Келелі мәселе кеңесте қаралды
Қалалық мәслихаттың мәжіліс залында Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынды кеңес төрағасы Зұлфухар Ғайыпов жүргізді. Отырыста қала өмірінің маңызды салаларын қамтитын бірқатар нормативтік-құқықтық актінің жобасы қаралды.
Кеңес барысында «Астана қаласының әлеуметтік маңызы бар қатынастарының тізбесін айқындау туралы» 2025 жылғы 26 желтоқсандағы №375/48-VIII мәслихат шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі талқыланды. Бұл бағытта тиісті басқарма басшылары баяндама жасап, ұсынысын ортаға салды.
Ең әуелі сөз алған Астана қаласы Қаржы басқармасының басшысы Алмат Сейтқұлов 2025 жылғы қала бюджетінің атқарылуы туралы баяндады. Оның айтуынша, бюджет саясаты қаланың даму бағдарламасында және бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жоспарларында белгіленген мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуге бағытталған.
«2025 жылы меншікті кірістер көлемі 1246410,9 млн теңгені құрап, жоспар 102,8%-ға орындалды. Оның ішінде салық түсімдері 1183504,4 млн теңге болып, жоспар 102,1%-ға орындалса, салық емес түсімдер 50113,2 млн теңгеге жетіп, 121,9%-ды құрады. Сонымен қатар негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер 11621,1 млн теңгені құрап, жоспар 122,7%-ға орындалды. Бюджет шығысы бойынша атқарылу көрсеткіші 1817585,1 млн теңгені немесе 99,3%-ды құрады» деді Алмат Еркінұлы.
Бұдан бөлек, көлік саласына қатысты мәселелер де кеңінен қаралды. Астана қаласы Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы басшысының орынбасары Тұрсынәли Жәкеновтің мәліметінше, тұрғындардың қажеттіліктері мен қолданыстағы маршрут желісі ескеріле отырып, қосымша 5 жаңа маршрут іске қосылған. Оларды әлеуметтік маңызы бар қатынастар тізбесіне енгізу жоспарланып отыр екен.
«Жаңа қосылған бағыттар сынақ кезеңінен өтті және тәулігіне 30 мыңға жуық жолаушы тасымалдайды. Бұл олардың қала тұрғындары арасында жоғары сұранысқа ие екенін көрсетеді» деді Тұрсынәли Жақсылықұлы.
Сонымен қатар аталған маршруттар қаланың негізгі жолаушы ағындарын байланыстырып, маңызды нысандарға қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді және қала аумағының басым бөлігін қамтып отыр.
Отырысты қорытындылай келе, қаралған мәселелер бойынша мәслихаттың тиісті шешімдері қабылданып, бұрынғы кейбір шешімдердің күші жойылды.
Шапағат ӘБДІР



