Идеялар байқауының жеңімпаздары марапатталды

Елорда Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы» мен қалалық «Esirtkisiz Elorda» жобасы және «Заң және тәртіп» акциясы аясында, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен бірлесе отырып, жылдың маңызды жастар бастамаларының бірі – «Esirtkisiz Elorda:Тәуелділіксіз болашақ идеясы» атты оқушылары мен студенттері арасындағы идеялар байқауының финалы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Байқауға қала мектептерінің оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері қатысып, жастарды зиянды әдеттерден қорғау, есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыру бойынша өздерінің инновациялық жобалары мен ұсыныстарын таныстырды.
Нәтижесінде №84 мектеп-лицейінің оқушысы Әділхан Темірханов, Қазақстан халықаралық лингвистикалық колледжінің студенті Жасмин Касенова және Есіл университетінің студенті Виктория Выходцеваның қорғаған тақырыптары үздік деп танылып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтармен алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Ал жарыс ұйымдастырушы Астана жастары жастар ресурстық орталығының Медиа және PR бөлімінің басшысы Анара Өміртайқызы жеңімпаздарды құттықтап, аталған жоба жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға, тәуелділіктің алдын алу туралы ақпараттандыру деңгейін көтеруге және елордада әлеуметтік маңызы бар бастамаларды жүзеге асыруға жағдай жасауға бағытталғанын атап өтті.
«Esirtkisiz Elorda жобасы – жастарды дұрыс таңдау жасауға, өз ортасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған өте маңызды бастама. Бүгінгі байқауға қатысқан әрбір жас өзінің қоғам алдындағы жауапкершілігін сезініп, маңызды әлеуметтік мәселенің шешіміне үлес қоса алатынын көрсетті. Мұндай жобалар жастарды ынталандырып қана қоймай, олардың креативті ойлауын, белсенді азаматтық позициясын дамытуға үлкен серпін береді», деді Анара Өміртайқызы.



