Интеллигенттер ағаш көшетін отырғызды

Астана қаласының Есіл ауданында табиғатты қорғауға арналған ерекше экологиялық акция өтті. Бұл жолғы сенбілікке ақындар мен жазушылар, мәдениет және өнер саласының қайраткерлері, сондай-ақ қалалық «Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының» қызметкерлері белсене қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Қатысушылар қаланың жасыл аймағын кеңейту мақсатында 100-ден астам ағаш көшетін отырғызды. Бұл бастама елорданың экологиялық мәдениетін көтеру және тұрғындарды табиғатты аялауға шақыру мақсатында ұйымдастырылды.
Шара барысында Астана қаласы Жазушылар одағы филиалының төрағасы Бауыржан Бабажанұлы сөз сөйлеп, қатысушыларға алғыс білдірді. Ол табиғатты қорғау тек экологиялық емес, рухани жауапкершілік екенін атап өтті.
Жиналған шығармашылық интеллигенция өкілдері сенбілікті ел игілігі үшін жасалған сауапты іс деп бағалады. Ақындар мен жазушылар табиғатты қорғау — адамның жан дүниесін тазартып, рухани байлығын арттыратын іс екенін алға тартты. Қала тұрғындарын табиғатты аяулауға шақырды.
Белсенділердің айтуынша, мұндай акциялар елорда тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және табиғатқа деген жауапкершілікті арттыруға үлкен серпін береді. Бүгінгі сенбілік — қаланың келбетін көркейтіп қана қоймай, қоғам мен шығармашылық ортаның бірлігі мен табиғатқа деген сүйіспеншілігінің айқын көрінісі болды.