Jasyl el: оқушылар жұмыспен қамтылады

Елордада Jasyl el студенттік құрылыс және жастар еңбек жасақтарының 21-еңбек маусымы салтанатты түрде ашылды.
Астана қаласының Орталық саябағында орналасқан амфитеатрда ұйымдастырылған іс-шара Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының, әйелдер істері және отбасы-демография саясаты жөніндегі комиссияның, «Студенттік құрылыс және жастар жасақтарының республикалық қозғалысы» қоғамдық қорының қолдауымен өтті.
– Жобаға 14 пен 35 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Жұмыс істейтіндерге 64564 теңге мөлшерінде жалақы мен арнайы форма беріледі. Оқушылар мектеп аумағында жұмыс істеуге құқылы. Ал ересек жастар қаламыздың саябақтары мен гүлзарларында еңбек ете алады. Еңбек кодексіне сәйкес, кәмелетке толмаған балалар күніне 4 сағат, аптасына 5 күн жұмыс істей алады. Бұл жобада біз толық емес, көпбалалы отбасылардан шыққан балалар мен әлеуметтік осал топтарға басымдық береміз, – деді Жастар саясаты мәселелері басқармасының өкілі Ерлан Айдар.
Мектеп аумағында балаларға әлеуметтік педагогтар бекітілген. Әр мектепте 15 бала еңбек етеді. 2024 жылы Jasyl el бағдарламасымен 4 мың бала қамтылды, бірақ сұраныстың артуына байланысты биыл 5200 жұмыс орны қарастырылды.
– Бұл көпбалалы және мүгедек балалары бар отбасылар үшін үлкен көмек болмақ. Бағдарлама аясында берілетін арнайы киім балаларда қалады. Жаз соңында олар тапқан қаражатқа өздеріне қажетті заттар ала алады. Сонымен қатар балалар жаңа достар тауып, араласатын ортасы кеңейеді. Бұл – нағыз нетворкинг. Бағдарламаға қатысып өскен балалардың көбі жыл бойы волонтерлік қызметпен айналысады. Олар үшін бұл тек 4 айлық жұмыс емес. Егер көшбасшылық қабілеті анықталса, білім, мәдениет және спорт басқармалары оларды дамыту мен әлеуметтік өсуге қосымша мүмкіндіктер ұсынады, – деді қала әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демография саясаты жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мағжан.
Іс-шара барысында концерт бағдарламасы ұсынылды. Онда әнші Ибрагим Ескендір, «Ерекше мерекелер» қоғамдық қорының әртістері және BalaTime шығармашылық студиясының тәрбиеленушілері өнер көрсетті.
– Биыл мен Jasyl el бағдарламасына алғаш рет қатысып отырмын. Бұл жоба жайлы алғаш интернеттен білдім, кейін қатысуға өтінім бердім. Өкінішке қарай, кейбір жастар экологияның маңызын толық түсінбейді: көшеге қоқыс тастайды, ағаш сындырады. Осы жұмыстың арқасында біз табиғатты қорғаудың маңызын жақсырақ түсіне бастадық және өзгелерге үлгі бола аламыз. Қала тұрғындары бізге алғыс айтып, ризашылық білдіреді, бұл – біз үшін үлкен мотивация, – деді жобаның қатысушысы, 11-сынып оқушысы Жансезім Қамбар.
Жансая АЛМАХАН,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті