Канадалық науқас Ұлттық нейрохирургия орталығына емделуге келді

Канада азаматы алғаш рет Қазақстанға мойын омыртқасына көпфункционалды жасанды диск орнату бойынша жоғары технологиялық операция жасау үшін келді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Шетелдік пациентке мойын омыртқасы бөлігінде жарық (грыжа) диагнозы қойылып, оған заманауи көпфункционалды протез қолдану арқылы операция жасалды. Бұл протез мойын омыртқасының табиғи қозғалысын сақтауға және қимыл-қозғалыстың толық қалпына келуіне мүмкіндік береді.
Ота микроскоп арқылы, аз инвазивті тәсілмен, заманауи хирургиялық құрал-жабдықтарды пайдалана отырып, жоғары дәлдікті микрохирургиялық әдістерді меңгерген мамандардың қатысуымен жүргізілді.
Пациент Натальяның айтуынша, ол Қазақстанға арнайы мақсатпен келген, себебі ұзақ уақыт бойы қатты бас ауруы, қол мен арқадағы сіресу және ұю белгілерінен зардап шеккен.
«Бес жыл бойы ауырсыну мен жайсыздық сезіндім, ал операциядан кейінгі келесі күні-ақ жеңілдеп қалдым», – дейді Наталья.
Наталья Канадада 25 жылдан астам уақыт тұрып келеді. Денсаулығы нашарлаған соң ақылы емделу нұсқаларын іздеп, интернет арқылы Ұлттық нейрохирургия орталығының сайтын тапқан.
Ол бұған дейін Қазақстанда болмағанын және ел туралы көп білмегенін атап өтті. Алайда Орталық туралы ақпаратпен танысып шыққан соң, бұл — заманауи әрі білікті медициналық ұйым екеніне көз жеткізген.
«Операция ең жоғары деңгейде өтті. Медициналық персоналдың кәсібилігі мен ықыласына тәнтімін. Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлеріне қамқорлығы мен жоғары сапалы емі үшін алғыс білдіремін», – деді Наталья.
Пациент спиналдық нейрохирургия бөлімінің жетекшісі, профессор Талғат Керімбаевқа ерекше ризашылығын білдіріп, Орталық ұжымына өркендеу мен табысты жұмыс тіледі.



