрғын үйлер, мектептер, көшелер мен кварталдар пайдалануға берілді. Биыл 21 жаңа контейнер алаңы орнатылып, 46-сы жөнделді. Аудан бойынша барлығы 915 контейнерлік алаң бар. 100-ден астам контейнер жөндеуді немесе кеңейтуді қажет етеді. 430 көмілген контейнер орнатылды.

Ауданның эстетикалық келбетін арттыруға және сыртқы жарнаманы орналастыру ережелерін сақтауға бағытталған іс-шаралар жалғасуда. Осы ретте Исатай батыр, Есет батыр, Н.Әбдіров, Сырым батыр, Қожаберген жырау, 201-көшедегі 200-ден астам заңсыз орнатылған жарнама конструкциялары алынып тасталды.

Бүгінгі таңда Үркер тұрғын алабында 100-ге жуық аялдама павильоны жабдықталған, оның ішінде 6-уы – жылы аялдама. Ағымдағы жылы 100 павильонда жөндеу-қалпына келтіру жұмыс­тары жүргізілді. Жыл соңына дейін тағы 2 жылы павильон орнату жоспарлануда.

52 жол учаскесінде квартал­ішілік жолдардың шұңқырлы жерлері жөнделді, сондай-ақ 1114 шаршы метр аумаққа белгілер қойылды және 12 дана көлемінде ЖТҚ орнатылды.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету аясында 49 бейнебақылау камерасы орнатылды, жыл соңына дейін тағы 198 камера орнатылды. Аудан аумағында барлығы 200-ден астам камера жұмыс істейді.

2025 жылдың басынан бері Үркердің 26 көшесіне 512 бірлік мекенжай тақтайшасы орнатылды.

Газдандыру  жалғасуда

Аудан аумағында 174 км-ден 110 км газ құбыры салынды, 1600-ден астам абонент қосылды. Қалған желілер ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталады. Бүгінгі таңда қалған 64 км бойынша жұмыстар жалғасуда, бұл 36 000 тұрғын мен 4995 тұрғын алабының абонентін газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Үш сағатқа созылған кездесуде аудан халқы өздерін толғандырған өзекті мәселелерді ортаға салды. Соның ішінде тұрғын үйлерді жөндеу, жеделсатылардың тозығы жеткені, құрылыс компанияларының проблемалық нысандары, газдандыру, жолдардың жөнделмеуі және жылы аялдамалардың  аздығы, көшелерді жарықтандыру және өзге де жекелеген тақырыптар бойынша мәселелер көтерілді.

Тұрғындарды толғандырған мәселенің бірі – жеке секторды газбен қамтамасыз ету. Сондай-­ақ кездесуде сөз алғандардың айтуынша, тұрғын алаптағы бес көшеде бағдаршамның болмауы жол көлік оқиғаларының көбеюіне әкелуде. Барлық көше бірдей жарықтандырылмағандықтан, кешкісін көшеде жүру қиын. Сондықтан алап тұрғындары түнгі патрульдің болуын ұсынды. Үркер қаланың сыртында орналасқандықтан бейнебақылау камералары, әсіресе балалар ойын алаңдарына қажет-ақ.

– Соңғы үш жылда Нұра ауданының дамуы мен абаттандырылуы тұрғындардың ұсыныстарын ескере отырып, жүйелі түрде жалғасуда. Үркер тұрғын алабында көп жұмыс атқарылды. Өрт сөндіру бөлімі, мектептер, балалабақшалар пайдалануға берілді. Негізгі көшелерге асфальт төселді, жаңа автобус маршруттары іске қосылды. Неше жылдан бері жүргізілмеген газ қосылды. Ол кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Жыл соңына дейін тұрғын алап толығымен газдандырылады.  Сіздердің бас­тамаларыңызбен қала әкімдігі қолдау білдіріп, игі жұмыстар жүзеге асырылды. Алдағы уақытта да жалғаса береді. Келесі жылы «GreenLine» саябағы мен Әйтеке би көшесіндегі саябақты аяқтау жоспарланып отыр, – деді қала басшысы.

Аудан тұрғындарын жол қозғалысы мәселесі де толғандырады. Қаладағы көлік кептелісін шешудің жолдары туралы елорда әкімі мынадай уәж айтты. Бас қалада автобустардың орташа жылдамдығы 3,5 км/сағатқа артып, жолаушылар ағыны күніне 1,15 миллион адамға дейін өсті. Екі жарым жыл ішінде автопарк 900 автобуспен толықты, 2026 жылға қарай тағы 400 автобус қосылады. Тәуелсіздік даңғылынан әуежайға дейін жаңа автожол салу жоспарлануда, бұл Мәңгілік ел даңғылына жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Кездесуде Астанадағы бұрынғы Орталық әмбебап дүкеннің ғимаратын жөндеуді кім қаржыландыратыны туралы мәселе көтерді. Осыған орай әкім бюджет қаражатының бұл мақсаттарға жұмсалмайтынын жеткізді.

Асқар Забибулин көшесінің тұрғындары осы маңда отырғызылған ағаштардың күтімсіз қалғанын, кейбірі қисайып бара жатқанын, сондай-ақ  Үркердің аумағында бос жатқан учаскелердің  барын, ол қоқыстың орталығына айналғанын айтты.

– Сөзіңіздің жаны бар. Қалада Тұран көшесінің бойында, Мәңгілік ел бойындағы скверде, Ш.Айтматов көшесіндегі былтыр, алдыңғы жылы егілген ағаштардың біреуі де солған жоқ. Өйткені ол жерде бақылау бар және «Зеленстрой» қамқорлығына алып отыр. Ал енді Үркерде жағдай басқаша. Үш-бес жыл бұрын егілген ағаштар солып жатыр. Биыл күзде егілген ағаштарға ерекше бақылау болады. Солып қалған ағаштардың орнына көктемде жаңа жасыл желек отырғызылады. Оны мен бақылауыма аламын. Ал бос жатқан жерлер бойынша аудан әкімі маған есебін береді, оның иелері бар шығар, анықтаймыз. Сіздердің барлық мәселелеріңіз осы жерде қаралды, шешуге қалдырылғандарымен бір-бір жарым аптада аудан белсенділерімен, жауапты мекеме басшыларымен бірге кездесу өткізіп, толығымен шешіледі, – деді Жеңіс Қасымбек.

Қала басшысы кездесуде көтерілген әр мәселе бойынша жауапты компания өкіліне аталған проблеманы тез арада шешуге тапсырма берді.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button