Қоғам

JOLTAP: астаналықтарға маркетплейс дағдысын меңгертеді

Елордада еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды қысқа мерзімде меңгеріп, табыс табуға мүмкіндік беретін JOLTAP әлеуметтік жобасы табысты іске асырылып келеді. Жобаның ең өзекті бағыттарының бірі – маркетплейстермен жұмыс істеуді оқыту. Курсты аяқтаған астаналық Виктория Царикова әсерімен бөлісті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

JOLTAP бағдарламасы Wildberries платформасында сатумен айналысатын мамандарды даярлауға арналған оқу курсын әзірлеп, жүзеге асырып жатыр. Курс теория мен практикаға негізделіп, қатысушыларға маркетплейстің жұмыс ерекшеліктеріне тез бой үйретуге көмектеседі.
Курс түлегі Виктория Царикова бұған дейін Wildberries-те қарапайым сатып алушы болғанын, кейін платформаның ішкі механизмі қызықтырғанын айтты.

«Маркетплейстің ішкі жұмысы ылғи да қызықтыратын. JOLTAP курсы білімімді жүйелеп, тауарды орналастырудан бастап, оны ілгерілету мен сатуға дейінгі барлық кезеңдерді нақты түсінуге көмектесті», – дейді ол.

Виктория үшін бұл оқу пайдалы ғана емес, ерекше шабыт берген тәжірибе болған көрінеді.
«Материал өте қолжетімді түрде берілді, оқытушылар жайлы орта қалыптастырды. Бұл электронды коммерцияда жолын енді бастағандар үшін аса маңызды», — деп атап өтті ол.

Бүгінде ол алған білімін іс жүзінде қолданып жүр: биылғы сәуірден бастап оның тауары Мәскеудегі Wildberries қоймаларына қойылған. Өнімді ілгерілету процесі енді басталғанымен, ол перспективасына сенімді және бизнесін белсенді дамытып келеді.

Қатысушылар JOLTAP курсының басты артықшылықтарының бірі ретінде мазмұнды бағдарламамен қатар, оқытушылар мен жоба командасының сапалы қолдауын атайды. Тәжірибелі мамандар кең көлемдегі ақпаратта адаспауға көмектесіп, сұрақтарға жауап береді және туындаған мәселелерді шешу жолдарын ұсынады.

Виктория Царикова курстан өтуді ойлап жүргендерге уақыт созбауды кеңес етеді: «Қол жеткізген нәтижемен тоқтап қалмаңыздар, платформаны тереңірек зерттеңіздер, дамуға барлық мүмкіндікті пайдаланыңыздар. JOLTAP іргетасын қалауға көмектеседі, ал қалғаны – сіздің қолыңызда», — дейді ол.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button