Инвесторларға қарсы заңсыз әрекеттердің жолын кесті

Елорда прокуратурасы инвесторларға қарсы мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінің жолын кесті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Прокуратура инвесторларды мемлекеттік органдар тарапынан болатын негізсіз қысымнан белсенді түрде қорғайды.
Қорғаудың бір тетігі – «прокурорлық сүзгі». Бұл – мемлекеттік органдардың инвесторларға қатысты тексеру тағайындауы, тыйым салу немесе шектеу шараларын қолдануы, әкімшілік іс қозғауы не талап арыз бастамасы бойынша шешім қабылдау үшін прокурордың келісімі талап етілетін тетік.
Жыл басынан қала прокуратурасы мемлекеттік органдардың 34 шешімін келісуден бас тартты. Олардың ішінде заңсыз тексерулер (5), әкімшілік істер (6), шарттарды біржақты бұзу әрекеттері (23) бар. Мысалы, уәкілетті орган прокурордың келісімінсіз «Astana IT University» ЖШС-не қатысты тексеріс тағайындаған. Прокуратура бұл шешімді жойып, кінәлі тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Прокурордың келісімінсіз қозғалған инвесторларға қатысты әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы 8 қаулы прокуратураның наразылығы бойынша жойылды. Мұндай тәсіл бизнесті жүргізу және инвестиция тарту үшін қауіпсіз әрі тұрақты орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.