Кәсіптік бағдар беруге жүйелілік жетіспейді

Кез келген кәсіптің нәсібі мамандықты дұрыс таңдағанда еселеп артады. Алайда бұл таңдауға келгенде шалыс басып, салдарынан жұмыссыз қалып, мамандығы бойынша қызметті әрі алып кете алмай, қиналатындар баршылық. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, елімізде колледж бітірген жастардың шамамен 29 пайызы, ал жоғары оқу орындары түлектерінің 17 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Десе де, кейбір бейресми дереккөздерге сай оқу орнын бітіргендердің 40-60 пайыздай үлесі басқа салада еңбек етуді құп көреді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін биыл орта білім беру ұйымдарында педагог-кәсіби бағдар беруші лауазымы ресми түрде енгізілді. Бастама саладағы мәселені шешуге қаншалықты ықпал етпек? Елімізде кәсіптік бағдар беру деңгейі қандай?
Нарық сұранысы мен білім беру жүйесінде алшақтық бар
Жұмысшы мамандықтары жылы аясында еңбек нарығының сұранысын арттыруға бағытталған бастамалар көтеріліп келеді. Соның бірі ретінде мектептерде кәсіби бағдар беру бағытымен енді арнайы мамандар айналысады. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сәйкес, қазірдің өзінде республика бойынша 1159 педагог-кәсіби бағдар беруші еңбек етуде. Алдағы оқу жылында олардың саны 8 мыңға дейін артпақ.
«Педагог-кәсіби бағдар беруші негізгі және жоғары сыныптардың білім алушыларымен жүйелі жұмыс жүргізеді. «MAMAN» ұлттық кәсіби бағдарлау бағдарламасы шеңберінде ерте кәсіби бағдарлау енгізу жоспарлануда. Оның қызметі кешенді сипатта. Оқу жылы ішінде барлық жастағы білім алушымен жоспарлы жұмыс істеу, тәрбие жұмысымен біріктірілген форматта қосымша сабақтар өткізу қарастырылады. Бұдан басқа, міндетті пәндермен ықпалдастыру тетігі ұсынылады. Жоғары сыныптарда негiзгi бағыттардың бiрi – оқушылардың колледждермен, жоғары оқу орындарымен, кәсiпорындармен байланыс орнатуы» деді өз сөзінде жауапты министрліктің орта білім беру комитетінің баспасөз хатшысы Айгерім Ашықбаева.
Елімізде сала мамандары болғанның өзінде олар оқушылардың сүйікті мамандықтарын таңдауға, дұрыс бағыт-бағдар беруге, жұмыссыздар санын азайтуға ықпал ете алатын шығар. Бірақ оқушылардың көбі таңдайтын жоғары оқу орындары еңбек нарығының сұранысын әлі де қамти алмай отыр. Өйткені филологтарды оқытуға бейімделген ЖОО білікті химик не инженерлерді оқытуға қауқарсыз келеді. Мұндайда грант үшін оқитын студенттер емес, грант үшін оқытатын ЖОО саны көп көрінеді. Осыны мәлімдеген ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер жөніндегі институтының қоғамдық пікірді мониторингтеу бөлімінің бас сарапшысы Гүлназ Қасымова қазіргі қазақстандық еңбек нарығындағы жағдай алаңдатарлық деңгейде дейді.
«Қазақстанда инженерия, IT, жаратылыстану ғылымдары саласында білікті маман тапшы, екінші тұрғыда гуманитарлық бағыттағы даярланған кадрлар саны көп болғанның өзінде, олар өз білімін іс жүзінде қолдана алмай жүр. Түлектердің мамандығына сай жұмыс таба алмауының негізгі себебі – білім беру жүйесі мен еңбек нарығының арасындағы алшақтық. Жоғары білім саласына мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлініп, мыңдаған грант ұсынылғанымен, нақты нәтиже көңіл көншітпейді.
ЖОО мен колледж түлектері көбіне қызмет көрсету саласына кетіп жатыр немесе жоғары білімді талап етпейтін жұмыс орындарын иеленуде. Мұндай үрдіс жұмыссыздықтың көбеюіне алып келеді. Бұл мәселені шешуде мектептегі кәсіби бағдар беру жүйесін жүйелеу маңызды. Бірақ еліміздің әр өңіріндегі мектептерде кәсіби бағдар бірізділікпен жүргізілмейді. Соның салдарынан оқушылар болашақ мамандығын таңдау кезінде көбіне дипломның беделіне қарап шешім қабылдайды, ал еңбек нарығындағы сұраныс ескерусіз қалады. Сондықтан білім саласына реформа енгізу – бүгінгі күннің нақты қажеттілігі. Егер кешенді өзгерістер жүзеге аспаса, еңбек нарығындағы тепе-теңдік бұзылып, әлеуметтік теңсіздік тереңдей түсуі мүмкін» деді сарапшы.
Мамандық таңдаудың машақаты қайтсе шешіледі?
Жыл сайын жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларының сапасын анықтау мақсатында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арнайы рейтинг жүргізіп келеді. Биылғы рейтингке еліміздің 95 жоғары оқу орны қатысты. 17 критерий бойынша жүргізілген рейтингте түлектердің мансаптық мүмкіндіктері, білім беру бағдарламаларының сапасы, жұмысқа орналасу деңгейі мен ұзақтығы және т.б. бағаланды. Рейтингті саралайтын болсақ, өткен жылмен салыстырғанда түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі төмендегенін көруге болады. Былтыр бұл көрсеткіш 81 пайыз болса, биыл 75 пайызды құрады. Оған себеп болған негізгі факторлар туралы «Атамекен» ҰКП Басқарушы директоры – Адами капиталды дамыту департаментінің директоры Азамат Бейсенбеновтен сұрадық. Спикердің сөзінше, оның бір себебі – түлектердің мамандығын кәсіптік бағдар берусіз таңдауы.
– Кейбір мамандықтар бойынша еңбек нарығында артықшылық байқалады. Түлектер саны бос жұмыс орындарынан асып түседі. Екіншіден, экономикалық тұрақсыздық пен жекелеген салалардағы өсім қарқынының баяулауы жас мамандарды жұмысқа қабылдаудың азаюына әкелді. Сонымен қатар, түлектердің барлығында бірдей жұмыс берушілердің талаптарына сай келетін практикалық дағды жоқ. Бұған қоса, кейбір студенттер мамандықты дұрыс кәсіби бағдарсыз таңдайды, сәйкесінше бұл жұмысқа орналасуда қиындық тудырады. Сондықтан айтарым, мектеп оқушылары өз қабілеттері мен еңбек нарығындағы сұранысты дұрыс түсінуі үшін оларға ерте кезеңнен кәсіби бағыт-бағдар берілгені маңызды. Біз өз тарапымыздан талапкерлерге мамандық таңдауда көмектесу үшін рейтинг нәтижелерімен таныстырып, арнайы семинарлар, ақпараттық сессиялар өткіземіз. Сонымен қатар, ата-аналар мен мектеп мұғалімдеріне де түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды, өйткені олар да болашақ түлектердің таңдауына әсер етеді, – деді А.Бейсенбенов.
Кәсіптік бағдар беру тек ЖОО-ға түсу үшін ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары студенттері үшін де бірдей қажет. Сондықтан колледж студенттерінің үлесін есептей келе, арнайы маманның жұмысы ерте жастан басталуы керек-ақ. Шетелдік тәжірибеге қарағанда, елімізде бұл бағыт тіпті ақсап тұрғандай. Мәселен, Финляндия мектептерінде 7-сыныптан бастап, «Мамандық таңдау негізі» пәні оқытылса, Германияда 8-9-сыныптарда міндетті өндірістік практика бар, ал Швецияда 9-сынып оқушылары кәсіпорындарда арнайы тағылымдамадан өтеді. Еліміз де халықаралық мысалдың қажетті жерін былтырдан бастап қолға ала бастады. 10-11-сынып оқушылары мектепте оқып жүріп, колледждерде қалаған мамандығы бойынша кәсіби білім алу мүмкіндігіне ие. Оқуын бітіргеннен кейін колледж дипломы да беріледі. Бұл бастаманы өткен жылы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов көтерген еді. Депутат сондай-ақ жұмысшы мамандықтарын кеңінен насихаттау үшін оқу-өндірістік комбинаттарын енгізуді ұсынды. Десе де, өткен ғасырдың тәжірибесін бүгінде жаппай енгізудің мәселесі де бар. Колледждердегі оқу-өндірістік шеберлерінің тапшылығынан бұрын, оқушыларды жаппай оқыту үшін кей білім беру ұйымдарындағы инфрақұрылымның бәрі заманауи деуге келмейді. Осы бастан оқушыларға қажеті – мамандық таңдауды ақыл сүзгісінен өткізуге ықпал етер білікті маман. Бұл бағытта бірнеше жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан арнайы ұйымдар мен жекеменшік орталық бар.
Солардың қатарындағы «Профориентологтар» қауымдастығының төрағасы Жадыра Тойбайдың айтуынша, кәсіби бағдар беруші педагогтарды арнайы оқытатын бағдарлама Қазақстанда жоқ. Бакалавр дәрежесіндегі диплом берілмегендіктен, педагогтар шетелдік бағдарламаларға жүгінуге мәжбүр.
– Оқушылары грантқа көп түскен ЖОО-дағы негізгі мәселенің бірі – 2-3-курс студенттерін «ұстап қалу». Яғни, мектеп түлегі мамандық өзіне ұнамаса да грантқа түсіп, алғашқы жылы бұл саламен танысқаннан кейін жоғары курстарда өзін сол маман иесі ретінде әрі қарай көрмей жатады. Тіпті 4 жылын оқуға сарп етіп, артынан дипломы бар, жұмысы жоқтардың үлесі де жетеді. Осындай мәселенің бірден-бір шешімі – кәсіптік бағдар беру. Егер балаға 7-сыныпта кәсіптік бағдар берілсе, 11-сыныпта ол қай саланы таңдайтынын біліп жүреді де, ҰБТ-ға мақсатты түрде дайындалады. Нәтижесінде грант саны да дұрыс игеріледі.
Қандай да бір ауру-кеселді емдеу үшін дәрігерге қаншалықты жиі қаралсақ, кәсіби бағдар беруші маманның да соншалық деңгейде көмегіне жүгінген абзал. Десе де, қаладан бұрын ауыл-аймақтарда кәсіптік бағдар беруге қатысты ақпарат кемшін. Педагогпен кеңесіп, мамандық таңдау дегенді кейбірі білмейді. Гранты көп мамандықты таңдай салады. Бірақ қоғамда мамандық таңдауда өз қабілеттерін ескеріп, жауапкершілікпен қарайтын оқушылардың бары қуантады. Соңғы екі жылда ақылы түрде жеке кеңес алуға жүгінетін ата-аналар да бұған бейжай қарамайды, – деді Ж.Тойбай.
Индира БЕРЖАНОВА