Басты ақпаратҚала мен сала

Инвестиция игілігі

Елордада өнеркәсіп саласы қарқынды дамып келеді. 2025 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп көлемі жоспарлы көрсеткіштің үштен біріне артық орындалып, 3,5 трлн теңгені құрады, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі – 3,3 трлн теңге. Коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Әшімов осы туралы хабарлады.

Өткен жылы атқарылған жұмыстың қорытындысы бо­йынша елордада белсенді жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 270 мыңнан асты. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 10,1%-ға жоғары. Жалпы 2025 жылы 25 мыңнан астам жаңа кәсіп­орын ашылған. 2025 жылдың 9 ­айында кәсіпкерлер шамамен 15 трлн теңгенің өнімін өндіріп, өсім 22%-ды құраған.

– Бизнесті қолдау мақсатында «Даму» қорының базасында шағын және орта бизнеске арналған кепілдік қоры құрылды. Ол қаржыландыру көлемі 7 млрд теңгеге дейінгі жобаларды қамтиды және жеткілікті кепілзаты жоқ кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған, сондай-ақ мемлекет қаражатына тәуелділікті азайтуды көздейді. «Даму» қоры несие сомасының 85%-ына дейін кепілдік береді, бұл кәсіпкерлерге несиені тиімді шарттармен алуға мүмкіндік береді. 2025 жылы бұл қор жүзеге асыратын «Өрлеу» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы да енгізілді. Бағдарлама басым секторлар бойынша іске асырылады, жеңілдетілген несиенің ең жоғары сомасы – 7 млрд теңгеге дейін, мөлшерлемесі – 12,6%. Сонымен қатар «Астана бизнес» жергілікті жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы жұмыс істейді, – деді Нұржан Әшімов.

Айтуынша, өнеркәсіп кәсіп­орындарының басым бөлігі №1 индустрия паркі аумағында орналасқан. Мұнда жалпы құны 372 млрд теңгеден асатын 145 жоба бар. Оның 96-сы іске қосылып, толық жұмыс істеп тұр, ал 49 жоба іске асыру сатысында. Парк аумағында 30-дан астам жоба шетелдік инвестициялардың қатысуымен жүзеге асып жатыр. 2025 жылы 57,9 млрд теңге сомасына 26 жоба пайдалануға беріліп, 1665 жұмыс орны ашылды.

– Биыл құрылыс индустрия­сы, жиһаз өндірісі, машина жасау, қойма және басқа да салаларда жалпы құны 140 млрд теңгеден асатын 30-ға жуық жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. №1 индустрия паркінің табысты жұмысы ескеріле отырып, мемлекеттік-­жекеменшік әріптестік тетігі арқылы №2 индустрия паркін құру жобасы жүзеге асып жатыр. Оны 2028 жылға де­йін аяқтау жоспарланған. №2 индустрия паркі аумағына машина жасау, тамақ өнеркәсібі, құрылыс, жеңіл өнеркәсіп, жиһаз өндірісі, медицина сияқ­ты сұранысқа ие салаларда жалпы құны 500 млрд теңге болатын 100-ден астам жобаны тарту көзделіп отыр, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Елордадағы инвестиция ­ахуалын жақсарту – басқарма қызметінің негізгі бағытының бірі. 2025 жылы қала экономикасына 2,5 трлн теңге көлемінде рекордтық инвестиция тартылып, нақты өсім 21,3%-ды құрады. Оның ішінде 1,6 трлн теңге – жеке инвестициялар.

Өткен жылдың 9 айында тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 2,4 млн долларды құрап, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 2,7 есе жоғары болды. Өсім динамикасына іске асып жатқан инвестиция жобалары, оның ішінде Ұлттық цифр­лық инвестициялық платформаға жүктелген жобалар елеулі ықпал етіп отыр.

Қазіргі уақытта жалпыұлттық инвестициялық жобалар пулында жалпы инвестиция көлемі 2,1 трлн теңгені құрайтын 151 жоба бар, олар 22,5 мың жұмыс орнын құруды көздейді. Жобалардың басым бөлігі логистика, өнеркәсіп және білім беру салаларында жүзеге асуда.

– Қала экономикасында сау­да және қызмет көрсету саласының үлесі шамамен 80%-ды құрайды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша сауда саласындағы өсім 8,9% болды, оның ішінде бөлшек сауда айналымы 15,5%-ға, көтерме сауда 6,4%-ға артты. Көшедегі сауданы дамыту мақсатында «Көшедегі сауда павильондарын орналастыру» бағдарламасы аясында қала бойынша 345 павильон орналастырылған. Сауда павильондарын орналастыру тәртібін реттеу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде, оның ішінде мониторинг жасалады. Биылғы кезең ішінде жүргізілген мониторинг нәтижесінде белгіленген талаптарды бұзған 225 сауда павильоны бұзылды, – деді басқарма өкілі.

Туризмді дамыту – басқарманың негізгі бағытының бірі. 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша елордаға шамамен 1,2 млн адам келген, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9%-ға артық. Талдау деректеріне сәйкес, туристердің 77%-ы демалыс, түрлі іс-шараға қатысу және сауда жасау мақсатында келеді, ал ­23%-ы іскерлік және мәдени сапарлар аясында келген. Елордаға Ресей, Қытай, Түркия, Германия және АҚШ елдерінен келушілер көп.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button