Басты ақпаратҚала мен сала

Кәріз суы қайда құйылады?

Астанада күн сайын мыңдаған текше метр лас су тазартылып, табиғатқа қайта оралады. Қолдануға болатын судан гөрі сарқын судың жиыны көп. Халық саны артқан сайын үнемдеп қолданбасақ, су тапшылығы Астана халқын тұқыртатын түрі бар.

Шамадан тыс жүктеме

Жанға жайлы өмір сүру үшін барлық жағдайды жасауға мүмкіндік іздейміз. Соның бірі – үйді-үйге кірген ыстық-суық судың ағыны. Астана қаласының әрбір тұрғын үйіне су жүйесі тартылған. Жүздеген текше метр су сәт сайын кәріз су құбырлары бойымен ағып жатыр. Алайда елді есепсіз сырылдап аққан сарқын судың жағдайы алаңдата қоймайтын сыңайлы. «Судың да сұрауы бар» деген даналық қаперімізден қашыққа кеткен сынды. Алаңдатар болса, тек ай соңында келетін коммуналдық төлем парағында жазылған сандардың көрсеткіші не жоғары, не төмендігі болса керек.

Елордада күн сайын шамамен 250 мың текше метр сарқынды су тазартылады. Бұл – жүздеген мың адамның тұрмыс және өндіріс қалдықтары. Қалада екі ірі су тазарту станциясы бар. Олар 1970-1980 жылдары салынған және қазір шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеп тұр. Кәріз құбырларына артылған жүктеме бүгінгіден де арта түссе, құбырлардың жарылып, мүлдем жарамсыз болып қалуы бек мүмкін.

Астана халқы соңғы 10 жылда 2 есеге жуық өсті. Демек, бұл дегеніміз кәріз жүйесіне түсетін қысымның да екі еселенгенін білдіреді. Астананың сыртқы аудандарында, әсіресе жеке үйлер көп шоғырланған аймақтарда септиктер саны артып келеді. Бір қарағанда, бұл шешім ыңғайлы көрінуі мүмкін. Бірақ жүздеген үйдің тұрмыс қалдығы топыраққа сіңіп, жерасты суына әсер етеді.

Қазірдің өзінде Астанадағы кәріз тазарту станциялары толық қуатында жұмыс істеп тұр. Дегенмен қаланың өсу қарқынына қарай бұл жүйені кеңейту мен жаңарту қажеттілігі туындап отыр. Қаланың экологиялық қауіпсіздігі тек көгалдандыру мен көлік саясатына емес, жер астындағы құбырлардың жағдайына да тәуелді. Жаңа технологиялар биофильтр, қайта өңдеу станциялары мен энергия өндіретін қондырғылар дамыған елдерде кәріз суын тек қалдық емес, ресурс ретінде қарастыруға мүмкіндік беріп отыр.

Сарқынды сулардың тазаруы

Көпшілік суды пайланған соң кәріз құбырлары бойымен қолдануға келмейтін орынға ағып кетеді деп ойлайды. Шын мәнісінде, су – табиғатта мәңгілік айналымда жүретін табиғи ресурс. Мүлдем жарамсыз деген күннің өзінде агрегаттық күйіне түрленіп, буға айналады. Демек, кәрізге не тастасақ, соны қайта жұтамыз деген сөз. Су қандай күйінде болсын адамзаттың кәдесіне жарайды. Мамандар осыны негізге ала отырып, су қорын сақтап қалу мақсатында кәріз суларын қайта тазартудан өткізеді.

«Қаладағы тұрмыс-өндіріс сулары қаламызда орналасқан кәріздік суларды тазарту кешеніне келеді. Бұл кешен тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді. Сулар төрт түрлі тазарту кезеңдерінен өтіп, әрі қарай Есіл өзеніне ағады. Бұл суларды көктем және күз айларында суық түскенге дейін қолданады» дейді «Астана су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бас инженер-технологы Фирюза Жұманқызы.

Мамандардың айтуынша, сарқынды сулар алдымен механикалық тазарту арқылы ірі қалдықтар мен құм-топырақтан бөлініп алынады. Келесі кезең – биологиялық тазарту. Мұнда бактериялар мен микроорганизмдер органикалық қалдықтарды ыдыратады. Содан кейін физика-химия әдістері қолданылады. Зиянды элементтер реагенттердің көмегімен бейтараптандырылады. Соңғы саты – дезинфекциялау, яғни суды толық зарарсыздандыру. Бұл үшін озон, ультракүлгін сәуле немесе хлор пайдаланылады екен.

Есілге ескерусіз құйылған су

Бұрын Астананың сарқынды сулары Талдыкөл аймағына бағытталып келген. Кейін экологиялық наразылықтар мен көл экожүйесінің бұзылу қаупіне байланысты бұл шешім өзгертілді. Енді тазартылған судың бір бөлігі Есіл өзеніне жіберіледі. Алайда тазалау деңгейі барлық талапқа сай емес. Егер биологиялық немесе химиялық тазалау толық орындалмаса, өзен-көлдегі тіршілік иелеріне қауіп төнеді. Ондағы тіршілікте өзгеріс байқалса, қала тұрғындарына әсері болмай қоймайды.

Кәріз суын ішуге бола ма?

Әлемдік қолданыста бар бірнеше методиканы өзімізге енгізіп келеміз. Маманның айтқанындай, кәріз суларын жарамсыз күйде қалдырмай, кешенді тазартудан өткізіп, көше тазарту жұмыс­тарына пайдаланып, көгалдандыруға да жұмсап жүрміз. Тасжолдың тазартылуы мен көше маңындағы ағаштарды суару үшін кешенді тазартудан өткен кәріз суларын пайдаланады. Қытайда кәріз суларын өндіріс, көгалдандыру, жол жуу, көлік жуу, мал азығын суару сияқты бағыттарға қолданады. Ал шыққан лай қалдықтарын тыңайтқыш ретінде өңдеп, қайта пайдаланады.

Ауыз су тапшылығы жайлы жер шарындағы экологтардың бәрі дабыл қағып отыр. Бірнеше ел тұщы судың қорын көбейту шарасын әлдеқашан бастап кеткен. Бізді сарқынды сулардың сарқылатыны аса қатты ойландыра қоймаса керек. Сарқынды сулар қалдық күйінде қара жерге, яки өзен-көлдерге түбегейлі құйылуда деуден аулақпыз. Кәрізден аққан су кәдеге асып жатыр. Дегенмен қайта ауыз су ретінде тұтыну мүмкіндігі бізде жоқ. Мәселен, Калифорния штатында ауыз су тапшылығы өте жоғары. Қуаңшылық қара жерді түгел қапқан. Калифорнияда кәріз суларын бірнеше рет тазарту арқылы қайта тұтынуға мүмкіндік алған. Тіпті дәретхана суын сүзгіден өткізіп, тұщы суға айналдырған. Осы арқылы түйткілді мәселенің түйінін шешіп отыр. Ал біз болсақ суды есепсіз қолданып, қорымызды күн сайын кемітіп жатырмыз. Бұлай жалғаса берсе, Калифорния штатындағы қуаңшылық жағдайы біздің басымызға түспесіне кім кепіл?

Қала көшелерінен қолаңса иіс шығады

Қаланың кей бөліктерінде кәріз суларының қолаңса иісі кеңсірігіңді жарады. Лажсыздан мұрныңды алақаныңмен тұмшалауға тура келеді. Жаз айларында тіптен қиын. Ыстық күнде жағымсыз иіске айналған ауамен тыныстау қиындық тудырады. Ескірген құбырлардан бөлінген иіс тұрғындардың да зығырданын қайнатқан. Біршама уақыт осы мәселе күнтізбеден түспеді. Кәріз құбырларына жоспарлы түрде жөндеулер өтетіндіктен, тұрғындар әзірге жағымсыз иіске шыдауға мәжбүр. Нақтырақ айтсақ, Амангелді Иманов пен Евгений Брусиловский көшелерінің қиылысында кәріз құдығынан иіс шығады.

«Кәріз суының иісін жұтып жүргенімізге біршама жыл болды. Үй терезесін ашсақ та, аулаға шықсақ та, кәріз суының жағымсыз иісімен тыныстаймыз. Әсіресе жаз айларында өте қиын. Күн сайын тазалық, экология туралы айтамыз, бірақ мына кәріз иісі ең үлкен өзекті мәселе болып тұр. Кәріз жүйесі ертерек жаңартылып, иісті жоятын сүзгілер орнатылса екен» дейді қала тұрғыны Айгүл Сейдахметова.

Бұл тек бір көшенің емес, бірнеше аймақтың мәселесі екені рас.

«Кәріз суларынан шыққан иіс қаланың орналасу аймағына да байланысты. Астана тегіс жерде орналасқан. Мәселен, Алматы қаласының жоғарғы және төменгі бөлігі бар. Кәріз суларының өздігімен ағу мүмкіндігі бар. Біздегі жағдай бөлек. Астана тегіс аймақта тұрғандықтан, қалада үлкенді-кішілі 240-тан астам кәріз суларының сорғы станциялары орналасқан. Сол маңайларда жағымсыз иіс шығуы мүмкін. Бұл қолайсыздықпен күресу үшін бірнеше әдісті қолданып жатырмыз. Қайсысы оң нәтиже берсе, сол жүйені бірден қолданысқа енгіземіз» дейді Фирюза Жұманқызыны.

Осы бастама өз шешімін тапса, қолаңса иістен түбегейлі құтыларымыз анық.

Су жүйесіне әрбіріміз жауаптымыз

Қаланың кәріз жүйесі бүгінде 30-40 пайызға тозған. Кейбір кәріз құбырлары өткен ғасырдың 70-80 жылдарында салынған. Жаңадан бой көтеріп жатқан тұрғын үйлер мен өндіріс орындары бұл жүйеге қосылған сайын ескі станциялар жаңа көлемді көтере алмай отыр. Осыған байланысты биыл тәулігіне 188 мың текше метр сарқын суды тазартатын жаңа жүйе жоспарға сай жұмыс істеу­де. Бұл жобаның құны шамамен 500 миллиард теңге шамасын құрады. Егер ол толыққанды іске асса, Астананың су арнасы айтарлықтай жеңілдеп, экологиялық тәуекел азаяды.

Кәріз суларының мәселесі – тек инженерлер мен экологтардың емес, әр тұрғынның өмір сапасына әсер ететін ортақ мәселе. Суды үнемдемеу, тұрмыстық химияны шамадан тыс пайдалану, құрылыс қалдықтарын кәрізге тастау – бәрі жүйенің ерте тозуына әкеледі. Бір қарағанда, бұл көзге көрінбейтін мәселе секілді. Бірақ дәл осы «көрінбейтін жүйенің» іркілуі немесе бұзылуы қаланың ең үлкен апатына айналуы мүмкін. Су жүйесінің уақытылы жұмыс істеуіне әрбіріміз жауаптымыз.

Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button