«Кар-Тел» (Beeline) компаниясы алаңында Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясы жобасын талқылауға арналған кездесу өтті. Іс-шараға компания қызметкерлері офлайн форматта, сондай-ақ онлайн режимде қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Кездесу Астана қаласы Қоғамдық кеңесі комиссиясының төрағасы Бақдәулет Жанділдаевтың төрағалығымен өтті. Талқылауға сондай-ақ «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы қалалық штабының мүшелері спикер ретінде қатысты.
Әңгіме өзегінде жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері, ұсынылып отырған өзгерістердің мазмұны және олардың елдің одан әрі дамуы тұрғысындағы маңызы болды. Сонымен қатар құқықтық тетіктерді нығайту, қоғамдық қатысуды кеңейту және маңызды мемлекеттік бастамаларды ашық талқылау мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу форматы қатысушыларға конституциялық реформаның негізгі бағыттарымен танысып қана қоймай, сұрақтар қойып, пікір алмасуға және ұсынылып отырған өзгерістердің қоғамдық маңызын талқылауға мүмкіндік берді. Мұндай диалог азаматтық қатысу мен қоғамдық жауапкершіліктің рөлі жөнінде мазмұнды әңгіме өрбітуге маңызды алаң болды.
Кездесу барысында 15 наурызда жалпыұлттық референдум өтетіні, сол күні әр азамат өз ұстанымын білдіріп, дауыс бере алатыны да атап өтілді.
Іс-шара қорытындысы бойынша конституциялық күн тәртібі мәселелері жөніндегі кең ауқымды қоғамдық диалогтың бір бөлігі ретінде еңбек ұжымдарымен, кәсіби қауымдастықпен және бизнес өкілдерімен осындай кездесулерді жалғастырудың маңыздылығы атап өтілді.



