
Астана қаласы әкімдігінің «Мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған “Елорда” спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Азамат Тағаев Конституцияға енгізілетін өзгерістерге қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Оның айтуынша, спорт – тәртіптің, мінездің және жеңіске деген еріктің мектебі. Ал Конституцияға енгізілетін өзгерістер жастар үшін тең мүмкіндік пен әділ орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
«Әділетті заң бар жерде адал бәсеке, таза жеңіс және мықты спортшылар өседі. Біз дені сау ұлт, рухы биік ел болу жолын таңдаймыз. Спорттағыдай, мемлекетте де барлық үдеріс әділ ережелер арқылы жүзеге асуы тиіс», – деді ол.
Мүгедектігі бар азаматтармен тығыз жұмыс істей отырып, Азамат Тағаев қоғамда тең көзқарас қалыптасып, инклюзивті әрі әділетті мемлекеттің болашағына сенім білдірді.
Ол күшті жастар – инклюзивті Қазақстанның негізі екенін атап өтіп, аталған өзгерістер елдің бірлігі мен дамуына оң әсер ететініне сенетінін жеткізді.



