Ел тынысы

Кассациялық реформа: Қазақстан сот жүйесінің жаңа кезеңі

2025 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасында қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша үш мамандандырылған кассациялық сот өз жұмысын бастады. Бұл өзгерістер Президенттің тапсырмасы аясында жүзеге асып жатқан сот-құқықтық реформаның маңызды кезеңіне айналып отыр. Реформаның негізгі мақсаты ‑ азаматтардың сот әділдігіне қол жеткізу мүмкіндігін кеңейту, сот шешімдерінің әділеттілігі мен заңдылығын қамтамасыз ету.

Реформаның қажеттілігі неде болды? Жаңа жүйе енгізілгенге дейін кассациялық сатының өкілеттіктерін Жоғарғы Сот жүзеге асырып келді. Алайда бұл тәртіпте әртүрлі істерге қатысты біркелкі емес көзқарастар қолданылды:

  • Азаматтық істер бойынша шағымдарды бір судья жеке қарайтын;
  • Қылмыстық істер алдын ала үш судьядан құралған алқа арқылы іріктелетін;
  • Әкімшілік істерде толық (сплошная) кассациялық тәртіп қолданылып, істер іріктеусіз қаралатын.

Осындай әртүрлі тәсілдер азаматтардың құқықтарын қорғауда теңсіздікке әкеліп, сот әділдігіне деген сенімді төмендетті. Сондықтан кассациялық сатыларды жаңғырту ‑ уақыт талабы болды.

  1. шілдеден бастап не өзгерді?

Енді Астана қаласында үш дербес кассациялық сот жұмыс істейді:

  • Қылмыстық істер бойынша кассациялық сот;
  • Азаматтық істер бойынша кассациялық сот;
  • Әкімшілік істер бойынша кассациялық сот.

Басты жаңалық ‑ барлық істер толық кассациялық тәртіппен қаралады. Яғни, кез келген арыз алдын ала іріктеусіз өндіріске қабылданып, кемінде үш судьядан құралған сот алқасы арқылы мәні бойынша қаралады.

Теңдік пен қолжетімділік ‑ басты қағидаттар. Жаңа модель бойынша енді азаматтардың сотқа жүгіну құқығы біріздендіріліп, барлық тараптарға тең мүмкіндік беріледі. Бұрын азаматтық немесе қылмыстық істер бойынша арыздарды қарауға рұқсат берілмеуі мүмкін еді. Ал енді бұл тәжірибе жойылып, әрбір шағым міндетті түрде қаралады.

Бұл:

  • Сотқа қолжетімділікті арттырады;
  • Сот төрелігінің болжамдылығын күшейтеді;
  • Азаматтардың әділ шешім алу құқығын нақтылайды;
  • Сот жүйесіне деген сенімді нығайтады.

Сонымен қатар, арыздарды қарау мерзімі 6 айдан аспайды. Бұл да халық үшін сот процесін жеделдетуге үлкен септігін тигізеді.

Жаңа жүйе енгізілуімен:

  • Кассациялық соттар негізгі кассациялық істерді қарайды;
  • Жоғарғы Сот енді сот тәжірибесінің бірізділігін қамтамасыз ететін орган ретінде әрекет етеді.

Жоғарғы Сот енді тек ерекше жағдайларда, өзінің бастамасымен, жүйелі құқық бұзушылық немесе заңды дұрыс қолданбау сияқты жайттар анықталған кезде ғана істерді қайта қарай алады.

Бұл өзгеріс сот жүйесін жеңілдетіп, Жоғарғы Сотты қағидаттық құқықтық ұстанымдарды қалыптастырушы орган ретінде айқындауға жол ашады.

Реформаның нәтижелері мен күтілетін әсері.

Жаңа кассациялық модель арқылы:

  • Кассациялық қараудың әділдігі мен сапасы артады;
  • Азаматтардың шағымы бойынша заңдылықтың сақталуы күшейеді;
  • Сот актілерінің тұрақтылығы мен заңға сәйкестігі артады;
  • Сот жүйесі ашық әрі сенімді бола түседі.

Сот істерін алқалы қарау тәсілі судьялардың ішкі кәсіби талқылауын дамытып, субъективті шешім қабылдау ықтималдығын төмендетеді.

Жаңа кассациялық тәртіп ‑ бұл «Заң және тәртіп» қағидатының нақты іске асуы. Ол:

  • Конституциялық құқықтарды қорғауды күшейтеді;
  • Құқықтық теңдікке жағдай жасайды;
  • Сот билігінің ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз етеді;
  • Халықтың әділеттілікке сенімін арттырады.

Бұл реформа халықтың талап-тілегіне, құқықтық мемлекеттің қажеттілігіне жауап беретін нақты қадам болып саналады.

2025 жылдың 1 шілдесінде үш жаңа кассациялық соттың іске қосылуы ‑ Қазақстан сот жүйесінің сапалық деңгейге көтерілуінің айғағы. Бұл тек құрылымдық өзгеріс емес, бұл ‑ азаматтардың құқықтарын қорғауда нақты нәтиже беретін, әділдікке жеткізетін жаңа институттың іске қосылуы.

Сот-құқықтық реформаның бұл кезеңі ‑ әділетті, тиімді және заманауи сот жүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды бетбұрыс.

А.Ахметова, 

Астана қаласының  мамандандырылған ауданаралық

тергеу сотының  бас маманы 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button