Кәрім Мыңбаевтың 120 жылдығына арналған конференция өтті

Астанада Қазақстан ғылымы мен білім беру саласының көрнекті өкілі, академик Кәрім Мыңбаевтың туғанына 120 жыл толуына арналған конференция өтті. Ғалымның атындағы №59 мектеп-лицейде ұйымдастырылған іс-шара «Инновациялар мен сабақтастық: Кәрім Мыңбаевтың ғылыми идеялары заманауи контексте» деп аталды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияны өткізуге қалалық Білім басқармасы, Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығы мұрындық болды. Мақсаты — Кәрім Мыңбаевтың идеяларын насихаттау, пәнаралық ғылымды, білім алушылармен педагогтердің ғылыми-зерттеу қызметін дамыту, жаратылыстану-ғылыми және гуманитарлық бағыттағы педагогтердің өзара тәжірибе алмасу. Жиынға Оқу-ағарту министрлігі орта білім беру комитеті, Қазақ ұлттық аграрлық Ұлттық аграрлық ғылыми – білім беру орталығы, С. Торайғыров университетінің «Мониторинг» ғылыми-зерттеу орталығы, Мемлекет тарихы институтының ғылыми-ақпараттық бөлімі өкілдері, Л.Н. Гумилев ЕҰУ тарих кафедрасының оқытушылары, жаратылыстану пән мұғалімдері қатысты. Конференцияда білім алушылар мен педагогтердің ғылыми-зерттеу дағдыларын дамыту, заманауи ғылым мен білімнің өзекті мәселелері талқыланды.

— Бүгінгі конференция — ұлттық ғылым тарихындағы тұлғалардың ғылыми мұрасын зерделеуге, олардың ел дамуына қосқан өлшеусіз еңбегін жас ұрпақ санасына жеткізуге бағытталған маңызды алаң. Кәрім Мыңбаев — отандық биология және ауыл шаруашылығы ғылымдарының дамуына ерекше үлес қосқан, қазақ ғылымының іргетасын қалаушылардың бірі. Оның ғылыми қызметі терең ізденіспен, кәсіби жауапкершілікпен және мемлекет мүддесіне адал қызмет етумен ерекшеленеді. Ғалымның өмір жолы — бүгінгі педагогтер мен жас зерттеушілер үшін табандылықтың, ғылымға адалдықтың және отансүйгіштіктің айқын үлгісі. Мемлекет басшысының білім мен ғылымды дамытуға бағытталған стратегиялық бастамалары аясында ұлттық зияткерлік әлеуетті арттыру — білім беру жүйесінің негізгі басымдықтарының бірі болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, мұндай ғылыми-тәжірибелік конференциялар оқушылардың зерттеушілік қабілетін дамытуға, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға және білім мен ғылымның өзара сабақтастығын нығайтуға мүмкіндік береді. Астана қаласындағы К. Мыңбаев атындағы №59 мектеп-лицейінің» ғылыми бағыттағы жүйелі жұмысы мен педагогикалық бастамалары жалпы орта білім беру ұйымдары үшін озық тәжірибе ретінде бағалауға лайық. Бүгінгі конференция аясында ұсынылатын баяндамалар мен ғылыми жобалар жас ұрпақтың ғылымға деген қызығушылығын арттырады деп сенемін, — деді Оқу-ағарту министрлігінің өкілі Зейнеп Мақсұтова.

Іс-шара бірнеше секциялардан тұрды. Атап айтқанда, ғалымның ғылыми және тарихи мұрасын зерттеу, жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдардың пәнаралық байланыстарын дамыту, білім алушыларды зерттеу іс-әрекетіне ынталандыру, педагогикалық тәжірибемен алмасу, мектептер, лицейлер, жоғары өзара қарым-қатынасын нығайту бағытында баяндамалар тыңдалды.
Сондай-ақ қатысушы спикерлер Кәрім Мыңбаевтың аграрлық ғылымды дамытудағы тарихи рөлі мен ғылыми мұрасы, Кәрім Мыңбаев және оның заманы, Қазақ жері мен шаруашылық тарихы: мәдени-өркениеттік талдау, Жаратылыстану пәндерін берудегі ЖИ-дидактика, Ғылым мен тағдыр: Кәрім Мыңбаев әулетінің тарихи жолы, «Мыңбаевтану» 7-10 сынып оқушыларына арналған элективті курс, «Агробиология негізінде К.Мыңбаевтың теориялық аспектілері», «XX ғасыр басында саяси қысымға ұшыраған ғалымдардың ұмытылған есімдері», «К.Мыңбаев еңбектерінің мектеп зертханаларындағы
сабақтастығы», «География және аграрлық ғылымның тоғысы: Кәрім Мыңбаев мұрасының кеңістіктік-географиялық қырлары» тақырыптарында жан-жақты талдау материалдарын баяндады.



