«Халықтың сүйіктісі» марапатталды

Елордада «Халықтың сүйіктісі» ұлттық сыйлығының биылғы лауреаттарын марапаттау салтанаты өтті. Іс-шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысып, «Жылдың мәдени жобасы» аталымында топ жарған «Жошы хан. Ұлы ұлыстың билеушісі» деректі-көркем тарихи фильмінің шығармашылық құрамына жүлде тапсырды.
Аталмыш сыйлық авторы әрі бас ұйымдастырушысы Ғалым Байтуктың айтуынша, биыл бұл сыйлық 15-рет иелерін тапты. Дауыс беру екі кезеңмен өтті. Алғашқысы Facebook желісінде, қорытындысы сыйлықтың ресми сайты арқылы жүргізілді. Осы жылы екі жаңа аталым – «Жылдың жастар көшбасшысы» мен «Жылдың медиа-тұлғасы» қосылды. Қоғамдық сенімді басты құндылыққа айналдырған бұл сыйлық жыл сайын ел өміріне елеулі үлес қосқан азаматтарды анықтайды. Биыл да білім, медицина, ғылым, спорт, мәдениет пен қоғамдық қызмет салаларындағы үздіктер халықтың тікелей таңдауы арқылы анықталды. Атап айтқанда, «Жылдың үздік мұғалімі» – Болат Аманқұлов, «Жылдың үздік дәрігері» – Индира Сарыбаева, «Жылдың үздік спортшысы» – Наталья Богданова, «Жылдың үздік тележүргізушісі» – Сағыныш Әбікей, «Жыл ғалымы» – Күнсұлу Закарья мен Аралбай Нұғман, «Жыл қоғам қайраткері» – Динара Құдайқұлова, «Жыл парламентшісі» – Үнзила Шапақ, «Жылдың мәдени жобасы» – «Жошы хан. Ұлы ұлыстың билеушісі» фильмі мен «Ботай» мемориалы, «Жылдың медиа-тұлғасы» – Асхат Аймағамбетов, «Жыл параспортшысы – Қуаныш Асқарбеков, «Жылдың жастар көшбасшысы» – Сұлтанбек Бекешев, «Жыл фермері» – Александр Закусилов, «Өңірлік бизнес көшбасшысы» – Талғат Салфиков. Бұған қоса, «Алтын дәуір», «Табыс пен даму», «Жыл меценаты», «Жылдың әлеуметтік бизнесі», басқа да арнайы аталымдар бойынша үздіктер анықталды.



