«Халықтық» атақты иеленді

Елордада көркемөнерпаздар ұжымдарына «Халықтық» атағын тапсыру салтанаты өтті. Іс-шараға Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Жаңабай Мейірманқұлов, қалалық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Мұрат Іргебаев, елорданың Алматы ауданы Ардагерлер кеңесінің басшысы Марат Мұстафин қатысып, игі тілегін жеткізді.
Аталмыш атақ Мәдениет және ақпарат министрлігінің бұйрығымен тиісті комиссия отырысының шешімі негізінде берілді. Комиссия құрамына аталған министрлік өкілдері, қалалық Мәдениет басқармасына қарасты мекеме басшылары, сондай-ақ мәдениет және өнер саласының қайраткерлері енді.
«Халықтық» атағын 5 өнер ұжымы иеленді. Атап айтқанда, «Шаңырақ» театры, «Әдемі» ардагерлер ансамблі, «Әжелер-Шаңырақ» фольклорлық ән-би ансамблі, «Қыздар-ай» хореографиялық ансамблі және «Радуга» орыс әндері ансамблі алды.
Тарихы 15 жылға жуықтаған «Шаңырақ» студенттік театры Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан 2011 жылы құрылды. Өнер ұжымы репертуарында Қ.Жүнісовтің «Ғашықтар хикаясы» комедиясы, Қ.Қасымовтың «Тамаша айым тамызым» монодрамасы, Ә.Оразбековтың «Бір түп алма ағашы» психологиялық драмасы, Жолтай Әлмаштың «Мұңмен алысқан адам», сондай-ақ «Махаббат қызық мол жылдар», «Желсіз түнде жарық ай», «Ғасыр дерті» т.б. қойылымдар бар. Театр мүшелері аймақтық және республикалық «Оралхан Бөкей», «І.Жансүгіров», «Абай», «Мұқағали», «Махамбет» атындағы көркемсөз оқуларының жеңімпаздары.
«Әдемі» ардагерлер ансамблі Астана қаласы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының Алматы аудандық филиалының жанынан ашылып, осы күндерге дейін біраз жетістіктерге жетті. Ұжым таяуда ғана Түркістан қаласынан төрт жүлдемен оралды. «Әжелер-Шаңырақ» фольклорлық ән-би ансамблі 2009 жылдан бері өнерде келе жатыр. «Қыздар-ай» хореографиялық ансамблі Астана қаласы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының Нұра аудандық филиалы жанында жұмыс істейді. Ал «Радуга» орыс әндері ансамблінің тарихы 2017 жылдан басталады. Көркемөнерпаздар ұжымдарын құттықтаймыз!
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



