ӘлеуметБасты ақпарат

Кәсіпкерлікті қаржыландыру кеңеюде

Елордада шағын және орта бизнестің әлеуеті артып келеді. Бүгінде олардың саны 8,5%-ға өсіп, 250 мыңнан асқан. Өткен аптада бас шаһарда кәсібін дөңгелетіп отырған осындай бірнеше кәсіпорынға барып, олардың тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.

Нан болса, ән болады

 Астанада шағын және орта бизнеске арналған 600-ден астам жобаға «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры қолдау көрсеткен. Бұл – жай ғана инвестиция емес, өндірісті кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға үлкен көмек.

Ең алдымен С.Сейфуллин көшесінде орналасқан «Татым» заманауи технологияларды пайдалана отырып, бірегей рецептер бойынша эксклюзивті нан өнімдерін пісіретін кәсіп­орынға табан тіредік. Ауласына кіргеннен ыстық нанның иісі аңқып тұр. Жұмысшылар шағын жүк көліктеріне дайын өнімдерді тиеп жатыр. Сірә, түске дейін қала дүкендерін ыстық нанмен қамтамасыз етуге асық. Бізді күтіп алған өндіріс меңгерушісі Александра Шаймұхаметова «Вкус хлеба» брендімен шығатын бұл өнімдер сапасы арқылы тұтынушылардың сеніміне ие екенін мақтанышпен айтты. Компания дәстүрлі отбасы наубайшылық тәжірибені заманауи технологиялармен ұштастырып, айына шамамен 185 тонна өнім шығарады екен. Мұнда 80 адам еңбек етеді, 120-дан астам нан және ұн өнімдері бар.

«Қордың қолдауымен жаңа жабдық алып, еңбек өнімділігін арттырдық. Енді өнімдеріміз қала дүкендері мен HoReCa (кафе, мейрамхана, қонақ үй) сегментіне тарайды» дейді ол.

Көп тұрмай іштегі ахуалды өз көзімізбен көрдік.

«Біздің нан тек ұн, су, тұз және табиғи ашытқыдан жасалады. Ашытқы 12-48 сағат бойы табиғи түрде ашиды, сондықтан нан жеңіл, хош иісті және пайдалы болады. Біз суық ашыту әдісін қолданамыз, бұл дәм мен иісті жақсартады. Кейбір өнімдерді -35°C температурада тоңазытып, 6 айға дейін сақтай аламыз» дейді өндірістің технологы Оксана Спротова.

Айта кеткен жөн, 2024 жы­лы кәсіпорын Alatau City Bank арқылы ұлттық жоба шеңберінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау түрінде қолдау алды. Бұл өндірісті заманауи деңгейде одан әрі дамытуға мүмкіндік бермек.

Блоктар, сорғылар және биотазарту

Елордада өнеркәсіпке инновациялық шешімдер енгізіп жатқан кәсіпорындардың көбейгені қуантады. Соның бірі – «Tazau» тазарту құрылыстары зауыты. Компания тұрмыстық және өндірістік ағын суларды тазартуға арналған блок-модульдік жүйелер шығарады. 10 жылдан бері ТМД елдерінде жобаларын жүзеге асырып, экологиялық технологиялар нарығында сенімді серіктес атанып үлгерген.

«Біз полимерден жасалған жабдықтар шығарамыз, атап айтқанда, сорғы станциялары, майұстағыштар, су жинағыш резервуарлар және биологиялық тазарту станциялары. Мұндай жүйелер орталықтандырылған кәрізі жоқ ауылдарға орнатылады. Тазартылған суды көгал суаруға немесе табиғатқа зиян келтірмей төгуге болады» дейді компания директоры Айнұр Қасымқанова.

Оның айтуынша, 2025 жылдың басында «Tazau» «1-кепілдік қор» бағдарламасы аясында 200 млн теңге көлемінде қаржыландыру алып, өндірісін кеңейтуге бағыттаған. Осылайша, аталмыш қолдау жаңа экологиялық стандарттарға сай технологияларды енгізуге мүмкіндік беретін болды. Қаншама адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған кәсіп­орын өнімдеріне сұраныс көрші елдерден де көп түседі екен.

Шағын кәсіптен – көшбасшыға дейін

Біз барған келесі кәсіпорын – «Yans» ЖШС. Күнделікті ішіп жүрген шай-кофеміздің бір реттік ыдыстары, кафе-мейрамханалардан тапсырыспен алдыратын тағамдардың қаптамалары дәл осы жерден шығады екен. Яғни 3000-нан астам өнімнің түрі бар. Шынымды айтсам, мұндай майда-шүйде заттардың барлығы Қытайдан келеді деп ойлаппын. 2009 жылы құрылған кәсіпорын 15 жылдан астам уақыттан бері HoReCa секторы мен өндірістік ұйымдарды осындай сапалы өніммен қамтамасыз етіп келеді екен. Алғашында 5 адаммен басталған мекеме бүгінде 200 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Аймақта ғана емес, Алматы, Шымкент, Қарағанды қалаларынан филиалын ашқан. Қағаз майлықтан бастап лентаға дейін, ПЭТ бөтелкенің түрлері, сушиге қажет заттар, үй тазалауға арналған құрал-жабдықтардың барлығы осы жерден шығады.

«2025 жылы «Yans» «Даму» қоры «1-кепілдік қор» бағдарламасы арқылы 320 млн теңге, ал «Өрлеу» бағдарламасы бойынша 1,8 млрд теңге жеңілдетілген несие алды. Бұл компанияға өндірісті тұрақты жүргізуге және кеңейтуге мүмкіндік берді» дейді кәсіпорын өкілі Гүлмира Жұмабаева.

109 жоба қолдау тапты

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры кәсіпкерлерге үш негізгі құрал арқылы мемлекеттік қолдау көрсетіп келеді. Атап айтқанда, жеңілдетілген қаржыландыру, кепіл мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда несиелерге кепілдік беру және пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау.

Биыл маусым айында «Өрлеу» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарлама – пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға балама тиімді құрал, яғни кәсіпкерлерге кідіріссіз қаржы алуға мүмкіндік беріп отыр. Несие мерзімі – 10 жылға дейін, мөлшерлемесі – 12,6%. Астанада осы бағдарлама арқылы жыл басынан бері жалпы сомасы 63,6 млрд теңге болатын 109 жоба қолдау тапты.

Алмақтың да салмағы бар. 2025 жылдың 9 айында Астанада кепілдік беру бағыты бойынша 60,7 млрд теңге сомасына 290 жоба қолдау алған. Көбіне өңдеу өнеркәсібі, білім беру және көлік-логистика салаларына басымдық берілген. 2024 жылы қолдау алған сол кәсіпорындардан түскен салық түсімдері 156,5 млрд теңге болған. Әрине, бұл – ел экономикасының дамуына зор үлес.

«Біз кәсіпкерлерге жай ғана қаржылай көмек көрсетпейміз, тұрақты кәсіпкерлік экожүйесін құрамыз. Әрбір табысты жоба – елдің өркендеуіне қосылған үлес. Біз бағдарламаларды іске асыруда бақылау мен бағалауға ерекше көңіл бөлеміз, себебі дәл жүйелі мониторинг пен талдау қолдау тетіктерін уақытылы жетілдіруге және нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бағдарламаларды мониторингтеу нәтижесінде мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі артып келе жатқаны анықталды. Бұл әкімшілендіру үдерісінің жетілдірілуімен, цифр­лық құралдардың енгізілуімен және бизнес-қоғамдастықпен тығыз өзара іс-қимылдың орнауымен байланысты. Мұндай тәсіл кәсіпкерлердің қажеттіліктерін жедел анықтап, нақты экономикалық нәтиже беретін шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Біз қолдау тапқан жобалардың салық түсімдерінің өсуіне, өндірістің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және өңірлік экономикалардың нығаюына ықпал етіп отырғанын көріп отырмыз. 2024 жылы қолдау алған кәсіпорындардан түскен салық түсімдері 156,5 млрд теңгені құрап, елдің дамуына елеулі үлес қосты. Біздің мақсатымыз – тек бизнесті қолдау ғана емес, сонымен қатар әрбір табысты жоба елдің экономикалық өркендеуіне және халықтың өмір сүру сапасының артуына үлес қосатын берік кәсіпкерлік экожүйесін қалыптастыру» дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ бағдарламаларды басқару және мониторинг жөніндегі басқарушы директоры Нұрбол Жанабеков.

Расында, «Даму» қорының қолдауы бұл кәсіпкерлікті дамытудың сенімді тетігі ғана емес, бизнеске жаңару мен бәсекеге қабілеттілікті арттыруға жол ашатын нақты мүмкіндік екенін көзбен көріп қайттық.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button