Қоғам

Кәсіпкердің талап-тілегі маңызды

Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасында Өңірлік кеңес пен «Білім және жұмыспен қамту» салалық кеңесімен бірге елорда әкімінің орынбасары Есет Байкеннің қатысуымен жұмыс кездесуі өтті. Басқосуда бизнес пен қоғамдық ұйым өкілдерін толғандыратын өзекті мәселелер кеңінен талқыланды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

«SEED Educational Complex» ЖШС директоры Гүлсім Егізбаева өз сөзінде мектепке дейінгі білім беру жүйесінде жан басына қаржыландыру тетігін жетілдіру, жекеменшік балабақшалар үшін жер телімдерінің нысаналы мақсатын өзгерту рәсімін жеңілдету, сондай-ақ әлеуметтік осал санаттағы балалардың тамақтануына жұмсалған шығындарды өтеу кезіндегі қиындықтарды атап өтті.

Қоғамдық тамақтану кәсіпорындарының қызметіне қатысты мәселелерді Бөлшек сауда және қоғамдық тамақтану қауымдастығының өкілі Марина Лаптева көтерді. Ол жаз мезгіліндегі жалдау мен коммуналдық шығындардың қаржылық ауыртпалығына назар аударып, білім беру ұйымдарында жаңа тамақтану стандарттары енгізілген жағдайда баға саясатын қайта қарау қажеттігін айтты.

Креативті индустрия саласы атынан Еуразиялық Креативті Индустриялар Қауымдастығының өкілі Сәуле Самидин сөз сөйледі. Ол «ArtSport» бағдарламасын қаржыландыруды өзектендіру, мәдени инфрақұрылымды цифрландыру, сондай-ақ елорданың музей ісін қолдау мен дамыту мәселелерін көтерді.

«AltynAi Exclusive chocolate» ЖШС директоры Алтынай Рысқұлова өз баяндамасында іскер ортада қазақ тілін ілгерілету ұлттық бірегейлік пен бәсекеге қабілеттіліктің маңызды тетігі екенін ерекше атап өтті.

Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және спорт сияқты маңызды салалардағы кадр тапшылығы, сондай-ақ жекеменшік білім беру ұйымдарын қолдау мәселелері Жұмыспен қамту және әлеуметтік кәсіпкерлік жөніндегі қосалқы комитеттің мүшесі Ардак Ержанованың баяндамасында айтылды.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Берікұлы кәсіпкерлердің өтініштерін мұқият тыңдап, көтерілген әрбір мәселе бойынша түсініктемелер берді. Барлық ұсыныс тиісті уәкілетті органдарға жолданып, әрі қарай жан-жақты қаралатынын жеткізді.

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры міндетін атқарушы Жеңіс Тайшытаев мұндай кездесулер бизнестің мемлекеттік органдармен жүйелі диалог орнатуына, әкімшілік кедергілерді азайтуға және іске асырылып жатқан бастамалардың тиімділігін арттыруға ықпал ететінін сөз етті.

Кездесу соңында Есет Берікұлы мұндай отырыстарды ай сайын немесе тоқсан сайын тұрақты түрде өткізу туралы ұсынысты қолдады. Бұл бизнес-қоғамдастықтың сұраныстарына жедел жауап беруге және уақтылы шешім табуға мүмкіндік береді.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button