Кел, бауырым, көрісейік!

14 наурыз – Көрісу күні. Бұл – Қазақстанның батыс өңірі мен Ресейдің шекаралас аймақтарындағы қазақтардың арасында сақталған ежелгі дәстүр. Мұны Амал мерекесі деп те атайды.
Ат төбеліндей ауылдың Амал мерекесін асыға күтетіні бар. Себебі Жер-ана беті жібіп, айнала ажарланып, алдымен ауылға сән кіреді. Мал төлдейді. Қытымыр қыстың сірескен қары жұқарып, ел-жұрттың аузы аққа тие бастайды. Көктемнің алғашқы күні Көрісу күнімен орайласып, тай-құлыны тебісіп өріс кеңейіп, ағайын арқа-жарқа болады.
– Көрісу күнін асыға күтеміз. Неге? Өйткені алыстағы ағайынмен тығыз байланыс орнайды. Қыс бойы көрмеген туысыңды көріп, көңілің бірленеді. Арада болған түсініспеушілік, арыз-шағым ұмытылып, қыстан есен шыққан ел-жұрт өткенге шегініс жасап, келер күннің берекесін тілейді. Кешірім сұрайды. Ағайын арасындағы араздық кешіріледі. Көрісу күні екі адам бір-біріне қос қолын ұсынып көріседі. Құшақтасады. Шаңыраққа шаттық тілеп, мал-жанның аман болуын Жаратушыдан сұрайды. Үйдің егесіне береке-бірлік тілеп, ақ дәмнен ауыс тиеді. Ұлан-асыр той болады. Міне, Амал мерекесі осы үрдісімен қызықты. Сондықтан осы күнді асыға күтеміз, – деп ағынан жарылды Астанаға қыдырып келген Айболат Өмірзақов.
Көрісу күнін қала тұрғындары қаншалықты біледі деген ниетпен қала тұрғындарына сауал жолдағанбыз. Өкініштісі сол, көбі білмейтін болып шықты.
– Мұндай күн бар екенін естімеппін. Өзім Солтүстік Қазақстанның тумасымын. Біздің жақта мұндай мереке болған емес. Қазір мейрам көбейіп кетті ғой, мүмкін жаңадан шыққан мереке шығар, – деді аты-жөнін айтудан бас тартқан қала тұрғыны.
– Көрісу күні еліміздің батыс өңірінде кеңінен таралған. Бұл жайында хабарым бар. Әрине, тәрбиелік мәні бар мереке болса, кеңінен насихатталғаны жөн. Ағайынның басы бірігіп, бір-біріне ақжарма тілек ақтарып отырғанға жететін ештеңе жоқ қой! Сондықтан ел болып тойлап жатса қарсылығым жоқ, – деді қала тұрғыны Амантай Асқарұлы.
14 наурыз – қазақ халқының көне әрі қасиетті дәстүрлерінің бірі Амал мерекесі, яғни Көрісу күні. Бұл – қыстан аман шығып, бір-бірімізбен қауышып, ағайын-туыс, көрші-қолаңмен көрісетін ерекше күн. Ата-бабамыз мұндайда өкпе-ренішті ұмытып, бір-бірінің қолын алып: «Бір жасыңмен!», «Жасың құтты болсын!» деп құшақ жайып амандасқан.
– Бұл – адамдардың бір-біріне мейірім мен ізгілік сыйлайтын күні. Кішілері үлкендерге сәлем беріп, батасын алады. Қонаққа бару – туыс-туған, көрші-қолаңды аралап, амандық сұрау. Әр отбасы ақ дастарханын жайып, бауырсақ пен тәтті тағамдарын әзірлеп, қонақ күтеді. Амал мерекесі тек көрісу ғана емес, бұл – жаңару, татулық, бірлік пен берекенің басталатын күні. Баршаңызға амандық, молшылық, жүректеріңізге тыныштық тілеймін. Әр шаңыраққа қуаныш пен береке орнасын. Амал мерекесі құтты болсын! Бір жасқа шығуыңызбен! – деп ақ тілегін арнады астаналық тұрғын Кенжегүл Тайғара.
Көзімізді ашқалы, қадамды нық басқалы Көрісу күні мерекесі есімізде шегеленіп қалған. Балталасаңда бұзыла қоймас. Әжем жарықтық алыстағы ағайын-туысты асыға күтіп отыратын. Сол күні кешкілік көрші ауылдардың адамдары біздің шаңыраққа келе бастайды. Үйдегі үлкен кісіге көрісіп, аман-саулығын сұрасып, қонақ болып қайтады. Шаңырақта арнайы мал сойылады, табақ-табақ ет тартылады. Әулеттің бала-келіндері қонақ күтіп, батасын алуға асығады. Бұл жылдағы бұлжымас дәстүр еді. Осының барлығы тәлім мен тәрбие екені айтпаса да түсінікті. Жалпы ауылдағы қарты бар қара шаңырақтар қонақтан үзілмейді. Алысты жақыннан туғандары келіп, мәре-сәре боп жатады. Мерекенің басы осы бір күнмен шектеліп қалмайды. Жалғаса береді. Үзілгеннің жалғанып, өшкеннің жанғанын Амал мерекесінде көруге болады. Бұл үрдіс ел бойынша жалғасын тапса жаман болмас еді.
Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ



