JOLTAP арқасында жаңа саланы меңгерді

Елордада жастарды сұранысқа ие мамандықтарға оқытуға бағытталған JOLTAP әлеуметтік жобасы жүзеге асырылып жатыр. Астаналық Айнара Абылаева жобадағы тәжірибесімен және ең танымал бағыттардың бірі – бариста мамандығы бойынша оқуы жайында айтып берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
JOLTAP жобасы 2023 жылдың тамыз айында Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында іске қосылған. Оны Астана әкімдігінің қолдауымен «Жаңа мүмкіндік» қоғамдық қоры жүзеге асыруда.
Жобаның басты мақсаты – жастарға сапалы білім алуға мүмкіндік беру, мансап жолын бастауға және табысын арттыруға көмектесу.
JOLTAP жобасы аясындағы бариста мамандығы бойынша оқыту бағдарламасы тәжірибеге бағытталған: студенттер негізгі және кеңейтілген дағдыларды меңгереді, кофелік жабдықтармен жұмыс істеуді, дән түрлері мен ұнтақтау деңгейлерінің айырмашылығын, сусын дайындау техникасын, сондай-ақ қонақтарға қызмет көрсетудің негізгі қағидаларын үйренеді. Оқу тегін, ал курс соңында түлектерге сертификат беріледі.
Осы курсты сәтті аяқтағандардың бірі – Айнара Абылаева. Ол бұл жоба жайлы Instagram желісінен білген және жаңа мамандықты игеріп көрмек болған.
«Жарнама еріксіз назарымды аударды – еш өкінген жоқпын. Оқу өте қызықты өтті, оқытушылар бәрін түсінікті етіп жеткізді, ал топтағы атмосфера шабыт берді», — дейді Айнара.
Бүгінде ол Астанадағы танымал кофеханалардың бірінде бариста болып жұмыс істейді.
«JOLTAP жобасының арқасында практикалық дағдыларды меңгеріп, өз мамандығым бойынша жылдам жұмысқа орналаса алдым», — деп бөлісті ол.
Сондай-ақ, Айнара жұмыста әсіресе қандай дағдылардың қажет болғанын айтып өтті.
«Кофеқайнатқышты дұрыс баптауды, сүтпен жұмыс істеуді, түрлі сусындарға қай дән түрлері лайықты екенін ажыратуды үйрендім – осының бәрі күнделікті жұмысымда көп көмектеседі», — дейді ол.
JOLTAP жобасы бүгінде жастардың қызығушылығын тудырып, қатысушылар саны артып келеді.