Инженерлік желілер бойынша жер қазу жұмыстарын жүргізу мәселелері талқыланды

Астана қаласы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасында инженерлік желілер бойынша жер қазу жұмыстарын жүргізу мәселелеріне арналған жиналыс өткізілді. Оған мемлекеттік органдардың, сондай-ақ коммуналдық қызметтердің өкілдері қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Қазіргі таңда инженерлік инфрақұрылымның 514 нысаны салынуда. Нысандардың басым бөлігі қарқынды құрылыс жүріп жатқан Нұра мен Есіл аудандарында орналасқан.
Талқылау барысында инженерлік желілер нысандарында заңбұзушылықтардың ең көп анықталатыны атап өтілді. Атап айтқанда, жобалық құжаттамадан ауытқулар, тиісті рұқсаттарсыз жұмыстарды орындау, трассаларды өз бетінше өзгерту, желілерді төсеу сапасының төмендігі және абаттандыруды уақтылы қалпына келтірмеу фактілері кездеседі. Бұл факторлардың барлығы авариялық жағдайлардың туындауына және азаматтардың шағымының артуына әкелуде.
Жиын қорытындысы бойынша аталған заңбұзушылықтарды жою және алдын алу жолдары талқыланды.



