
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы ғылымына ерекше көңіл бөлуде. Жолдауда да, Құрылтайда да, ауыл шаруашылығы мамандарымен өткен форумда да бірнеше рет айтты. Қазіргі таңдағы өзекті мәселенің бірі – ауыл шаруашылығы мен ветеринариядағы білікті кадрлардың тапшылығы. Ал ғылымды жасайтын – білікті мамандар.
Аграрлық жоғары оқу орындарына, негізінен, ауыл жастары түсетіні белгілі. 2025 жылы мектеп бітіруші түлектердің саны 217 мыңнан асқан. Мектептердің басым бөлігі, яғни 67,4%-ға жуығы ауылдарда орналасқан. Сонымен қатар жоғары білімге деген сұраныс жылдан-жылға артып келеді, 2025 жылғы қаңтардағы ҰБТ-ға 187 мыңға жуық талапкер қатысты. Алайда аграрлық мамандар дайындау саласындағы мемлекеттік саясатта түйткілді мәселелер бар. Соңғы 10 жылда елімізде мемлекеттік білім беру гранттарының саны 2,5 есеге ұлғайғанымен, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» және «Ветеринария» мамандықтары бойынша мемлекеттік гранттардың үлесі 2 есеге азайып кетті. Атап айтқанда, 2025 жылы «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» бағыты бойынша мемлекеттік білім беру гранттарының саны 16%-ға (2024 ж. – 2331, 2025 ж. – 1969), оның ішінде өсімдік шаруашылығы – 37%-ға (2024 ж. 29.01.2026 ЭҚАБЖ МО (7.23.0 нұсқасы) – 600, 2025 ж. – 376), мал шаруашылығы 23%-ға (2024 ж. – 500, 2025 – 384) қысқарды. Бұл ел Президентінің агроөнеркәсіп кешенін экономикадағы басты қозғаушы күштің біріне айналдыру және биологиялық қауіпсіздіктің негізі ретінде ветеринарлық қызметті дамыту туралы тапсырмаларына тікелей қайшы келіп отыр. Осы орайда әлеуметтік факторларды атап өткен жөн. Қазіргі таңда аграрлық және ветеринариялық мамандықтарда оқитын студенттердің шәкіртақысы 52 мың теңгені құрайды, бұл педагогикалық және медициналық бағыттармен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Ауылдық жердегі отбасылардың табысы тұрақсыз. Мұндай жағдайда балаларды қалада оқыту қиямет-қайым. Нәтижесінде мемлекет агроөнеркәсіп кешенін басым бағыт деп жариялағанымен, ауыл жастарының аграрлық білім алуына қажетті жағдайлар жасалмай отыр.
Жоғары білікті мамандар даярлауда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің оң тәжірибесін мысал ретінде келтіруге болады. 2023 жылы аталған университетке ҚР Ауыл шаруашылық министрлігіне қарасты 4 жетекші ғылыми-зерттеу институты мен 1 тәжірибелік шаруашылық сенімгерлік басқаруға берілді. Қысқа мерзім ішінде нысаналы индикаторлардың 97%-ына қол жеткізіліп, ғылым, білім және өндірістің нақты интеграциясы қамтамасыз етіліп, ғылыми жобаларды қаржыландыру көлемі шамамен 2 есе артты, өңірлерде цифрлық шешімдер мен ғылыми зерттеулердің нәтижелері белсенді түрде енгізілуде. Алайда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің 2026-2030 жылдарға арналған даму бағдарламасы қайта қаралып, қаржыландыруы көзделгенімен, оны бекіту үдерісі созылып отыр. Сонымен қатар ғылыми-зерттеу институттары мен тәжірибелік шаруашылықты сенімгерлік басқару шарттарының шектеулі мерзімі ұзақмерзімді ғылыми және инвестициялық жобалардың жүзеге асуына кедергі келтіреді. Сондықтан азық-түлік қауіпсіздігін нығайту, ауылдың әлеуетін артыру, түйіп айтқанда, Президент тапсырмаларын нақты орындау үшін мына қадамдарды жүзеге асыру керек деп санаймыз:
Бірінші қадам – «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» және «Ветеринария» бағыттары бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысын қайта қарап, гранттар санын арттыру.
Екінші қадам – аграрлық және ветеринариялық мамандықтар студенттерінің шәкіртақы мөлшерін педагогикалық және медициналық бағыттардағы шәкіртақылармен теңестіру.
Үшінші қадам – Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің 2026-2030 жылдарға арналған даму бағдарламасын жедел түрде бекіту.
Төртінші қадам – басталған инвестиция жобаларын аяқтау үшін 4 бейіндік ғылыми-зерттеу институты және 1 тәжірибелік шаруашылықты 29.01.2026 ЭҚАБЖ МО (7.23.0 нұсқасы) басқару шарттарының мерзімін сенімгерлік 2030 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартуды сұраймыз.
Жанарбек ӘШІМЖАН,
Мәжіліс депутаты



