Халықаралық волонтерлер жылына байланысты Ұлттық комитет отырысы өтті

Халықаралық волонтерлер жылына дайындық аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық ұйымдастыру комитетінің екінші отырысы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Күн тәртібінде жыл тұжырымдамасына қатысты негізгі мәселелер қаралды. Құжатта волонтерлік қызметтің Тұрақты даму мақсаттарына қосатын үлесін көрсететін басым бағыттар мен мақсат-міндеттер айқындалған.
Тұжырымдамаға сәйкес, жылдың бірыңғай идеологиялық «Бірге – тұрақты болашақ үшін!» ұраны белгіленді. Онда волонтерлердің Тұрақты даму мақсаттарын іске асырудағы рөліне баса назар аударылады.
Сонымен қатар, отырыс барысында алдағы кезеңге арналған негізгі стратегиялық құжат – Ұлттық іс-шаралар жоспарын әзірлеу мәселесіне ерекше назар аударылды.
Жиынға БҰҰ Еріктілер бағдарламасының штаб-пәтерінен келген делегация қатысты. Бұл – халықаралық қолдаудың жоғарғы деңгейде екенін айғақтайды.
Сапар аясында БҰҰ Даму бағдарламасының өкілдерімен жеке кездесу өтті. Онда Қазақстан мен БҰҰ арасындағы волонтерлік бағыттағы әріптестікті кеңейту перспективалары талқыланды. Атап айтқанда, волонтерлік қызметтің әлеуметтік-экономикалық дамуын күшейтуге бағытталған Толық қаржыландыру бағдарламасын іске асыру мәселелері көтерілді.
Қазақстанның жаһандық әріптестермен белсенді диалогы еліміздің волонтерлікті дамыту арқылы тұрақты дамуға арналған жаһандық күн тәртібіне елеулі үлес қосуға дайын екенін көрсетеді.