Қоғам

JOLTAP: Аяқ киім жөндеу мен кілт жасауды тегін үйренуге болады

Аяқ киім жөндеу кәсібі кәсіпкердің табысын жылдам арттыруға мүмкіндік береді. Дегенмен, кәсіби деңгейге жету үшін тәжірибе мен дағдыларды игеру маңызды. Бүгінде елорда тұрғындары JOLTAP жобасы арқылы бұл мамандықты тегін меңгере алады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

«Аяқ киім жөндеу және кілт жасау» курсын таңдаған жандар 12 күн бойы бұл кәсіптің қыр-сырын игереді.

«Аяқ киім жөндеу және кілт жасау істері қашанда сұраныста болады. Себебі бұл кәсіп түрлерін меңгеру ұзақ уақытты қажет етпейді және тезірек табыс табуға болады. Мен өзім бұл салада жұмыс істегендіктен, жобаға оқытушы болу туралы ұсынысты бірден қабылдадым. Курс барысында ең қажетті ақпараттарды айтып, негізгі жұмыстарды көрсетеміз», – дейді курс оқытушысы Алмас Нұрбаев.

Оның сөзінше, курс барысында тәжірибеге басымдық беріледі.

«Курс қатысушылары 3 күн теория оқыса, 8 күн бойы цехта тәжірибеден өтеді. Яғни олар аяқ киімді толық бөлшектеу және қайта жинауды үйренеді. Классикалық, спорттық және былғары аяқкиіммен жұмыс істеуді көрсетемін. Одан бөлек аяқ киімді қайта қалпына келтіру және химиялық тазарту әдістерін түсіндіремін. Сонымен қатар кәсіби жабдықтарда кілт жасауды үйретемін. Осы курс барысында қатысушылар бірден екі кәсіп түрін меңгеріп шығады», – дейді курс оқытушысы.

Айта кетейік, JOLTAP жобасы аясындағы қысқа мерзімді оқыту бағдарламасы 18-50 жас аралығындағы Астана тұрғындары үшін тегін түрде қолжетімді. Оқудан кейін қатысушыларға сертификат беріледі. Ал түлектердің кандидатуралары JUMYSTAP.KZ атты жұмыс және қызметкерлерді іздеуге арналған сайтта тегін жарнамаланатын болады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button