JOLTAP: 19 мыңға жуық тұрғын оқудан өтті
JOLTAP жобасы бойынша елордада 19 мыңға жуық тұрғын сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқудан өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Астанада бірнеше жылдан бері «JOLTAP» әлеуметтік жобасы табысты жүзеге асырылып келеді. Жоба ондаған мың қала тұрғынын жұмыспен қамту және қысқа мерзімді оқыту шараларымен қамтып отыр. Бүгінде ол тұрақты нәтижелер көрсетіп, халықаралық қауымдастықтың да қызығушылығын тудырып отыр.
«JOLTAP» жобасы Астанада 2023 жылдан бері іске асырылып келеді. Оның басты мақсаты – қысқа мерзімді оқыту мен жұмыспен қамту арқылы халықтың табысын арттыру. Жоба аясында қысқа уақыт ішінде жаңа дағдыларды меңгеруге болады және еңбек нарығына шығуға мүмкіндік беретін практикалық тәсіл қарастырылған.
Аталған жоба Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылып, елордада табыс табуға бағытталған тұрақты жұмыспен қамту жүйесін қалыптастырып отыр. Бұл «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымдамасының құндылықтарына сай келеді.
Жобаны Астана қаласы әкімдігінің «Жаңа мүмкіндік» қорымен бірлесіп іске асыруда.
Жоба аясында елорда тұрғындарына 18 түрлі курс ұсынылады: оның 12-сі – жұмысшы мамандықтар, 6-ауы – цифрлық бағыттар. Атап айтқанда, наубайшы, электр-газбен дәнекерлеуші, электромонтажшы, тігінші, сондай-ақ жасанды интеллект негіздері, жарнамалық бейнероликтерге арналған нейрожелілер сияқты бағыттар бар.

Оқу мерзімі 5 күннен 22 күнге дейін созылады. Бағдарламалар практикалық сипатқа ие: сабақтар арнайы жабдықталған цехтарда өтеді және барлық қажетті материал тегін беріледі.
Оқу бағдарламалары жұмыс берушілердің талаптарына сай әзірленген. Олар жергілікті бизнеспен тығыз байланыста дайындалған авторлық курстар болып саналады. Бұл қатысушылардың еңбек нарығына тез бейімделуіне мүмкіндік береді.
Соңғы 2,5 жылда 18,8 мыңнан астам адам оқудан өткен. Олардың 10 мыңнан астамы қала кәсіпорындарына жұмысқа орналасқан.
Елордадағы өндірістік және индустриялық сектордағы кадрларға деген сұраныс көбіне осы жоба түлектері есебінен қамтамасыз етіліп отыр.
Сонымен қатар жоба түлектерінің шамамен 1,5 мыңы жеке кәсіп бастап кеткен. Олар тігін шеберханаларын, аяқ киім жөндеу орындарын, шағын кофеханалар, үй жанындағы дүкендер, автосервистер ашқан.
Осылайша жоба қатысушыларының табысы артып қана қоймай, жаңа жұмыс орындары құрылып, өзге адамдарға да табыс табу мүмкіндігі пайда болуда.
Жұмысшы мамандықтардан бөлек, цифрлық курстар да тұрғындар арасында үлкен сұранысқа ие. Әсіресе «Сауда мен бизнеске арналған жасанды интеллект» және «Жарнамалық бейнелерге арналған нейрожелілер» курстарына қызығушылық жоғары.
Мұндай курстардың енгізілуі халық сұранысының артуымен, сондай-ақ ел экономикасында жасанды интеллект пен цифрлық құралдардың рөлінің күшеюімен байланысты.
«JOLTAP» жобасы түлектерді жұмыспен қамтуға ерекше мән береді. JUMYSTAP.KZ платформасында 4 мыңнан астам жұмыс беруші тіркеліп, 5 мыңнан астам өзекті бос жұмыс орны жарияланған.
Оқуын аяқтағаннан кейін түлектер жоба аясында құрылған кәсіби қауымдастықтарға қосылады. Бұл жерде олар тәжірибе алмасып, кеңес беріп, бірлескен тапсырыстарды орындауға мүмкіндік алады.

Жоба шетелдік ұйымдардың да қызығушылығын тудырып отыр. Атап айтқанда, Түркияның жұмыспен қамту ұлттық агенттігі (İŞKUR), кәсіби біліктілік органы (MYK), сондай-ақ Өзбекстанның Білім министрлігі мен Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту институтының өкілдері арнайы сапармен келген.
Халықаралық сарапшылар жобаның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, оның практикалық бағытын және қысқа мерзімде нақты дағдыларды қалыптастырудағы тиімділігін атап өткен.
Жобаға кез келген адам қатыса алады. Сонымен қатар кеңес беру нүктелері арқылы оқуға жазылып, жұмысқа орналасу бойынша көмек алуға болады.
Қосымша ақпаратты +7 707 221-31-31 нөмірі арқылы Call-орталықтан алуға болады.



