
«Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясының өкілдері «Атамекен» ҚР Кәсіпкерлерінің Ұлттық палатасы қызметкерлерімен кездесті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Атамекен» ҚР ҰКП – бизнес қоғамдастығы мен ҚР Үкіметі және мемлекеттік органдар арасындағы диалогты нығайтуға әрі өзара іс-әрекеттің тиімділігін арттыруға бағытталған коммерциялық емес ұйым. Палатаның негізгі міндеті – кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті реттейтін заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерді қалыптастыру үдерісіне бизнес өкілдерінің кеңінен қатысуын қамтамасыз ету.
Іс-шара барысында қатысушыларға жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері, сондай-ақ олардың қоғамның одан әрі дамуы үшін практикалық маңызы жан-жақты түсіндірілді. Кездесу ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар ұсынылып отырған өзгерістер бойынша сұрақтар қойып, өз пікірлерімен бөлісті.

«Жаңа Конституция жобасы кәсіпкерлікті дамытуға берік құқықтық негіз қалайды. Құжатта меншікке қол сұғылмаушылық және заң үстемдігі сияқты маңызды қағидаттар бекітілген. Бұл бизнес үшін тұрақты әрі болжамды реттеуші ортаны қалыптастырады» деді заң ғылымдарының кандидаты, Maqsat Narikbayev University профессоры Әлия Оразбаева.
Сонымен қатар, қатысушылар жаңа Ата Заң меншік құқығын қорғау тетіктерін күшейтетініне де тоқталды. Атап айтқанда, меншік иелерінің жағдайын нашарлататын нормаларды қабылдауға жол берілмейді. Бұл инвесторлар мен кәсіпкерлер тарапынан сенімді арттыруға ықпал етеді. Мемлекет мүліктік мүдделердің қорғалуына кепілдік беріп, іскерлік белсенділіктің дамуына қолайлы жағдай жасайды.
«2026 жыл кәсіпкерлік сектор үшін өтпелі кезең ретінде белгіленді. Бұл компанияларға жаңа талаптарға бейімделуге, қажетті өзгерістер мен цифрлық шешімдерді кезең-кезеңімен енгізуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде айыппұлдар мен санкциялар тәуекелі азайып, өзгерістер кезеңінде іскерлік ортаның тұрақтылығы сақталады» деп атап өтті Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі Дихан Қамзабекұлы.

Сондай-ақ спикерлер қатарында Жалпыұлттық коалициясы Астана қалалық филиалының төрағасы Ерлан Каналимов, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Олжас Сыдықбек болды.
Кездесу соңында кәсіпкерлер ұйымдастырушыларға жаңа Конституция жобасын мазмұнды түсіндіргені үшін алғыс айтып, елдің тұрақтылығын нығайтуға және одан әрі дамуына бағытталған жаңартылған Конституция ережелерін іске асыруда азаматтардың белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтті.


