Ірі итальян басылымы мерейтойлық шығарылымын Қазақстанға арнады

Еуропаның көне медиа ресурстарының бірі «Corriere della Sera» құрамына кіретін итальяндық «Cook» басылымы өзінің мерейтойлық 80 шығарылымын Қазақстанға арнады. Еліміз шетелдік аудиторияға Орталық Азияның тартымды гастрономиялық бағыты ретінде таныстырылып, заманауи қазақ асханасының «Neo Nomad» тұжырымдамасы паш етілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Арнайы жоба аясында редакция туристік локациялар мен ұлттық асхананың ерекшеліктерін зерделеді. Шығармашылық топ 50 Best Discovery тәрізді беделді халықаралық рейтингтерге енген бірқатар қазақстандық мейрамханаларды және негізгі гастрономиялық орындарды аралады: Qazaq Gourmet, Auyl, Gruppo 63, Jinau, Sandyq және Tary. Материалдың бір бөлігі Қазақстандағы шарап жасау саласының дамуына арналған.
Итальяндық оқырмандар Қазақстан туралы көбірек біліп, ұлттық асхананың дәмін сезінуге де мүмкіндік алды. Материалдар қазақ гастрономиясының тереңдігін, бірегейлігін және байлығын ашады. Журнал беттерінде және Corriere della Sera ресми сайтында сарапшы Айгерім Мұсағажинова бауырсақ, құрт, бүйрек және дәстүрлі балғын сүр ет тағамдарын дайындау әдісімен бөліседі.
Жоба Neos Air әуе компаниясының қолдауымен жүзеге асырылды. Kazakh Tourism Visit Astana және Visit Almaty өңірлік туристік офисімен бірлесе шетелдік басылымға логистикалық ұйымдастыру жұмыстарына септесті.



