Кәсібіне берілген көлік жүргізуші

Астананың ажарын келтіріп, таң атқаннан күн батқанға дейін қала тазалығы жолында аянбай еңбек етіп жүрген жандар арамызда аз емес. Солардың бірі – «Астана Тазалық» ЖШС-нің жүк тиегіш көлік жүргізушісі Нұрбол Хангельдинов.
Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданының тумасымен көшеде, жұмыс үстінде таныстым. Орта мектепті ойдағыдай аяқтаған соң жекеменшік фирмаларда еңбек етіп, кейін әкесінің шақыруымен елордадағы тазалық мекемесіне жұмысқа орналасқаны туралы ол аз-кем әңгімелеп берді.
– «Астана Тазалық» компаниясына 2017 жылы келдім. Жасым 33-те. Бастапқыда МТЗ тракторында жүргізуші болып істедім. Ол кезде әкем серіктестікте тракторшы еді, биыл құрметті демалысқа шықты. 2019 жылы кәсіпорынға JCB шағын жүк тиегіштер келіп, соның бірін тізгіндеу маған бұйырды. Кішкентайымнан әкемнің жанында жүріп көргендерім мен үйренгендерім бұл кәсіпте көп көмегін тигізді. Еш қиналмадым. Енді міне, жаз, көктем, күз айларында жол жұмысшыларының жинап қойған қоқыстарын, қыста қарды жүк тиегішке салып, сыртқа шығарып, бас қаланың жолдарын тазартумен айналысып жүрмін. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан олар қақаған аязда да жаяу жүргіншілерге арналған тротуарларды қар мен мұздан тазартады, жазда ыстық күн астында көшелерді сыпырады. Ал біз арнайы техниканың көмегімен механикаландырылған тазарту жұмыстарын жүргіземіз, – деді Нұрбол Оразалыұлы.
Айтуынша, қаланың санитарлық тазалығын қамтамасыз етумен айналысатын кәсіпорындағы көліктер жылдың әр маусымына сай қысқы, жазғы және арнайы техника болып үш түрге бөлінеді екен.
– Қар тазалайтын қысқы машиналар көшелер мен тротуарлардағы қарды шығарса, тұз-құм себетін техника көктайғақтың алдын алуға, ал фронтальды тиегіштер қарды тиеп, арнайы орындарға шығаруға және самосвалдар жиналған қарды тасымалдауға арналған. Барлық техникалар GPS жүйесімен бақыланады және Астана әкімдігінің коммуналдық қызметімен үйлестіріле жұмыс істейді. Менің міндетім – жол жұмысшылары жинап қойған жүктерді көтеру, тасымалдау, тиеу және түсіру, – деді машинист.
Тазалық көліктерін жүргізу сырт көзге оңай көрінгенімен, оның тілін түсіну екінің бірінің қолынан келе бермейді. Шағын жүк тиегіш машинаға отыру үшін Нұрбол Оразалыұлы алдымен арнайы оқыту курсынан өтті. Ал күнделікті жұмысы медициналық тексерістен басталады. Содан соң бекітілген учаскеге барып, үйілген қоқысты жинауға кіріседі. Жұрт шырт ұйқыда жатқанда ол таңмен таласа тұрып, үйреншікті шаруасына асығады. Аптасына бір-екі күн ғана емес, күнде солай.
– Басқаларды білмеймін, өзім таңғы сағат төртте тұрамын. Бесте базада боламын. Жұмыс алтыда басталады. Оған дейін техниканы дайындаймын. Содан соң барып іске кірісемін. Еңбекақымыз тұрақты түсіп тұрады. Ай сайын 350-400 мың теңгеге дейін жалақы, мереке сайын сыйақы алып жүрміз. Еңбегім ескерусіз қалып жатқан жоқ, кейде мереке күндері мақтау қағазын, алғыс хат алып келемін, жаңа жылда кішкентайларға жеке-жеке тәтті қорапшалар береді. Сондайда балаларымның қуанғанын көрсеңіз. Жалпы, өз басым қала тазалығына атсалысқанымды мақтан тұтамын. Астанаға алғаш келген кездегідей емес, қазір адамдар қолындағысын қай жер болса сонда тастай салмайды. Қадам бассаң кездесетін қоқыс жәшігін тауып, соны пайдалануға тырысады. Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын жағдай мүлде басқаша болатын. Бүгінде тұрғындардың мәдениеті өскен, талғамы жоғары. Дегенмен, бәрі бірдей тәртіпті деуге келмес, қоқыс қалдықтарын жөнсіз тастайтындар да кездесіп қалады. Ал кейбір үлкен кісілер, қоларбада жүретіндер әдейі қасыма келіп алғысын айтып, батасын бергенде төбем көкке жеткендей болады, – деді көлік жүргізушісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Еңбекқорлық – ең асыл қасиеттің бірі. Еңбек адамы, ең алдымен, туған елінің жарқын келешегі үшін аянбай жұмыс істейтін адам». Бұл қағида Нұрболдың күнделікті өмірінде іске асуда.
Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ



