Испанияда топ жарды
Испанияда өткен «Challenge Mallorca» сериясының соңғы жарысы – «Трофео Пальма» бір күндік веложарыс жаппай спринтпен аяқталды. Бұл жарыста XDS Astana Team командасының шабандозы Макс Кантер мәреге 250 метр қалғанда шабуыл жасап, нәтижесінде екінші орынға ие болды.
Жарыстың жеңімпазы – Red Bull-Bora-Hansgrohe командасынан бельгиялық Арне Марит. Ал үшінші орынды оның командаласы, италиялық Алессио Магагнотти алды. Жарыстан кейін Макс Кантер команданың үйлесімді жұмысын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, жарысқа жақсы жоспар жасалған және көп нәрсе ойдағыдай өткен. Алайда жарақатына байланысты Глеб Сырица жарысты жалғастыра алмады, бұл финалдық кезеңде сезілді. Соған қарамастан, Майк Тениссен соңғы шақырымда тамаша қолдау көрсеткен. Нәтижесінде команда жүлделі орынға қол жеткізді.
«Біз бірінші бола алмадық, бірақ екінші орын – жақсы нәтиже. Сондықтан бұл жарысты көтеріңкі көңіл күймен аяқтадық. Енді алда жаттығу жиыны бар» деді Макс Кантер.
Еске салайық, «Challenge Mallorca» сериясындағы бес жарыстың қорытындысы бойынша XDS Astana Team командасы екі жүлделі орын иеленді. Оның бірі – Макс Кантердің екінші орны, екіншісі – «Trofeo Serra Tramuntana» жарысында Кристиан Скаронидің үшінші орны.



