Кәсіпке жол: колледжден өндіріске дейін

Бүгін Астана электротехникалық зауытында Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Кәсіпке жол: колледжден өндіріске дейін» атты кәсіби бағдарлау кездесуі өтті. Шара Астана қаласы әкімдігінің Көлік және коммуникация жоғары колледжі студенттері мен АЭТЗ арасындағы әріптестікті нығайту және болашақ мамандарды қолдау мақсатында ұйымдастырылды.
Студенттер өндірістік ортамен танысып, заманауи жабдықтарды көріп, кәсіби шеберлік сабағына қатысты. Сондай-ақ жас мамандармен пікір алмасып, өз болашақтарына қатысты маңызды мәліметтер алды. Іс-шара кері байланыс сессиясымен аяқталып, қатысушылар естелік суретке түсті.
Бұл кездесу студенттердің техникалық мамандықтарға қызығушылығын арттырып, саналы кәсіби таңдау жасауына мүмкіндік берді.
Астана электротехникалық зауыты (АЭТЗ) – еліміздегі азаматтық және өнеркәсіптік бағыттағы электротехникалық жабдықтарды өндіретін ірі кәсіпорындардың бірі. 13 жылдан астам уақыт бойы нарықта табысты қызмет етіп келе жатқан зауыт бүгінде 2700-ден астам жобаны жүзеге асырып, 270-тен аса білікті маманды жұмыспен қамтып отыр. Өндірістік аумағы 15 500 шаршы метрден асатын алып кешен заманауи модульдік блокты қосалқы станциялар мен қуаттылығы 6-дан 35 кВ-қа дейінгі автоматтандырылған құрылғыларды әзірлейді.
«Біз жобаларды толық дайындап ұсынамыз»
Өндірістік директор Дархан Жанатұлы зауыттың даму барысы жайында:
- Біздің басты ерекшелігіміз – жобалаудан бастап, өндіріс, монтаж, іске қосу және пайдалануға беруге дейінгі барлық процесті өзіміз жүзеге асырамыз. Сонымен қатар біз болашақ мамандарға қолдау көрсетуді де басты назарда ұстаймыз. Колледждер мен ЖОО-лармен арнайы келісімшарттар жасалып, студенттерге өндірістік тәжірибеден өтуге толық жағдай жасалған. Бұл – маман даярлау ісіндегі маңызды қадам, – дейді.
Теориядан – тәжірибеге: студент көзімен
Кәсіптік техникалық колледжінің 2-курс студенті Айдос Балғынбек:
- 15 сәуірден бері осында өндірістік тәжірибеден өтіп жүрмін. Маған барлығы ұнайды. Мұнда өз мамандығыма қатысты көп дүниені меңгердім. Практиканың соңғы аптасы өтіп жатыр, ал мен бұл жерден өз болашағымды көріп тұрмын, – дейді студент.
«Зауыт – біздің сенімді серіктесіміз»
Астана қаласы әкімдігінің Көлік және коммуникация жоғары колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Дина Дәулетқызы:
- АЭТЗ-мен бірнеше жылдан бері серіктестік орнатып келеміз. Бұл жерде студенттер жаңа жабдықтармен жұмыс істеуді, заманауи әдістерді игереді. Нәтижесінде колледжді тәмамдар тұста олар толық дайын маман ретінде қалыптасады. Қазір алты студентімізді алып келдік. Жалпы, жүздеген шәкіртіміз осы зауытта тәжірибеден өтті. Көбісі кейін осы жерде жұмысқа орналасып жатады. Мұндай әріптестік біздің имиджімізді көтеріп қана қоймай, техникалық мамандықтардың беделін де арттыра түседі, – дейді.
Мастер-кластан алған әсер
Энергетика мамандығы бойынша білім алып жүрген 3-курс студенті Әбдірасул Амангелдиев:
- Бүгінгі шеберлік сабағына қатысқаныма өте қуаныштымын. Зауыт ішіндегі жұмыс барысымен танысып, өндірістік тәжірибе арқылы кәсіби білімімді жетілдіріп жатырмын. Бұл менің болашақта білікті маман ретінде қалыптасуыма үлкен ықпал етеді, – деп ойын бөлісті.
Астана электротехникалық зауыты тек сапалы өнім өндіретін ірі өндірістік нысан ғана емес, сонымен қатар болашақ мамандарды даярлайтын тәжірибелік білім ордасы. Колледж, университеттермен тығыз әріптестіктің арқасында жастар нақты өндіріс ортасында шыңдалып, еңбек нарығына дайын күйде шығуға мүмкіндік алып отыр. Студенттер үшін бұл кәсіби өсуге жол ашса, зауыт үшін – білікті кадрлар қорын қалыптастыруға үлкен қадам. Осындай өзара тиімді серіктестіктер техникалық білім мен өндірістің тығыз байланыста дамуына жол ашып, ел экономикасына нақты үлес қосары сөзсіз.
Аяулым Құдайберген,
ЕҰУ студенті