«Инклюзивті білім беру: ортақ тәжірибе, ашық көзқарас, жаңа мүмкіндіктер»

Астанадағы №32 мектеп-гимназияда «Инклюзивті білім беру: ортақ тәжірибе, ашық көзқарас, жаңа мүмкіндіктер» атты республикалық практикалық конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Конференцияға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы, тәжірибелі мұғалімдер, жоғары оқу орындарының ғалымдары, әдіскерлер қатысуда.
Іс-шараны Астана қаласының Білім басқармасы, қалалық әкімдікке қарасты «Әдістемелік орталық» және №32 мектеп-гимназия ұйымдастырды.
«Конференцияның мақсаты – инклюзивті оқыту саласындағы педагогтердің кәсіби тәжірибесін кеңінен тарату, пәнаралық өзара іс-қимылды дамыту және «шекарасыз мектеп» қағидаты аясында барлық балаға тең мүмкіндік жасайтын орта құру», – деді Астана Білім басқармасының бас маманы Гүлшат Исинова.
Конференция өтіп жатқан мектеп-гимназиясының директоры Гүлшат Байтастың айтуынша, 2025 жылы білім ордасына «Samruk-Kazyna» қоры тарту еткен екі инклюзия кабинеті ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмысты едәуір жандандыра түскен. Мектепте дефектологтар, логопедтер, психологтар табысты еңбек етіп, тәжірибесі елорданың басқа білім беру мекемелеріне де таралуда.
Конференцияға қатысушылар мектеп-гимназиядағы инклюзивті жұмыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, көрме мен диалогтық алаңдарға белсенді қатысып, сарапшылардың баяндамаларын қызығушылықпен тыңдады.
Конференцияның панельдік сессиясы төрт бағыттан тұрады.
«Инклюзивті білім беру: стратегиялар мен әдіснамалық бағдарлар» секциясы инклюзивті білім беруді басқару, дамыту және жетілдіру мәселелері бойынша әдіснамалық, стратегиялық, ғылыми-практикалық шешімдер ұсынуға бағытталған.
«Инклюзия мәдениеті: эмоциялар, құндылықтар және шабыт арқылы адамгершілікке бастар жол». Бұл бағыт инклюзияны өмірлік және тұлғалық тәжірибе тұрғысынан қарастырып, кәсіби философияның рухани-адамгершілік қырларын және құндылықтарын ашуға арналған.
«Инклюзивті тәжірибе: шеберлік, әдістер және цифрлық тәсілдер». Мұнда инклюзивті білім берудің нақты тәжірибесі көрсетіліп, тиімді әдістер, құралдар мен технологиялар ұсынылады, педагогикалық инновациялар мен командалық жұмыс дамытылады.
«Зерттеу және рефлексия: инклюзивті білім берудегі тиімді тәжірибе үлгілері». Бұл секцияда инклюзивті білім беру саласындағы нақты зерттеу нәтижелері, диагностика, мониторинг немесе педагогикалық эксперимент ұсынылады.
ақсат – деректерге негізделген шешімдерді көрсету және дәлелді тәсілдерді таныстыру.



