«Kaztraffic-2025» ХХІ Халықаралық көрмесі өтеді

2025 жылғы 19–21 қараша аралығында Астана қаласындағы EXPO халықаралық көрме орталығында ҚР Көлік министрлігінің қолдауымен «Kaztraffic-2025» ХХІ Халықаралық көрмесі өтеді. Аталған іс-шара – ТМД кеңістігіндегі жол құрылысы мен инфрақұрылымын дамытуға арналған ең ірі және беделді салалық көрме, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Биыл көрмеге Қазақстан, Қытай, Түркия, Италия, Франция, Канада, Өзбекстан және басқа да елдерден 300-ден астам компания қатысады. Іс-шара барысында әлемге әйгілі жол-құрылыс техникасы, материалдары мен жабдықтарын өндіруші жетекші компаниялар өздерінің соңғы жетістіктері мен инновациялық шешімдерін, сондай-ақ келешегі зор үлгілерін ұсынатын болады.
Көрменің басты ерекшелігі – салалық ғылыми бағыттағы жетістіктерге басымдық берілуі. Әлемнің жетекші ғылыми-білім беру орталықтары өздерінің кешенді экспозицияларын ұсынып, келушілер мен қатысушыларды жаңа зерттеу нәтижелері және инновациялық әзірлемелермен таныстырады.
«Kaztraffic-2025» көрмесі аясында қазақстандық ғалымдар мен инженерлер әзірлеген инновациялық жобалар алғаш рет көпшілік назарына ұсынылады. Олардың бір бөлігі сынақ кезеңінен өтуде, ал кейбірі келер жылы өндірістік қолданысқа енгізіледі деп жоспарлануда. Бұл бастама – отандық жол-құрылыс саласының мамандары үшін ерекше маңызды бағыт, өйткені ұсынылып отырған технологиялар мен шешімдер жақын болашақта саланың ажырамас бөлігіне айналмақ.
«Kaztraffic-2025» алаңы әзірлеушілермен тікелей пікір алмасуға, инновациялық жаңалықтар туралы ашық диалог форматында толық ақпарат алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа әдістер мен технологияларды уақытылы енгізуге жол ашары сөзсіз.
«Kaztraffic-2025» көрмесі аясында Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты мен Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы өздерінің жаңа әзірлемелері мен заманауи шешімдерін ұсынады.
• Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты келесі жобаларды таныстырады:
• жол-құрылыс материалдары мен жаңа технологиялардың бірыңғай деректер базасы;
• көпір құрылыстарының пайдаланылуын басқару жүйесі;
• елді мекендердің көше-жол желісін ұйымдастыру және басқару жүйесі;
• Қазақстан Республикасының жол саласы мамандарының бірыңғай базасы;
• Сондай-ақ жаңа стандарттар мен нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуге қатысу туралы мәліметтер.
Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы келесі цифрлық шешімдерді ұсынатын болады:
• жұмыстар мен материалдардың сапасын сараптауды цифрландыру жүйесі;
• жол-құрылыс материалдарының сынамаларын анонимді таңбалау жүйесі;
• орташа жөндеу жобаларының техникалық құжаттамасын қабылдау және сараптауға арналған электрондық платформа;
• жол ақауларын автоматты тану жүйесі;
• жолшы мамандарды оқытуға арналған виртуалды тренажер;
• орташа жөндеу жобалары бойынша атқарушы құжаттаманы бақылаудың ақпараттық жүйесі.
«Астана Тазалық» коммуналдық кәсіпорны көрме аясында әлемдік экологиялық стандарттарға сай келетін жаңа буындағы техника үлгілерін ұсынады. Аталған техника тәулік бойы адам қатысуынсыз, толықтай автоматтандырылған режимде көше тазалау жұмыстарын орындауға мүмкіндік береді.
Көрмеде ұсынылатын барлық телематикалық және цифрлық шешімдер жасанды интеллект алгоритмдеріне негізделген. Олар өндірістік үдерістерді оңтайландыруға, адами фактордың ықпалын азайтуға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған.
Көрмеге бизнес өкілдері мен ғалымдардан бөлек, түрлі елдердің мемлекеттік жол әкімшіліктері, салалық одақтары мен қауымдастықтарының жоғары лауазымды өкілдері қатысады. Олардың мүдделері көлік-логистикалық және инвестициялық сипаттағы ірі халықаралық жобаларға бағытталған. Олардың басты назарында – ірі халықаралық көлік-логистикалық және инвестициялық жобаларды дамыту мен ынтымақтастықты кеңейту мәселелері.
«Kaztraffic-2025» халықаралық көрмесі – тек кәсіби мамандардың бас қосатын алаңы ғана емес. Бұл – әртүрлі аудиторияға арналған қызықты көрме бағдарламалары мен бірегей техника үлгілерінің нақты жұмыс жағдайындағы көріністерін қамтитын ірі салалық оқиға. > ҚР Көлік министрлігі / Министерство транспорта РК🇰🇿: Бұл – әлемнің түкпір-түкпірінен келген жол саласы мамандарының басын қосатын маңызды алаң, сондай-ақ жастар үшін болашағы зор саланы танып-білуге, өз орнын табуға және кәсіби тұрғыда дамуына ерекше мүмкіндік.
Көрме барлық ниет білдірушілерге ашық және тегін түрде өткізіледі. Қатысу үшін ұйымдастырушының ресми сайтында алдын ала тіркеліп, электронды қонақ билетін рәсімдеу қажет.
19 қараша күні сағат 9:00-де тіркелген әрбір қатысушыға толық шығармашылық еркіндік беріледі: Көрмедегі кез келген оқиға мен нысанды еркін түрде фото-бейнематериалдарға түсіріп, сұхбат алып, өз материалдарын қалаған платформасында жариялай алады. Ешқандай шектеу жоқ – тек мүмкіндіктер әлемі!
«Kaztraffic-2025» ХХІ Халықаралық көрмесінің өтетін орны мен уақыты
📅 19–21 қараша 2025 жыл
📍 EXPO Халықаралық көрме орталығы, Мәңгілік Ел даңғылы, 53/1
Салтанатты ашылу рәсімі – 19 қараша, сағат 10:00.
Сіздерді «Kaztraffic-2025» ХХІ Халықаралық көрмесіне қатысуға шақырамыз.
Жол саласының жаңа жетістіктерін бірге тамашалап, жаңа көкжиектерге жол ашайық!



