Ел тынысы

Ихсан ілімін қоғамдық деңгейде дәріптеуіміз керек

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти

Құрметті Наурызбай қажы Тағанұлы, биыл өзіңіз басқаратын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 35 жыл толды. Өткенге көз жүгіртсек, мүфтият құрылған алғашқы жылдар «қалыптасу кезеңі» болған екен. Қазір ҚМДБ «даму кезеңіне» қадам басты ма? Бұған дейін діни салада атқарылған жұмыстарға қандай баға берген болар едіңіз?

– Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын! Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осыдан тура 35 жыл бұрын 1943 жылы Орта Азия және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан бөлініп, 1990 жылы дербес Діни басқарма болып құрылды. Содан бері Қазақстан мұсылмандарының қарашаңырағы – мүфтият еліміздің рухани дамуына, халқымыздың игілігі мен бірлігіне сүбелі үлес қосып келеді.

Дін еркіндігін Қазақстан мұсылмандарының І құрылтайында мүфти болып сайланған Рәтбек қажы Нысанбайұлы хазірет жариялаған еді. Ұстазымыз мұсылман мемлекеттерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, ынтымақтастықты арттыра түсті. Бірнеше мешіт салдыруға мұрындық болды. Халықтың діни сауатын ашуға маңыз беріп, бойындағы бар күш-қайратын шәкірт тәрбиелеуге арнады.

Рәтбек хазіреттен кейін Бас мүфтилікке сайланған белгілі ғалым, марқұм Әбсаттар қажы Дербісәлі хазірет дін саласында ақсап тұрған құжат мәселесін ретке келтіріп, ҚМДБ-ның жұмысын жолға қоюда үлкен еңбек сіңірді. Еліміздің 9 аймағынан 9 медресе, 1 қарилар даярлайтын орталық ашылып, халықты діни сауаттандыру жұмыстары жаңа қарқынмен дами түсті. Осы жылдары имамдардың діни біліміне көбірек мән берілді. Бірнеше медресе ашылып, жоғары білімді діни кадрлар даярлайтын «Нұр Мүбәрак» университеті өз жұмысын бастады. Дін қызметкерлері мен халықты ағарту бағытындағы іс-шаралар мен игі жобалар жүзеге асты.

Ержан қажы Малғажыұлы хазірет Бас мүфтилікке сайланған соң дін қызметкерінің ұстаздық тұлғасын қалыптастыруға күш салды. Шетелдік діни оқу орындарымен байланыс аясы кеңейіп, білім іздеген жастардың қатары көбейді. Діни басқарма жанынан Республикалық ақпараттық-насихат тобы (РАНТ) құрылды. Топ мүшелері еліміз бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, халықтың діни сауалдарына жауап берді. Қоғамда дін мен дәстүр сабақтастығы кеңінен дәріптелді.

Ержан қажы Малғажыұлы хазіреттің бастамасымен жүзеге асқан жемісті жобалардың бірі ретінде 2013 жылдың 25 желтоқсанында құрылған Ғұламалар кеңесін атап өткен жөн. Кеңестің негізгі мақсаты – Ислам негіздері бойынша қоғамда мұсылмандық ұстанымға қатысты туындаған көкейкесті мәселелерді талқылап, дер кезінде шешім шығару, пәтуа қабылдау, діни мәселеде ҚМДБ көзқарасын білдіретін құжат дайындау.

2017 жылы Бас мүфти лауазымына сайланған Серікбай қажы Ораз хазірет халықаралық әрі республикалық деңгейде ағартушылық бағыттағы жобаларды жүзеге асырды. Жаназа рәсімдерін бірізділікке түсіру мақсатында «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабы шығарылып, арнайы ереже бекітілді.

Алланың қалауымен 2020 жылдың 7 ақпанында Құрылтай делегаттарының қолдауымен Бас мүфти лауазымына сайландым. Игі істерімізді жүйелі түрде әрі ғылыми бағытта жүзеге асыру үшін Алматы қаласынан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институтын аштық. Институт ұжымы ғасырлар қойнауынан жеткен рухани-діни көне қолжазбалар мен ескі кітаптарды зерттеп-зерделеу, оларға ғылыми сараптама жасап, ғылыми айналымға енгізу жұмыстарына кірісіп кетті.

Өзіңіз жақсы білесіз, Президентіміз Үкімет мүшелерімен өткен басқосуда: «Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі Исламды дәріптеу аса маңызды. Оның ғылыми-теориялық негізін дамыту қажет…» деген болатын. Осы бағытта бірқатар жобаларды жүзеге асырдық.

Ғылыми саладағы жұмыстарымыздың бірі де бірегейі – көптен бері қолға алған игі жобамыз – «Ислам энциклопедиясын» шығару болатын. Аталған жобаға 50-ге жуық ғалым үлес қосты. Бұдан бөлек «Дін мен дәстүр ІІІ» кітабын, «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» еңбегін жазып, оны жастар арасында кеңінен дәріптеу ісін қолға алдық.

Ақпарат саласының маңызын ескеріп, ҚМДБ жанынан арнайы медиа орталық, «Мұнара» телеарнасын аштық. Цифрлық даму, Діни оңалту, Стратегиялық даму және талдау бөлімдерін ашып, жұмысын жүйеледік. Осы және басқа да бағытта атқарылған жұмыстарға шолу жасай келе, бүгінде мүфтият діни салада «даму кезеңіне» қадам басты деп нақты айта аламыз.

– Бүгінде Діни басқарма өзіңіздің бастамаңызбен ихсан ілімін қоғамға кеңінен дәріптеуде. Бұл қандай ілім және оның қазіргі мұсылман жамағатының, жалпы халқымыздың рухани дамуына қалай әсер етуде?

– Рухани тәрбиенің биік деңгейі – ихсан ұғымы. «Ихсан» сөзі араб тілінен аударғанда «жақсылық жасау», «кемелдік», «әдемі орындау» деген мағыналарды білдіреді. Бұл – адам мен Алланың арасындағы көркем байланыс, адамның Раббысын көріп тұрғандай құлшылық етуі.

Ихсан – жеке адамды рухани тұрғыдан тәрбиелеуде айрықша маңызға ие ілім. Өйткені ол жүректің, сананың, ниеттің тазалығын көздейді. Адам барлық іс-әрекетінде Алланың бақылауында екенін сезінсе, оның сөзі де, амалы да, ниеті де көркем болады. Яғни, ихсан – адамның ішкі жан дүниесін, рухын тәрбиелеудің биік сатысы. Ихсан – тек діни түсінік емес, бұл – өмірлік қағида.

Шын мәнінде, қазіргі қоғамда ихсанға негізделген тәрбиенің негізгі мақсаты – жастарды жаман әдеттерден сақтап, жауапкершілік пен имандылыққа баулу. Сондықтан әрбір адам, әрбір отбасы, оқу орындары мен тұтас қоғам ихсан ілімін ұлықтап, рухани тәрбиенің өзегіне айналдыруы тиіс деп санаймыз. Мектептерде, оқу орындарында өтетін тәрбие сағаттарында ихсін ілімін үйретуді қолға алсақ ұтылмайтынымыз анық.

Себебі қазіргі заманда, өкінішке қарай, адамдардың көбісі материалдық жетістіктерге ұмтылып, ішкі рухани байлықты екінші орынға қойып жатады. Мұның салдарынан қоғамда күйзеліс, сенімсіздік, қатыгездік, немқұрайлылық секілді жағымсыз құбылыстар белең алып отыр. Осының бәрі рухани тәрбиенің әлсіреуінен туындайды.

Ихсан рухы ең алдымен отбасында қалыптасады. Ата-ана баласына тек білім беріп қана қоймай, жүрек тәрбиесін де үйретуі қажет. Яғни, тек қана дұрысты үйретуге емес, соны шынайы ықыласпен, шын жүректен орындауға назар аударған абзал. Мысалы, балаға жақсылықты үйреткен ата-ана оған сол ізгі істі шын көңілден, бар ықыласын салып орындаудың маңызын түсіндіруі керек.

Қасиетті кітабымыз Құранда Алла Тағала: «Кімде кім жақсылық жасаса, өз пайдасына, сондай-ақ кімде кім жамандық жасаса өз зиянына. Ақыр соңында бәрің де Раббыларыңның құзырына қайтарыласыңдар (сөйтіп, істеген жақсы-жаман істеріңнің қарымын толық аласыңдар)» («Жасия» сүресі, 15-аят) деген. Ал ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, Алла Тағала қандай амал жасасаңдар да, оны көркем түрде (ихсанмен) жасауларыңды жақсы көреді» деп өсиет еткен. Бұл аят пен хадис баршамызды жақсы амалды ихсан дәрежесінде орындауға ерекше күш береді деп санаймын.

Ихсан – қоғамның дамуына әсер ететін рухани күш. Ихсанмен тәрбиеленген адам әділетті, саудада адал, жауапкершілігі жоғары, жұмысын беріле істейтін жанашыр жан, шыншыл әрі сабырлы болады. Мұндай тұлғалар қоғам ішінде өзара сенімді, өзара құрмет пен татулықты қалыптастырады. Қызметте адал, саудада әділ, отбасында мейірімді болу – ихсан тәрбиесінің жемісі.

Қазақ халқы ежелден ихсанды жоғары қойған. «Жақсылыққа – жақсылық әр адамның ісі, жамандыққа – жақсылық ер адамның ісі» деген сөздің өзінде ихсанның рухы бар. Ата-бабаларымыз ихсанды амалмен емес, өмір салтымен көрсете білді. Сондықтан біз де бұл ілімді барынша дәріптеп, ихсан ілімін амалға асыруға барымызды салуымыз керек.

– Имамдардың білімі мен олардың әлеуметтік мәселесі өзектілігін жоймай келеді. Бұл мәселені шешуде мүфтият қандай қадамдар жасады?

– Имамдардың білімі мен біліктілігін көтеру, олардың әлеуметтік мәселесін жақсарту – менің әрдайым назарымда. Имамдардың білімін анықтау және оқыту курстарын ұйымдастыру мақсатында екі жыл қатарынан еліміз бойынша дін қызметкерлерін аттестаттаудан өткіздік. Білімді анықтау мен біліктілікті арттыруға бағытталған аттестаттау іс-шарасына 4 мыңнан астам дін қызметкері қатысты. Имам-молдаларға тұрақты түрде білім курстары мен арнайы дәрістер ұйымдастырылып келеді. Имамдар мен ұстаздарға рухани тұрғыдан қолдау көрсетумен қатар, оларға мүфтият тарапынан материалдық көмек берілуде. Нақты айтқанда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы есебінен 792 дін қызметкері тұрақты жалақы алуда. Алла қаласа бұл көрсеткішті алдағы уақытта ұлғайтуды жоспарлап отырмыз.

Имамдарға терең білім беру мақсатында Астана қаласынан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты Хусамуддин әс-Сығанақи атындағы Ислам институтын аштық. Алла жазса, жуырда осы институттың алғашқы түлектеріне арнайы куәлік табыстаймыз. Сонымен қатар жас қариларды жігерлендіру мақсатында институт жанынан «Ижаза» беру орталығын аштық. Бүгінде Алатаудың баурайындағы әсем Алматы қаласында да Хусамуддин әс-Сығанақи атындағы ислам институтының филиалы жұмыс істейді. Аллаға шүкір, екі жылда 57 қариымыз ижаза куәлігін алды.

– Діни салаға қатысты өзекті мәселенің бірі – жастарымыздың деструктивті ағымдардың идеологиясына алданып қалуы. Жалпы жат ағымды ұстанушыларды қалай анықтауға болады? Оларға қатысты қандай жұмыстар атқарылуда?

– Расында бұл – өте нәзік мәселе. Шын мәнінде қазақ даласына ислам діні келгеннен бері, ата-бабаларымыз осы дінді хақ деп танып, негізгі сенімі ретінде қабылдады. Ғасырлар бойы қазақ халқы өзінің болмысын жоғалтпай, дін мен дәстүрді ұштастырып өмір кешіп келеді.  Алайда, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі дініміз бен сенімімізді соңғы уақытта бұрмалап, ел тыныштығын бұзып, қоғамда алауыздық тудырып жүрген топтар бар. Діни басқарма жанындағы Діни оңалту бөлімі мұндай бағыттағы топтардың мақсаты мен оларды қалай анықтауға болатыны жайлы кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр. Сайттарымыз бен төл басылымдарымызға арнайы мақалалар топтамасы жарық көрді. Оқып, танысуға болады.

Жат діни идеологияға негізделген радикалды топтар мықты мемлекеттердің өзін тоқыратып, тұрақты дамуына кері әсер етіп, қоғамда алауыздық тудыра алатын қауіпті құбылыс екенін ұмытпауымыз керек. Фанатизмге бой алдырған адам, жанкештілік пен бірбеткейлікке салынып, ақиқат екеніне қарамастан ешкімнің көзқарасына құлақ салмай, соқыр сенімнің жетегінде кетеді. Әсіресе бұл үдеріс өскелең ұрпаққа, жастарға аса қауіпті. Кез-келген қоғамның болашағы жастар дейтін болсақ, жастардың діни сеніміндегі ерекшеліктер өте маңызды саналады.

Оның үстіне көптеген діни ұйымдар өздерінің қызметтерін алдымен жастарға бағыттайды. Себебі, жастарда коммуникативтілік, ізденімпаздық, күш-қайрат басым. Сондықтан да қазіргі кезде жастардың санасына кім ықпал етсе болашақта қоғамға сол ықпал етеді. Қазіргідей ғаламтор заманында азаматтардың, әсіресе жастардың жат діни ұйымдардың қармағына жиі ілігуі байқалады.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жақсы жолдас пен жаман жолдас мысалы, қолында иіс суы бар  адам мен көрік үрлеуші адам сияқты. Иіс суы бар адам саған оны сыйлайды немесе одан сатып аласың немесе оның қош иісін сезесің. Ал  көрік үрлеуші (ұста) сенің киіміңді күйдіруі мүмкін немесе одан жағымсыз иіс сезесің» деген. Бұл қазіргідей қарым-қатынас дамыған заманда жастардың әртүрлі орталарға араласуы, түрлі адамдармен байланыста болып соңында адасушылыққа ұрынуына жақсы бір мысал бола алады.

Жaлғaн дiни ұйымдaрдың уaғыздaры мeн ic-әрeкeттерін саралағанда мынадай ой түйеміз: олaр aзaмaттaрға әлeумeттiк қолдaу көрсетіп, дiни топтaрдың әрeкeтiн бacқaлaрғa қaрcы пайдаланады. Өздeрiнiң ceнiмдeрiн тaңып, aдaмдaрдың дүниeтaнымы мeн көзқaрacын өзгeртугe мәжбүрлeйдi, үрeй мeн қорқыныш әдicтерімен қатар физикaлық әдicтeрді де шебер қолданады. Сондай-ақ, Қaзaқcтaн мeмлeкeтi мен оның инcтитуттaрын дiн жолында күрeceтiн қарсылас жaу ретінде cипaттап, дiнгe ceнушiлeрдi мaқcaтқa жeту жолында «рухaни жaуынгeр» болуғa шaқырaды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы алғаш құрылған сәтінен бастап түрлі деструктивті ағымдарға қарсы келелі жұмыс істеп келеді. Алдымызға қойылған негізгі мақсат – деструктивті ағым идеологиясына тойтарыс беру және түзу жолдан тайған бауырларымызды дәстүрлі дін түсінігіне қайтару. Аллаға шүкір имам-ұстаздарымыз бұл бағытта жігерлі де нәтижелі жұмыстар атқаруда. Нақты атап өтетін болсақ, өткен жылы 10 864  ықпал ету акциялар өткізіләп, 4 101 адам қамтылды. Сондай-ақ дін қызметкерлері 323 адамның дәстүрлі ислам түсінігіне оралуына себепкер болып, 859 Қазақстан қоғам құндылықтарына бейімделді.

Адасушылыққа кетпеудің, діни-рухани бөлшектенбеудің  жолы – дәстүрлі ұстанымдарымызды насихаттау. Дәстүрлі Исламның орнығуына халықтың Әбу Ханифа мәзһабын ұстануы әсер етті. Өйткені Әбу Ханифа мәзһабының ұстанымы қоғам, дін мәселелерін шешуде Құран мен сүннетке қоса әрбір халықтың әдет-ғұрпына, салт-дәстүріне құрметпен қарайды. Мазһабтың осы ерекшелігі Исламды қазақ халқы дүниетанымымен, мәдениетімен тұтастырды.

Осы тарихи басымдылықты заң шығарушы мекемелер ескеріп, Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының кіріспесінде «ханафи бағытындағы исламның тарихи рөлі танылатыны» жазылды. Алдағы уақытта да осы асыл жолымызды сақтап қалу – ортақ міндетіміз екендігін ұмытпаумыз қажет. Ақ пен қараны, дұрыс пен бұрысты сыни тұрғыдан саралай алатын саналы ұрпақ қалыптастыру, дәстүрлі дінімізді сан ғасырлық салтымызбен сабақтастыра отырып ұрпақ санасына сіңіруден басталса болашақта радикализм мен экстремизмнің ауылы алыстамақ.

– Дін ұстанған қазіргі мұсылманға қандай қасиеттер қажет деп санайсыз?

– Біз қазіргі замандағы сын-қатерлерге жауап бере алатын, білімді, сабырлы, әділетті, парасатты мұсылман болуымыз керек. Тарихын ұмытпаған, салт-дәстүрін ұстанған, бірлігін танытқан, отбасын түрлі қатерден сақтай білген мұсылмандық қасиеттер баршамызға қажет деп санаймын. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бүгінгі замандағы мұсылман келбетін қалыптастыру мақсатында діни саладағы атаулы жылдарды жариялап келеді. Атап айтар болсақ, 2022 жылды – «Ислам – ынтымақ пен бірлік», 2023 жылды – «Ислам және ізгі қоғам», 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жариялап, осы жыл аясында мүфтияттың жұмысын жетілдіруге бағытталған жұмыстар атқарылды.

Ал биылғы 2025 жылды «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жарияладық. Атаулы жыл аясында отбасы құндылығын дамытуға басымдық берілуде. Жақында ғана Шымкент қаласында «Ақ бата» республикалық сайысын өткіздік. Еліміздің бірқатар қалаларында Отбасы институтын дамытуға бағытталған конференциялар ұйымдастырдық.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы елдегі мұсылман қауымының қарашаңырағы һәм мұсылмандарды біріктіруші басты діни мекеме ретінде қоғамдағы бейбітшілікті сақтап, дінаралық және ұлтаралық келісім орнатуға үлкен үлес қосуда. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Елдің бірлігі мен ынтымағын сақтау – негізгі міндетіміздің бірі. Бұл баршамыз жұмылып атқаратын жұмыс болуы керек. Осы істе Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы айрықша рөл атқарады. Мүфтият қоғамдағы тұрақтылық пен татулықты нығайтуға зор үлес қосып келеді», – деп, мүфтияттың бұл бағыттағы жұмысына жоғары баға берген болатын.

Расында мүфтият жалпыұлттық татулықты нығайту мақсатында ел ішінде діни төзімділік пен өзара сыйластықты дәріптеуде. Өйткені біздің дініміз – бірлік діні. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресінің 103-аятында: «Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да, бөлінбеңдер», – деп, мүминдерге бірлікте болуды бұйырып, бөлінуден тыйған болатын. Сонымен қатар Құрбан айт, Ораза айт сынды мерекелеріміз де бейбітшілік пен бірліктің үлгісінде өткізілуде.

Аллаға шүкір, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі рухани тұтастықты, ұлтаралық келісімді, бейбіт өмір мен толеранттылықты насихаттайтын маңызды діни институтқа айналды. Мүфтияттың жұмысы бүгінде тек діни қызметпен шектелмей, қоғамның рухани дамуына және ұлтаралық татулыққа да қызмет етуде. Сол үшін де Президентіміз Діни басқарманың бейбітшілік пен рухани келісімді сақтаудағы рөлін үнемі атап өтеді.

Сондай-ақ мүфтият халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі Исламды дәріптеуге, оның ғылыми-теориялық негізін дамыту мәселесіне мән беруде. Сонымен қатар дәстүрлі дінімізді, ата-бабамыз сан ғасырдан бері ұстанып келген діни жолымызды, төл мәзһабымызды, ұлттық құндылықтарымыз бен қазақы болмысымызды насихаттауға да баса назар аударылып жүр.

Ислам діні тарихи негізін сақтай отырып, қазіргі қоғаммен қабысып, үндесіп келеді. Қазақ халқы Исламның негізгі тіректері саналатын имандылық, әділет, ақыл мен парасатты жоғары бағалайды. Ислам діні бүгінде діни сенім ғана емес, тарихи мұра һәм рухани мәдениеттің негізіне айналды. Ендігі біздің мақсат – тарихты ұмытпай, қазіргі замандағы сын-қатерлерге жауап бере алатын, білімді, сабырлы және парасатты мұсылман болу. Алла баршамызға соны нәсіп етсін!

– Салиқалы сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан

Жүсіп САҒЫН

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button