«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Инфрақұрылым игілігі

0 758

 Астана халқының саны жыл санап өсіп келеді. Соңғы 10 жылда елорда тұрғындарының саны 400 мың адамға ұлғайған. Мұндай өсім бас қала тұрғындарының барлық маңызды салалардағы мәселелерін рет-ретімен, ұзаққа созбай шешуді талап етеді. Сол мәселелердің бірі – қала инфрақұрылымын дамыту болып табылады. Бұл туралы қала әкімі Әсет Исекешевтің тұрғындарға есеп беруі кезінде жан-жақты айтылды. 

«iKomek» көмекке келеді

Әр қаланың тұрғыны ауасы таза, инфрақұрылымы дамыған жайлы мекенде өмір сүруді армандайды. Мұндай орта қалыптасуы үшін әуелі инженерлік және коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басты рөл атқаратыны сөзсіз. Астананы мысалға алайық. Бүгінгі таңда қала басшылығы бұл маңызды мәселені екі бағытқа бөліп, оң шешудің жолдарын қарастыруда. «Бұл мәселелерді шешуді біз жедел және жүйелі деген екі бағытқа бөлдік. Жедел түрде шешетін мәселелерге келгенде «iKomek» қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы маңызды рөл атқарады» деп түсіндірді Әсет Исекешев халыққа есеп беруі кезінде.
Қала басшысының айтуынша, «iKomek» дегеніміз – бұл халықпен кері байланыс жа­сау­дың және тұрғындардың қажеттілігіне құзырлы қызметтер жедел үн қататын ортақ жүйесі.

Бұл жүйе 109 стационарлық телефоны, Facebook-тегі топтар мен Telegram-дағы чат-боттарды; әлеуметтік желілерге, электрондық поштаға, Smart Astana мобильдік қосымшасына мониторинг жүргізу сияқты коммуникациялардың барлық түрлерін қамтиды.

Қарапайым тілмен айтсақ, «i-Komek» – бұл бас­ты артықшылығы қала тұрғындарының мәселелерінің 90 па­йызын қашықтықтан шешуге мүмкіндігі бар, әмбебап көмекші. Осы мақсатта 164 штат­­тан тыс жағдайларға арналған арнайы жедел регламент дайындалып, бекітілген. Атап айтарлығы, қазірдің өзінде күн сайын қала қызметтеріне жүгінетін азаматтардың саны 5-6 мыңнан 600-1000 адамға дейін қысқарған.

Жылу. Жол. Тұрмыс.

Қала басшылығы тас жолдар мен жылу желілерін салу сияқты тұрмыстық жүйелі, ауқымды мәселелерді терең зерттеп, соның негізінде қалалық бағдарламаларды өзгерту жолымен шешіп келеді. Осы жұмыстарды талдау нәтижесінде бірнеше басымдық беретін бағыттар анықталып отыр. Атап айтсақ, қала орталығындағы қоғамдық көлік пен жол желілерін дамыту, экология, қауіпсіздік, білім беру, денсаулық сақтау.
Астаналықтарға есеп беру кездесуінде Әсет Исекешев осыған қатысты бірнеше мысалдар келтірді. Жүйелі шешімін тапқан мәселенің бірі – Алматы ауданындағы №736 мектепке Шәмші Қалдаяқов көшесі жағынан бір бағыттық жол салынып, №4 автобус бағытының іске қосылуы. Бұл көптен бері тұрғындар тарапынан айтылып келе жатқан шетін мәселе болатын. Алматы ауданындағы орамаралық жолдарға асфальт төселді. Тас жолдар 60 үйді қамтиды, сондай-ақ, 291 жаңа орын қайта жөнделді. Өндіріс және Теміржол тұрғын үй аудандарында бір ауысымда 35 адамды қабылдайтын екі отбасылық-дәрігерлік амбулатория жөндеуден өтіп, іші кеңейтілді.
Адамдардың алаңсыз, бақуатты өмір сүруінің маңызды факторының бірі – негізгі коммуналдық қызметтермен (жылу, жарық, су) үздіксіз қамтамасыз ету. Өйткені Астана әлемдегі ең суық елордалар үштігіне кіреді.


Ауа райы қалада қыстыгүні суық болғандықтан, жылу же­лілерін салу кезек күттірмейтін мәселенің бірі болып табылады. Мысалы, өткен жылы Сарыарқа ауданында 10 үй ор­­талықтандырылған жылу жү­йесіне қосылды. Бұған дейін автономдық қазандықпен жылу беріліп келген үйлерге енді «Астана-энергия» АҚ-ы қызмет көрсетеді. Осы жұмыстың нә­ти­жесінде жылуға жұмсалатын шығындар жалпықалалық тариф 2660 теңге/гкал-ге дейін азайды. Ағымдағы жылу беру маусымында Есіл ауданындағы 18 үй (1672 пәтер, 5 мыңға жуық тұрғындар) орталықтандырыл­ған жылу жүйесіне қосылды. Солардың ішінде орталықтандырылған жылу жүйесіне жал­ғануы бірнеше жылдарға со­зылған «Саранда» тұрғын үй ке­шені де бар. Қала басшылығы сарандалықтар зарығып күткен мәселені жүйелі түрде шеш­­ті. Есіл ауданындағы көптен бері зерттелген мәселенің бірі – «Жағалау» ықшам ауданы тұрғындарының жол қатынасына қатысты өтініші болатын. Қала шетіндегі ықшам ауданның тұрғындары енді жол азабын тартпайды. Себебі олардың өтініші орындалып, «Жағалау» ықшам ауданында екі аялдама павильоны салынды және №7 автобус бағдары іске қосылды.

Оңтайлы орталық

Нұрсұлтан Назарбаев әуежайы аумағындағы «Пригородный» тұрғын үй алабы қаладан жырақта орналасқан. Бұл жерде мәдени-сауықтыру іс-шаралары өтетін ғимараттың жоқтығы тұрғындардың жанынан батып жүрген еді. Биыл қала билігі осы жерде мәдени-сауықтыру орталығын ашуды жоспарлап отыр. Бұл жоба «Қазаэронавигация» РМК-ның демеушілік қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Аталған орталықта пошта бөлімшесі, полиция бекеті, үлкендер дем­алатын бөлме, балалардың аула клубы, жастарға арналған сауықтыру кешені ашылады. Мұндай қадам билік пен халықтың арасындағы өзара диалог пен конструктивті ынтымақтастықты орнатуға септігін тигізері сөзсіз. Бұл іс-шаралардан бөлек қала инфра­құрылымын дамыту бағытында қыруар жұмыстар жасалуда және ол алдағы уақытта жалғаса береді.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды