Кәсіпкерлерге арналған ашық есік күні өтті

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасында бизнес субъектілеріне мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелеріне арналған ашық есік күні өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Іс-шара кәсіпкерлердің қолжетімді сервистер мен цифрлық құралдар туралы хабардарлығын арттыру, сондай-ақ мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту тетіктерін талқылауға арналды.
Кездесу барысында мемлекеттік органдардың өкілдері қызмет көрсету тәртібі және бизнеске қолжетімді цифрлық мүмкіндіктер туралы ақпаратпен бөлісті. Мәселен, салық қызметінің өкілдері қызмет көрсету саласындағы цифрландыру мен ашықтықты қамтамасыз ету бойынша қолға алынған шаралар туралы, сондай-ақ кәсіпкерлік қауымдастықпен өзара іс-қимылды жетілдіру жолдары жөнінде баяндады.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілдері мемлекеттік қызметтерді ұсынудың стандартты рәсімдерін түсіндіріп, өтініш беру тәртібі, мерзімдері және қызметтерді алу арналарына назар аударды.
Іс-шара қатысушылары мемлекеттік қызметтерді алу мәселелері бойынша түсініктемелер алып, өзекті мәселелерді талқылады және мемлекеттік құрылымдармен өзара әрекеттесуді оңтайландыру жолдарын ұсынды.