JOLTAP арқылы жұмыс тапты

Астана қаласының тұрғындары JOLTAP жобасы аясында сатушы-кассир, бухгалтерлік есеп негіздері, тігінші, бариста, электр-газбен дәнекерлеуші, сәнгер-құрастырушы, корпустық жиһаз жасау негіздері, аяқкиімді жөндеу және кілт жасау, Kaspi дүкенінде сауда жасау негіздері, автокөлік майы мен шинасын ауыстыру маманы, полимерлі ұнтақпен бояу маманы, Wildberries-те сауда жасау негіздері секілді мамандықтар бойынша қысқамерзімді курстардан өтіп жатыр, деп хабарлады astana-akshamy.kz.
Елордалық Қуатжан Бояндинов жоба туралы естіп, сан түрлі кәсіптің ішінен ерекшесін таңдап алды.
«Мен полимерлі ұнтақпен бояу мамандығын JOLTAP жобасынан басқа еш жерден кездестірмедім. Аталған кәсіпті меңгеру туралы шешім қабылдап, қысқамерзімді курсты сәтті аяқтап шықтым. Оқытушы кәсіпті тек теория деңгейінде түсіндіріп қоймай, тәжірибе жүзінде де үйретті. Біз тек тыңдаушы ретінде қалып қоймай, жаңа іске қолымызды да машықтандырдық», – дейді жоба қатысушысы.
Кейіпкеріміз курсты аяқтаған соң, жоба аясында жұмысқа орналасты. Қазір ол YDA зауытында жаңа мамандығы бойынша еңбек етіп жүр.
«Жоба маған жаңа мамандығым бойынша жұмыс орнын табуға да жәрдемдесті. Сұхбаттасудан кейін зауытқа жұмысқа орналастым. Қазір ұнтақпен бояу маманымын. Жұмысымыз тұрақты, кәсіби өсуге де баспалдақтар бар. Байқағаным, бұл кәсіпке деген сұраныс жоғары екен. Бастысы, сапалы жұмыс істей алсаңыз болғаны. Бұл, шынымен де, адамдарға берілген бірегей мүмкіндік деп ойлаймын. Маған бәрі ұнады. JOLTAP-қа алғысым шексіз. Мүмкіндік іздеген барлық елордалықтарға осы жобада бақтарын сынауға кеңес беремін», – деді Қуатжан Бояндинов.
Айта кетейік, JOLTAP жобасы аясындағы қысқамерзімді оқыту бағдарламасы 18-50 жас аралығындағы Астана тұрғындары үшін тегін түрде қолжетімді. Оқудан кейін қатысушыларға сертификат беріледі. Ал түлектердің кандидатуралары JUMYSTAP.KZ атты жұмыс және қызметкерлерді іздеуге арналған сайтта тегін жарнамаланатын болады.