Ел тынысы

JOLTAP: кәсіби даму мен жұмысқа орналасуға нақты қолдау

Астанада бірнеше жылдан бері JOLTAP жобасы табысты жүзеге асырылып келеді. Жоба елорда тұрғындарына дағдыларын дамытуға, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды тегін меңгеруге, жұмыс табуға және табыстарын арттыруға мүмкіндік береді. Жобаның түлегі, астаналық Наурызбек Утин өз тәжірибесі жайлы ой қозғады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Наурызбек жоба туралы жұбайы арқылы әлеуметтік желіден білген. Бастапқыда курстардың тегін өтетініне сенбегенімен, модульдік кеңсеге барып көрген соң бірден жазылған.

«Бастапқыда бәрі үстіртін болады деп ойладым. Алайда оқу стандартқа сай, кезең-кезеңімен жүргізіледі екен. Оқытушылар кәсіби, сыпайы, барлық сұраққа жауап беріп, көмектеседі», – деді ол.

Жоба аясында ол бірнеше бағыт бойынша білім алған: газ-электр дәнекерлеуші, корпус жиһазын жасау және сату менеджері. Әр курс 10 күнге созылған. Оның айтуынша, оқу барысында қиындықтар болмаған, себебі барлық материал түсінікті әрі кезең-кезеңімен түсіндірілген.

«Бұл жобадан міндетті түрде өтуге кеңес берер едім. Себебі жұмысқа орналасуға да көмектеседі. Оқытушылар күн сайын бос жұмыс орындарын чатқа жіберіп отырады. Тіпті курс аяқталғаннан кейін де байланыста болып, бағыт-бағдар береді. Бұл өте керемет», – деді JOLTAP түлегі.

Жобаға дейін Наурызбек алюминий қалқандар мен тамбурлар жасаумен айналысқан. Курстар оның кәсіби біліктілігін арттырып, бизнесін дамытуға мүмкіндік берген.

«Жобада дағдыларымды жетілдіріп, оны іс жүзінде қолдандым. Қазір алюминий терезе мен есіктерді орнатумен және монтаждаумен айналысамын. Бұл іспен екі жылдан бері шұғылданып келемін», – деді ол.

Наурызбек Утиннің тәжірибесі JOLTAP жобасының жаңа білім мен дағды беріп қана қоймай, қатысушылардың кәсіби дамуына және жұмысқа орналасуына нақты қолдау көрсететінін дәлелдей түседі.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button