JOLTAP Астана тұрғынының арманын жүзеге асыруға көмектесті

Астанада қала тұрғындарына еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа мамандықтарды меңгеруге, жұмыс табуға және табысын арттыруға мүмкіндік беретін JOLTAP жобасы жүзеге асырылуда. Астаналық Вера Гавкавенко жобадағы тәжірибесімен бөлісті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Вера JOLTAP туралы WhatsApp арқылы таралған хабарламалар мен Instagram-дегі жарнамадан білген. Консультациялық пункт оның үйінен алыс емес жерде орналасқан екен. Тегін курстарға қызығушылық танытып, тігін бойынша оқу туралы шешім қабылдады.
«Дәрістер өткен кабинет өте әдемі әрі заманауи, тігін машиналары да толықтай жаңа әрі әртүрлі, оқушыларға деген қарым-қатынас керемет.
Менеджерлер мен мұғалімдер өте мейірімді әрі зейінді. Курстан кейін де оларға жүгінуге болады. Барлығы достық қарым-қатынаста», – дейді Вера.
Тігін курстарын аяқтағаннан кейін Вера балалық шақтан келе жатқан арманын жүзеге асыра алды. Оқу шамамен бір айға созылып, кезең-кезеңімен өтті.
«Сабақтан ешкім қалғысы келмейді, барлығы қуана-қуана қатысты.
Сондықтан оқу жеңіл өтті деп айта аламын», – деп атап өтті жоба түлегі.
Курстар аяқталған соң ол өз YouTube-каналын ашып, үйренгендерін өзгелерге де үйретіп жүр. Блогында Вера шнурдан салфетка, себет және тіпті сөмке тігу жолдарын көрсетеді.
«Мен бұл оқуды бәріне ұсынамын. Бұл жаңа саланы меңгеріп, хоббиі арқылы табыс табуға мүмкіндік береді», – дейді астаналық.
Айта кетейік, JOLTAP – Астана қаласы әкімдігінің жобасы. Бұл бастама қатысушыларға жаңа мамандықты тегін меңгеруге және сүйікті ісінен табыс табуға мүмкіндік береді. Қысқа мерзімді кәсіби курстар арқылы бағдарлама қатысушылардың потенциалын ашуға және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруге көмектеседі.



