Халықаралық теннис турнирі басталды

Кеше елордада теннистен «ITF Juniors J30 Astana» Халықаралық жасөспірімдер турнирі салтанатты түрде ашылды. «Дәулет» теннис орталығында басталған сайыс 5 шілдеге дейін жалғасады. Аталған турнир Қазақстан теннис федерациясы, ҚР Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен және Астана қаласы әкімдігіне қарасты «Дәулет» МКҚК ұйымдастыруымен өтуде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Халықаралық жасөспірімдер турының бір бөлігі болып табылатын турнирдің іріктеу кезеңі 28–29 маусым күндері өткен болатын. Ал жарысты негізгі кезеңі 30 маусым мен 5 шілде аралығын қамтиды.
18 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар бақ сынайтын байрақты бәсекеге қатысушылар қатарында Қазақстан спортшылары да бар. Еліміздің жас теннисшілер үшін бұл — халықаралық додада тәжірибе жинап, ITF жасөспірімдер рейтингінде ұпай жинауға үлкен мүмкіндік бермек. Бұған қоса спортшылардың кәсіби тенниске дайындық деңгейін арттыруға көмегі көп болары сөзсіз.
«Жалпы осы халықаралық турнирдің мақсаты – Қазақстандағы жасөспірімдер теннисін қолдау және дамыту болып табылады. Додаға жеті мемлекеттен, яғни Қазақстан, АҚШ, Қырғызстан, Өзбекстан және тағы да басқа елдерден жасөспірімдер құрамалары қатысуда. Финалдық матч 5 шілде, яғни сенбі күні өтеді деп жоспарлануда. Сонымен қатар, осы күні жеке санаттағы жеңімпаздар да анықталады» дейді «Дәулет» теннис орталығының жетекшісі Дина Темірғалиева.
Айта кету керек, «Дәулет» теннис орталығы – Астана қаласынан бөлек, жалпы еліміздегі жетекші спорттық нысандардың бірі. Мұнда жыл сайын 50-ден астам турнир өтеді. Орталықта 600-ден астам бала, соның ішінде инклюзивті топтағы балалар да жаттығып келеді.
Ержан ҚОЖАС
Фото Сұлтан СЕЙІТ