Халықаралық университеттің алғашқы орталығы ашылды

Esil University-де Малайзияның жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Open University Malaysia-дың халықаралық орталығы Open University Malaysia International Center (OUMIC) өкілдігінің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шара аясында Меморандумға қол қою рәсімі және ресми ашылу салтанаты ұйымдастырылды. Оған Open University Malaysia Президенті және Вице-канцлері, профессор Dato’ Dr. Ahmad Izanee Bin Awang, Esil University ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Аяпберген Таубаев, Малайзияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Mohd Adli Abdullah, сондай-ақ екі университеттің жоғары басшылығы қатысты.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Малайзияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Mohd Adli Abdullah қол қойылған келісімнің екі тарап үшін де маңыздылығын атап өтті:
«Бүгінгі іс-шара – малайзиялық университеттің Қазақстанда алғаш рет халықаралық орталық ашуы. Бұл – білім беру саласындағы ынтымақтастығымыз үшін шын мәнінде жаңашыл қадам. Осы айтулы жетістікпен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Аталған орталық Қазақстанның Орталық Азиядағы білім беру хабы ретіндегі рөлін нығайтып, Малайзияның білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастығын кеңейтуге ықпал етеді деп сенемін».
Академиялық қызмет және зерттеулер жөніндегі вице-президент Emeritus Professor Datuk Dr. Mohd Tajudin Bin Md Ninggal өз сөзінде:
«Қазіргі таңда OUM әлем бойынша 13 университетпен серіктестік орнатқан. Open University Malaysia мен Esil University арасындағы жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастықтың Малайзия және Қазақстан халқы үшін зор әлеуетке ие екенін көріп отырмыз. Сонымен қатар, бірлескен кәсіби бағдарламалар мен қысқа мерзімді курстарды жүзеге асыру мүмкіндігін де қарастырудамыз», – деп атап өтті.
Esil University ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Аяпберген Таубаев атап өтті:
«Келісімшартқа қол қою және өкілдіктің ашылуы – ең алдымен студенттеріміз үшін стратегиялық маңызы бар қадам. Университет олардың сапалы халықаралық білім алуына, бірлескен ғылыми жобаларға қатысуына және кәсіби білім беру бағдарламаларына тартылуына жүйелі түрде жағдай жасап келеді», – деп атап өтті.
Ресми сөздерден кейін дәстүрлі лента қию рәсімі өтіп, қонақтар жаңа халықаралық орталықтың қызметімен және білім беру бағдарламаларының бағыттарымен танысты.
Ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде жобалар мен тәуекелдерді басқару, еңбек қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік, IT, жасанды интеллект, деректерді талдау, тілдік даярлық, бухгалтерлік есеп және мұнай-газ саласы айқындалды. Сонымен қатар орталық қызметі аясында Open University Malaysia-дың заманауи Learning Management System (LMS) электрондық оқыту жүйесін енгізу көзделген. Бұл педагогикалық инфрақұрылымды нығайтуға мүмкіндік береді.
Орталық 2026 жылдың наурыз айының басында толыққанды жұмысын бастайды деп күтілуде. Алғашқы бағдарламалар қатарында ағылшын тілі, IT, жасанды интеллект және араб тілі курстары болады.



